Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әйтеке бидің даналық жолы

Әйтеке бидің даналық жолы

Журналистік өмір мені қай қиырға, қай ортаға апармады дейсіз?! Баламен бала болдым, жасөспірімдердің сырын тыңдадым. Есейдім, үлкендермен иық тіресіп, өмір, қоғам жайлы ой бөлістім. Әскер қатарындағы сарбазбен бірге жаттығу алаңдарында болдым, ел асып, сырт мемлекеттерге сапар шектім. Ел басшыларымен сұхбаттастым. Қысқасы, қоғамдық өмірдің барлық саласында қалам тарттым. Солармен, кейіпкерлерімен бірге өмір сүрдім. Екі қоғамның ортасындағы өліара шақты да бастан кештім. Санама сіңген қоғамдық формациядан өтіп, тәуелсіз елге айналған мемлекетіміздің алғашқы тәй-тәй басқан қадамдарына куә болдым. Жан дүниеңді, сеніміңді өзгерту қиын екен. Өң мен түстің ортасында жүріп, өмірімнің мәні болған журналистік мамандығымды жалғастыра бердім. Өзім де мәнді түсіне алмай жүріп, өзгеге нақты түсіндіре алу үшін барымды салдым, іздендім. Міне, осылай жан дүнием қайта жаңғырып, түледі. Ата-бабадан қалған асыл қасиет сөзі мен жолын бағдаршамдай ұстандым.

Алматыдан туған жерге, Сыр еліне оралдым. Кеуде сарайым ашылып жүре берді. Ел тарихы, адамдар тағдыры, туған жердің ашылмаған сырлары мені елітіп, өзіне тарта түсті. Тарих тұңғиығына ендім де кеттім.

«Өткенді білмей, келешекті бағамдай алмайсың» дегендей, тарих қойнауына енген сайын тынысым ашыла берді. «Қорқыт», «Таңбалы тас», «Жанкент», «Шірік Рабат», «Өзгент», «Кердері», «Сығанақ» сияқты тарихи көмбелердің көзін ашу маңызды жұмысыма айналды. Тіпті әріптестерім «Өшкенді жағып, өліні тірілтіп жүрсің бе, одан не табасың?» дейтін кәдімгідей таңданып.

Сондай бір ізденіс кезінде көрші Өзбекстан еліне сапар шектім. Қасымда режиссер Айтмұхамед Байділдаев, телеоператор Нұрлыбек Шахметов бар. Бұл мен үшін ғана емес, қазақ халқы үшін маңызы зор іссапар болды. Бұл жайлы кезінде бірнеше деректі фильм түсірдім. Тақырыпты зерттеп қана қоймай, оның нәтижелі болуы үшін Өзбекстанға 9 рет сапар шегіппін. Бұл Кіші жүздің биі Әйтеке Бәйбекұлының ұлттық тарихымыздағы алатын орны орасан зор екенін дәлелдеген, оның туған жылы, қайтыс болған жері белгісіз күйде қала бермеуіне алғаш түрен салған іссапар нәтижесі еді.

2006 жыл. Қараша айы. Қызылордадан Шымкент қаласы арқылы Өзбекстанға қарай жолға шықтық. Мақсатымыз – қазақ халқының ардақты ұлы Жалаңтөс баһадүрдің 430 жылдығына орай Самарқан қаласында деректі фильм түсіру. Әуелі Ташкент қаласында Сыртқы істер министрлігінің «Жаһон» агенттігінде аккредитациядан өткен соң, ертеңіне Самарқанға бет түзедік.

Түркі мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар, қазақ халқының ұлттық батыры әрі қолбасшысы Жалаңтөс баһадүрдің өмірі, әскери іс-қимыл әрекеттері және ортағасырлық архитектуралық сәулет өнеріне қосқан үлесі туралы бүгінгі ұрпақ, қалың қауым біле бермес. Алайда Самарқанды 30 жылдай билеген, өз дәуірінде алыс-жақын елдерге даңқы жеткен батыр, ержүрек қолбасшы, ақылды ел билеген әмір болғаны белгілі.

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы – 1576-1656 жылдары өмір сүрген қазақ халқының ұлттық батырларының әрі қолбасшыларының бірі. XVII-XVIII ғасырда өмір сүрген Әйтеке бидің үлкен атасы.

Тарихқа жүгінсек, 1581 жылы Сырдарияның төменгі ағысынан Шығай хан мен Жалаңтөс баһадүрдің әкесі Сейітқұл әулие төртқара руының бір бөлігін бастап, Өзбекстанның Бұқара облысындағы Нұрата тауының етегіне қоныс аударған. Жастайынан елді басқару ісіне араласып, дарынды, батырлық қасиеттерімен халыққа таныла бастаған. Жалаңтөс ханның маңайына қызметке ілігеді. Осы сапарда баһадүр жайлы 4 деректі фильм түсірілді.

