Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қара сөзі көрнекті, қара өлеңі өрнекті еді...

Қара сөзі көрнекті, қара өлеңі өрнекті еді...

Кешегі кеңестік қоғамның күнгейі мен көлеңкесінде еркелеп ержеткен өзім тұстас өлең өлкесіне қадам басқандар қаршадайынан кітапқұмар болып өсті. Қазіргі бозбалалардай киімнен киім таңдап, не астан ас талғап ата-анамыздың басын жиі ауырта бермейтінбіз. Себебі менің көзімді тырнап көргендегі адамым балықшы, аузыма алғаш түскен ас балық тағамы болатын. Біз мектепті аяғымызға әкеміздің керзі етігін, үстімізге күпәйкесін киіп, үлкен өмірге асығып, зарығып жүріп араласқан ұрпақтың өкілі едік. Бірақ досымыз, ақылшымыз, серігіміз кітап болды. Жаңа айтқанымдай.
Міне, осылайша жүрген күндердің бірінде қолыма алақандай, есесіне әжептәуір қалың, қызғыш мұқабалы кітап түсті. Аты – "Көктем тынысы". Республика жас ақындарының ұжымдық топтамасы екен. Өзімше өлең деген сиқырға алғаш арбалып, үміттене ізденіп, басымды тау-тасқа ұрып жүрген кезім ғой. Кітаптың беташарына танымал ақын Тұманбай Молдағалиев алғысөз жазыпты. Орта тұсынан жерлесіміз, бала күнгі досым, марқұм Қази Данабаевтың бір топ өлеңдерін тауып алып, әкеме әсерлене оқып бердім. Әкем әдеттегісінше Сәбит Мұқановты, Сырбай Мәуленовті, сол кездері аты жаңа-жаңа естіліп жүрген Жарасқан Әбдірашевті мысалға келтіріп:
– Мен білсем, мына баладан түбі бірдеңе шығатын шығар, әсіресе, «Жетім торғай» деген өлеңі адамға әр алуан ой туғызады екен. Құдды менің сұм соғыстың лағынет атқыр ауыр кезіне тап келген жадау-жүдеу балалық күндерім сықылды, – деді терең күрсініп. Әкемнің бар білімі төрт сыныптық. Есесіне, қазақ қаламгерлерінің аты-жөнін, жазған туындыларын жоғарғы білімді бір қазақтан кем білмейді. Осы жолы да балаң Қазидың балауса өлеңдерін ауыл балықшысы жазбай таныды.
Иә, сол Қази Данабаев өзінің кіндік қаны тамған, балалық бал дәурен күндерінің ізі қалған туған ауылы осы күнгі Ерімбетжаға елді мекені (бұрынғы Киров) туралы жырға алғаш сапары тұсында төмендегіше толғанған еді:
Кеудемде бүршік атып, алаулайды арман,
Сағынсам ақ құмдары баурайды алдан.
Жарқылдап түнгі оттары жан Кировым,
Өзімнің жүрегімнен аумай қалған.
немесе:
Мың жылдан кейін менің де,
Гүл боп шығуым мүмкін ғой... сияқты шырайлы өлең жолдары кім-кімді де шынымен сүйсіндіргендей болатын. Сол бір жылдары, әлде сәл бірер жыл кейінірек қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров Қази екеуміздің өлеңімізге кезек-кезек марқұм Қамшыбай Сүйінішов арқылы облыстық «Ленин жолы» газеті бетінде сәт сапар тілегені есімде.
Қазекең – Қызылорда пединститутының түлегі. Алғашқы еңбек жолын ұстаз болып бастаған ол шәкірттерін адамгершілікке, ізгілікке баулыған білікті мұғалім, кейінірек қаламы қарымды жуналист-жазушы болғанын замандастары жақсы біледі.
Мен білетін Қази Данабаев нағыз шығармашылық өкілі болатын. Аспайтын, таспайтын. Сексенінші жылдардың орта шеніне таман ақын Қази қара сөзден кесте төкті. «Шоңтөбе. Шотай. Балдәурен» атты балалар өмірінен жазылған повесі «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде жұлдыздай жарқылдап, жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Бертініректе «Гүлдәурен» атты әңгімелер жинағы жарық көрді.
Сонау сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында Қази досымның келіншегі Қуаныш екеуінің ауылда ата-анасының қара шаңырағына уақытша келіп, №59 орта мектепте кезекті ұстаздық етіп жүрген тұсы еді. Күндердің бір күні Қарақұм совхозының №4 фермасын аралап жүріп, орталықтағы Қазидың үйіне соқтым. Сол бір құм суырған дауылды күні Қазекең оған айылын жияр емес. Сонда көрдім, нағыз шығармашылық адамының жанкештілігін және күй талғамайтындығын.
Ол кезінде облыстық радиода, облыстық газетте абыройлы қызмет атқарған қаламы жүйрік журналист болатын. Әттең, сұм ажал бар болғаны 56 жасында арамыздан ерте әкетпегенде әлі де талай әдемі әдеби дүниемен бәрімізді аузына қаратып, ортамызда жүрер еді-ау.
