Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Талай баланың кіндік анасы атанып, есімін берген жан

Талай баланың кіндік анасы атанып, есімін берген жан

Ана мен бала денсаулығы – бүгінгі қоғамның басты байлығы. Ол әрбір аяғы ауыр әйелдің өмірге дені сау ұрпақты аман-есен әкелуі үшін 40 жылдан артық ғұмырын арнады. Еңбек еткен жылдары ішінде талай қиындық пен қызыққа толы күндерді бастан өткерді. Сонда өз кәсібін шексіз сүйіп, шын берілген еңбек адамы екендігін дәлелдей білді. Біз «Денсаулық сақтау саласының үздігі» акушер-гинеколог Гүлмайрам Нұрмағамбетованы бүгінгі мақалаға арқау етпекпіз.
Ол Арал қаласының тумасы. Бала кезден медицина саласының қыр-сырын меңгеруді арманына айналдырға ару мектеп бітірген соң 1980 жылы Қызылорда медициналық учелицесіне акушер бөліміне оқуға түседі. Еңбек жолы 1983 жылы Қызылорда облыстық ауруханасында ранимация бөлімінде бастайды. 1985 жылы Арал қаласына ауысып, жедел жәрдемде акушер бөлімінде жұмыс істейді.
– 1993 жылдан бастап әйелдерге кеңес беру ісі бойынша еңбек етіп келемін. 2022 жылы ауданның бас акушері болып тағайындалдым. Әрине, белгілі бір мамандықты меңгеріп еңбек ете бастаған соң, өз қызметінде жетістікке жетуді армандайды. Мен өзім таңдап алған саламда саналы ғұмырымды арнай жүріп мол тәжірибе жинақтадым. Және кейінгі жастарға өз білгенімді үйретуден жалыққан жоқпын. Ең бастысы халықтың алғысына алдым, - дейді ол.
Гүлмайрам Нұрмағамбетқызы әр жылдары кәсіби мереке мен айтулы күндері облыс, аудан әкімінің алғыс хатымен, басшылықтың мақтау қағаздарымен марапатталып жүр. 2017 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін кеудеде жарқыратты. Бұл оның халық саулығын сақтау жолында еткен еңбегіне берілген лайықты баға еді. Ал өзі үшін дертіне шипа іздеген жандардың шынайы жүрегінен төгілген алғысын әлі күнге ұмытпаған.
– Қай жылдар екендігі нақты есімде жоқ. Аралға алғаш келген уақытым болуы керек. Шәкірат Дәрмағамбетов ақсақал қарақұрт шағып алып ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Ронимация бөлімінің дәрігері босамай қалып, мен алғашқы медициналық көмек көрсеткен болатынмын. Сонда аға шынайы ризашылықпен батасын берген. Қазақ үшін батадан артық баға жоқ. Талай аузы дуалы, елге белгілі ағалардың жанын сақтап қалғаным үшін батасын алдым. Шүкір деймін. Мерейіміз өсіп отырғаны сол жандардың ақ жүрекпен айтқан тілектерінің арқасы шығар, – деді Гүлмайрам Нұрмағамбетқызы.
Ол еңбек жолында талай қызық та, қиын шақтарды бастан өткерді. Әсіресе бір кездері үйде босанып қалған әйелдер көп болған көрінеді. Олардың кіндік шешесі атанып, есімін қою мәртебесі Гүлмайрам Нұрмағамбетқызына беріліпті.
– Бірде Арал қаласында аяғы ауыр келіншектің жедел жәрдем шақыртуымен бардық. Толғақ қысқан әйел ауруханаға барудан бас тартып, үйде босанамын деп қиғылық салды. Тексеріп қарасам, бала шығып келеді екен. Осылай үйде босандырып алуға тура келді. Кейін білдім әйелдің бұған дейінгі 3-4 баласы перзентханада босану сәтінде шетінеп кете берген екен. Көзі қорқып, көңілі қайтып қалған әйел осы перзентін үйде босануға шешім қабылдапты. Мұндай жағдай Шижаға елдімекенінде кездесті. Көптен бала көтермеген келіншек перзентханаға жетпей үйде босанып қалды, - деген акушер-гиниколог сол жылдарды еске алып өткенге саяхат жасады.
Бір қызығы өзі босандырып алған балаларға ер бала болса «Серік» деп жолдасының, ал қыз болса «Майра» деп өз атын қойып кеткен екен.
Ол еңбекте табысқы болумен қатар тағдыр тоғыстырған жолдасы Серік Нұрмағамбетовпен жарасмды шаңырақ құрып, өмірге екі перзент әкелді. Қазір үйлі-баранды болған балалары өз мамандықтары бойынша елге қызмет етіп жүр. Міне, тындырымды тірлігімен, жауапкершілігінің арқасында әріптестерінің құрметіне бөленген кейіпкеріміз болашақ ананың өмірге аман есен ұрпақ әкелуі жолында саналы ғұмырын арнаған ардақты жан бүгінде зейнет демалысына шығып отыр.
Назерке МАРАТ

04 мамыр 2024 ж. 1 522 0