Ендігі әңгіме арнайы мақсат орындалған соң, Әйтеке би жайлы деректер жинау үшін Науаи облысына барған сапар жайлы болмақ. Самарқаннан шығып, 250 шақырымдай жол жүріп, керемет сұлу қалаға келдік. Экономикасы қарыштап дамығаны көзге түседі. Бірден облыстық хакиматына бардық. Облыс хакімінің тұрғындарды қабылдау уақыты екен. Орынбасарына кірдік. Әңгіменің ауанын түсінген ол кісі бізді Науаи мемлекеттік институтының ректоры Холбай Ибрагимовке жіберді. Бізді жылы қарсы алған ол Жалаңтөс баһадүр мен Әйтеке биді зерттеп, фильм түсіріп жүргенімізге әрі таңданысын, әрі қуанышын білдірді. Тарих ғылымының докторы, профессор Сүлейман Инаятовпен жолықтық. Мұнда қазақ тілі бөлімі де бар екен. Қазақ халқының үш биі – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің суреттерін іліп қойыпты. Бірақ орындарын ауыстырып алыпты. Мен ретін айтып, жөндетіп кеттім.

Біз тарихшы Фарида Палуанованы ертіп, Сүлейман Инаятовтың айтуымен Науаидан 30 шақырым жердегі Кинемех ауданына қарай жолға шықтық. Мұнда Әлім руының ұрпақтары тұрады екен. Әлібек Сәрсенбаев деген ақсақалға жолығып, Әйтеке бидің Жалаңтөс баһадүрден шамамен 50 жас кіші екенін білдік. Сонан кейін 70 шақырым жол жүріп, Нұрата ауданына келдік. Міне, осы жерден Әлібек ақсақалдың сілтеуімен кіші жүздің биі Әйтекенің бейітінің орнын таптық. Әлібек ақсақал айтып еді: «Сейітқұл әулиенің маңында інілері, жақындары жерленген. Ал, балалары, немерелері аяқ жағына қойылған. Әйтеке би Сейітқұл әулиенің аяқ жағында жатыр».

Шынында да Әлібек ақсақал дәл айтыпты. Әлдекімдер Сейітқұл әулиенің және жанындағы өзге бейіт орнына белгі тұрғызып кетіпті. Әйтекенің бейіті деп, оны да камераға түсіріп алдық. Ал біз «Әлімнің ұрпағымын» деген Әлібек ақсақалдың бабаларынан естігені бойынша аяқ жағында жатқан бейіт орнын Әйтеке би зираты екеніне шүбәсіз сендік. Өйткені, «басында кішкене тас белгі бар» деген еді Әлібек ақсақал.

Міне, осылайша Нұратаны айналып, Науаиға соқпай, тағы да 100 шақырым айналма жол қосып, түнделетіп Самарқанға жеттік. Таң ата күмбезді қаламен қоштасып, Ташкентке бет түзедік. Сұлу да көркем Ташкент қаласының ғажайып көрінісін телемұнара үстінен тамашаладық. Кешқұрым шекарадан өтіп, елге қарай бет алдық.

Сыр еліне олжалы оралдық. Сол кездегі облыс әкімі Икрам Адырбеков мені қабылдап, телеэкспедицияның жұмыс нәтижесімен танысты. «Әйтеке бидің жатқан жерін нақты айтқан Әлібек ақсақалға сіздің атыңыздан уәде беріп келдім» дедім. Басына кесене орнату жөнінде. Әкім ойланып отырып:

– Аумағы қанша болады? – деп сұрады.

– Туған-туыстарын қосып есептегенде көлемді жер, – дедім.

– Сейітқұл әулие мен Әйтеке биге ортақ бір кесене салуға болады, – деді Икрам Адырбеков ойланып.

Араға екі жыл салып, Нұратаға тағы да жолымыз түсті.

«Әйтеке бидің қайраткерлігін ірілендіре түсетін бір қасиеті қазақ қауымын ілгері бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шықты. Әсіресе, «Өзіңді өзің басқарып, тұтас ел бол, көрші елдермен татуласып, тіл табыса алатын мәмілегерлікке де қатты мән бер» деп өсиет қалдырды.

Әйтеке бидің армандаған ел бірлігі бүгінде ақиқатқа айналды.

Осы кесененің салынып бітуіне ізгілікпен қол ұшын берген көршілес Өзбекстандағы сол кездегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің еңбегі зор. Екі елдің зиялы қауымын түсіністікпен бірлікке бастай білген елшіні Атымтай Жомарт атанған Әйтеке би ұрпақтары мен Өзбекстанның ықпалды азаматтары іліп әкетіп, қолдап, қазақтың қадірлі үш биінің бірі Әйтекенің, әкесі Байбектің, атасы Сейтқұл әулиенің, бабасы Тоқпанның басына үлкен кесене орнатуы бүкіл қазақ халқының құрметін осы 7 азаматтың иығымен көтеруі деп білеміз. Солардың бірі бидің ұрпағы, кәсіпкер, меценат Шахарбек Усманов еді. Кесенені салуға өзбек ағайындар да белсене араласты. Нұрата мрамор зауытының директоры Шадыбай Хожи Фозилов, Науаи облысының бас имам хатиби Саййид Хожи Насриддин Эшонбобоұлының Қазақстаннан барған Әйтеке бидің ұрпақтарына деген ықыласы зор болды. Кесене Нұрата ауданы орталығының іргесінде салынған. Әсем безендірілген, алдында 136 метр тереңдіктен қазылып, су шыққан ұңғыма тұр. Сол кезде келешекте бұл жерге гүлзар бақ егіліп, келушілерге арналып қонақжай, мешіт, музей салынатынын Шадыбай Хожи Фозилов әңгіме арасында айтқан еді. Кейін бұл шындыққа айналды.