Қазидың өзі «өлеңмен қоштастым, біржола прозаға көштім» деген бір сөзінде. Ол өлеңді қоя алмайтын. Өйткені өлең нағыз дерт еді. Сөйте жүріп туысқан Түркия Республикасына барған бір сапарында ауылға тамаша топтама өлеңдер жазып әкеп, облыстық «Сыр бойы» газетінде өзі дүниеден өткен соң жарияланды. Бұл топтама жайында профессор Құлбек Ергөбек жан-жақты талдап, айтудай-ақ айтқан болатын. Көзі тірісінде өзінің шығармашылығы жайында қатарластарынан, мүйізі қарағайдай ағаларынан көп жылы сөзді құлағы шала қоймаса да, Қазекең мұны елеп-ескере бермеуші еді. Ал қаламдас тұстастары оның шығармашылығы туралы азаннан кешке дейін көсіліп, шешіліп көп сыр қозғап отыратын.
Республикалық «Нұр-Астана» газеті бас редакторының бұрынғы бірінші орынбасары қызметін сол жылдары атқарған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, танымал прозашы Қуаныш Жиенбай екеуінің достығы «бір бұтақтың қос алмасындай» болушы еді. Қуаныш Қазиға «баяғыда «Толқында» оқушы кезімізде Елеусіз Кенебаев табыстырып еді бізді. Сонда "байқаңдар, қара қойдың етін көп жеген қара Қази түбінде бір жерден шығады" деуші еді. «Ал не тындырдың, Қытайдың газетінің редакторы» дейтұғын ұдайы кездескенде. Әлгі Қытайдың газетінің аты дәл қазір есіме түспей отыр. Соны айтқанда Қуаныш әдеттегісінше сылқ-сылқ күлетін. Қазекең досына бірдеңе деп жауап қайтарып, ізінше екеуі үшеуміз отырған кафе-барды бастарына көтеретін.
Қази бауырмал, көпшіл жігіт болатын. Қашан кездессең де, болмаса телефон шалса да ауылдың амандығын, Сайлау Тілепов сияқты достарының саулығын жіпке тізгендей сұрастырып, жік-жапар болып тұрады. Оның осы мінез-құлқы ауыл балаларының аңғал, арманшыл суреттерін туындатқан «Гүлдәурен» прозалық жинағында кездеседі. Әсіресе мектептегі бастауыш сынып оқушыларының мінез-құлқы, дүниені тану кезеңдерін кәдімгідей шеберлікпен бере біледі. Мысалы, «Менің алғашқы ұстазым» әңгімесіндегі бастауыш сынып оқушысының көзімен берілген төмендегі жолдарды оқығанда еріксіз тәнті боласың. «Ажаркүлді кім алып қашқанын мен білемін. Ол күйеу, күйеу, Не істейсің ал? Адамды күйеу алса... Бітті шаруасы! Менің тәтем де киноға кеткеннен жоқ қой! Маған нанбайды мыналар. Қайта шетімізден сыпырып кетпегенін айт!».
Осы жолдардың астында әлгі сөйлемді хатқа сыйғызып жазған бастауыш сыныптың оқушысы «Сапқоз Харахум. Өшеник Қалабаев Далабай» деп қонжитып қолын қойыпты. Мына сөйлемді оқығанда алыста қалған туған ауылың, бейкүнә балалық шағың көзіңе ойша елестемес пе?
Осыдан он сегіз жыл бұрын республикалық «Ана тілі» баспасынан «Аралдан соққан жел» атты кезекті кітабым жарық көргенде Қазекең «Халық» газетінде достық пікірін жариялады. Ол «Толқында туған тербеліс» деген атпен мәлім болғаны белгілі. Кітаптың бір данасы өзінің қолына тигенде балаша қуанып, телефон арқылы сүйіспеншілігін білдірген осындай ақ жүрек досымның өзі дүниеден өткен соң тағы бір еске алып, сол жылдары облыстық газетте жарияланған топтамасы жөнінде мен қалайша қалам тербемеспін. Бұл Қазидың артында қалған менің жарық дүниедегі парызым ғой.
Қази Данабаевтың жоғарыдағы топтамасының бас жағындағы «Сен аман бол, Қазақстан» атты өлеңі былайша өрнектеледі;
Көтеріп көкжиектен делегейін,
Келесің ақ бауырлы кемедейін.
Мен болмасам болмайын
Қазақстан!
Сен аман бол,
Сен үшін мен өлейін.
Сенсіз өмір болады қалай маған.
Шаңдақтан шартарапқа жел айдаған.
Қаңғырып жүрер едім қай бұрышта,
Қазақстан бермесе арай маған...
Бас-аяғы тоғыз шумақ осы өлеңді қай мүшәйраға салсаң да, ылдидан төске өрлеп талай үміткердің мысын басып, танауы шелектей Тайбурылға ұқсап мәреге оқ бойы озық жетер еді. Айтпақшы, Қазидің осы өлеңіне жазылған әнді қазір республикалық сахналарда сазгер, ақын Елена Әбдіхалықова шырқап жүр. Ал Қазидың «Не деген қымбат өмір ең», «Хош, Түркие, Жәлила» атты жырларын қалайша Абай... Шәкәрім... Мұқағали бастаған марғасқа қазақ жырларының маңдайалдысына қоспассың. Маған топтамадағы соңғы жыр өте-мөте ұнағанын баса айтар едім.
...Жат елде шыдап жүргем бір ай нағып,
Аттандым Алматыға шырайланып.
Жәлилажан, қалдың-ау, Стамбулда,
Ағаңды іздеп таппай шыр айналып.
...Ғаламға сәуле шашып, назға ораған.
Сен екен,
Жаңа көрді жазған ағаң.
Өмірде сен барсың ғой,
Бақыттымын,
Бақытты өмір сүру аз ба маған?!
Махаббат туралы жырлар тасқыны осылай болса, арман не?! Сен де сүйдің, мен де сүйдім, Қази дос! Әлі де сүйеміз махаббат сынды мынау ғажап өмірді. Сен осы көркемдігіңмен қымбатсың маған, өмір!
Т. АБЫЛАЕВ

28 мамыр 2024 ж. 644 0