Өзбекстан жерінде көптен күткен құрылыс салынып бітті. Араға үш ғасыр салып Әйтеке Бәйбекұлы мен Сейітқұл баба басына орнатылған алып кесене бүгінгі ұрпақтарының қасиетті бабалар рухына тағзым етіп орнатқан келешекке мұрағаты, бүгінге ұлағаты болып қала бермек.

Ашылу салтанаты да естен кетпестей болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы делегация келді. Мемлекет қайраткері, жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, Қазақстанның Өзбекстандағы сол кездегі төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков, Өзбекстан Мәдениет министрлігінің мәдени мұралар ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры Раушанбек Мансуров, екі республиканың қоғам қайраткерлері қатысты.

Әбіш Кекілбаев ағамыз бабалар рухына тағзым ете тұрып ұлттық мүдде, ел бірлігі, ағайынды екі ел арасындағы ғасырларға жалғанған достық жайлы өрелі ой айтып еді. Кемеңгер ағамыз алыстан болжайды ғой, бір сәтке Әйтеке бабасының үнемі айта беретін ел бірлігі жайлы толғаныстарын бүгінгі ұрпаққа аманаттап тұрғандай әсерде қалдым.

Жиында қоғам қайраткерлері де сөз алды. Сол кездегі облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов пен «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Ыдырыс Қалиев ағаларымыз да бабаларды ұлықтауда Сыр елінде атқарылып, жүзеге асырылған жұмыстарды ортаға салған еді.

Сондай-ақ Әйтеке бидің тікелей ұрпағы Нәжмадин Мұсабаев пен Ыдырыс Қалиев Жалаңтөс баһадүрдің бейнесі салынған арнайы медаль мен алтын алқа ескерткіш белгісін Әбіш Кекілбаевқа тарту етті.

Бабалар рухына арналып ас берілді. Мәре-сәре болып қауышқан жұрт Нұрата жерінен үлкен рухани күш алып, тоғайып елге бет түзеді.

Ыдырыс Қалиев ағамыз елге келген соң, осы сапар жайында, жергілікті газеттерге мақалалар жазды. Соның бірінде «Біз әдетте осындай үлкен тұлғалар жайлы ірі жазушылар жазады, солар іздеу салады деп ойлаймыз. Сөйтсек, ондай адам қасымызда жүр екен. Ол – Өзбекстанға Жалаңтөс баһадүр жайлы түсірілім жасауға барып, маңдайы жарқырап олжалы оралған, Әйтекенің нақты жатқан жерін тауып қайтқан тележурналист, ақын қызымыз Қаршыға Есімсейітова» деп жазды.

Иә, бұл тарихи жаңалық талай адамның Нұрата тауының етегіне сапар шегуіне, қолына қалам алып, осы істің басы-қасында жүрген кісілер жайлы жазуына түрткі болды.

Жалаңтөс баһадүр жайлы түсірілген бірнеше деректі фильмнен бөлек, Әйтеке бидің мәңгілік мекенін тапқаннан бастап, басына кесене тұрғызу сәттерін қамтитын «Даналық ізімен» атты екі деректі фильм жасадым.

Барлық атқарылған шаралардың қорытындысы ретінде Әйтеке бидің аруағына арналып, Қызылорда облысының атынан 2012 жылдың жазында ас берілді. Оған Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің зиялы қауымының үлкен делегациялары қатысты.

Онан кейін де облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен аудандағы, қаладағы ардагерлер ұйымдарымен бірлесіп, Өзбекстандағы Әйтеке би жатқан Нұрата ауданында бірнеше рет іссапармен болдық.

Өз заманында Әйтеке би бабамыз «Бақ дегеніміз – ұшқан құстай, таң дегеніміз – көрген түстей, байлық дегеніміз – қолдағы мұздай, ал мәңгілікке қалатын адал іс» деген екен.

Әйтеке бидің 380 жылдығы аталып өтіп жатқан осы тұста қазақтың ар-абыройындай алтын діңгектері болған үш биіміздің бірі – Әйтеке бидің Өзбекстан жерінде, Нұрата тауының етегінде жатқан мәңгілік мекенін тауып, тарихқа таңбалауына үлес қосқанымды мақтан тұтамын.

Тұран жұртының, оның ішінде қазақтың іргесі бекіп, егемен ел болу жолындағы күресінде Тәуке хан бастаған алты бидің бірі – Әйтеке бидің ел бірлігі жолындағы ұстанымы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бергей.

Қаршыға ЕСІМСЕЙІТОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі

Сурет: ашық дереккөзден


19 мамыр 2024 ж. 626 0