Тәубе
Талап – талабы биік, еңбекқор жігіт. Аты айтып тұрғандай-ақ жастайынан жұмыс талғамай еңбек ететін. Өзі үйінің үлкені болған соң ба немесе ата-анасының кішкене де болса махаббатын сезінуге деген құштарлығы ма кім білсін, әйтеуір, қашан көрсең де елпектеп жүретін. Ата-әжесінің қолында ауылда өскен болатын өзі. Сол кісілерді «мама-папа» деп атап, еркелейтін, өзінің туған әке-шешесіне тілі шыққаннан «көке-жеңеше» деп айтатын. Содан қалаға кеткен ата-анасына қонаққа бара жатқанда жол апатынан екі тірегі де қайтқан. Өзі тек бірнеше апта ауруханада жатып жараларын емдеткені боламаса, Құдайдың құдіретімен аман қалған. Сол уақыттан өзін далада қалған жетім қозыдай сезінетін көңілінің қошын ешкім орнына келтіре алмаған еді.
Бүгінде 30-дың ордасын бұзуға қараған жігіттің ұл-қыздары өсіп, келіншегі ата-енесінің ақ батасын алып отырған жайы бар. Иә, бұл кезге дейін түрлі салада, түрлі қала мен мекемеде жұмыс істеген Талаптың да таныстары көп еді. Дегенмен бір «бірағы» оның өтірік айтқыш, адамды тәтті сөзбен алдағыштығында болатын.
Бүгін де келіншегі ас үй жақтан келе жатып Талаптың біреумен сөйлесіп жатқанын естіген.
– Тағы да қарыздар ма? – деді ол таңғы ас үстінде. Талап үндеген жоқ. Әдетінше телефонға қарап отыра берді.
– Қашан қоясың осы әдетіңді, балалар өсіп жатыр, мен жұмыссызбын, тоқтатсаңшы, – деген ол күйеуін күнделікті жұмысына шығарып салды.
Талаптың әйелі ғана білетін жаман жағы осы еді. Түрлі спорт болсын, ойын болсын барлық көрінген дүниеге ақша тігуден шаршаған емес. Бастапқыда ұтысы көп, қолы жеңіл еді. Ол кезде үйге түрлі сылтау айтып қонбай, қыз-қырқынның ортасында қыдыратын. Кейіннен ұтыла бастады. Ондайда қалай да ұтам деп бір ұтысқа жеткенше ақша сала беретін. Осындай күннің бірінше 700 мың теңгеге ұтылып, оны келіншегі Сұлушашқа айтуға тура келген. Кредит алып, қарыз алып жапса да сол қарызын өтеуге достары хабарласып мазасын алатын жайы бар.
Кешке жұмыстан қайтып келе жатқан. Кептелісте тұрып әдетінше телефонға шұқынып отырған Талаптың соңғы естігені жедел жәрдем көлігінің дауысы еді...
«Досым, бүгін қайынжұртта той болып жатыр еді. Құдай ұрғанда ақшамды үйге ұмытып кетіппін. Карталарым да қалды. Өзім ауылға жол жүріп кеткем. Реті келсе бір 30 мың бере аласың ба? Аман-есен келсем үйдегі ақшадан санап бере қоямын» деді ол жұмысқа барар жолда бір досына хабарласып. Міне, түскен ақшаны тағы да ойынға салуда. «Кешке ұтысым шықса, достарыммен қыдырармын» деп ойлап қойды ішінен.
Оның бұл әдетін бәрі білетін. Білсе де амал жоқ, кейін бір күнім түседі-ау деп арадағы сыйластықты тағы да бұза алмайтын. Реті келсе ақша жоқ деп қайтарып жіберетін.
Күні бойы ақша салған ойынын көрген оның жұмысқа да қолы бармады. Әйтеуір «иеес» деп қуанып, бүгін кешке бір жерге отырайық, өзім көтеремін» деп достарына айтқанда жұмыс аяғы болған еді. Сұлушашқа «кештеу келемін, жұмыста есеп беруім керек» деп хат жазып жіберді.
Олар жұмыс маңындағы бір клубқа келді. Ішімдік, ойын, қыздар, көңіл көтеру. Не болғаны да нақты есінде жоқ, тек таңертең сары шашты қыздың үйінде оянды. Ұшып тұрып тез-тез киініп, асығыс шығып кетті. Үйіне келсе келіншегі ұйықтамаған екен. Қоңырауға жауап бермеген соң алаңдап, достарына хабарласыпты. Бәрін білген көрінеді. Десе де үндеген жоқ. Тек асын берді де жаңа киімдерін дайындап қойғанын айтып, ұйықтауға кетті.
Сол күннен бері оның өмірі мәнінен айырылды. Ата-анасы да, келіншегі мен балалары да өзі сұрақ қоймаса мүлдем сөйлеуден қалды, сыйлыққа қуанбады, көңіл бөлмеді. Өзінің осыншама қателікке ұрынғанына қатты өкінді. Өмірі осылай өтіп үзілетіндей көрінген ол көзінен ыстық жастың қалай ағылғанын байқамады»
– Дәрігер шақырыңдар! Дәрігер! Талап тұрдың ба? Тұршы, ояншы, – деген Сұлушаштың даусы тым жақыннан шықты.
Көзін ашқанда аурухана төсегінде жатқанын көрген оның алғашқы сөзі «түсім екен ғой, шүкір» еді.
Осыдан 2 жеті бұрын жұмыстан қайтып келе жатқанда жол апатына түскен Талап бұл уақытта жансақтау бөлімінде жатқан. Көрген түсінің бәрі өңінде болғандай әсер алған ол енді тәубесіне келді. Отбасының қадірін біліп, адал жұмыс, адал ақша табуға өзіне серт еткен. Иә, бұл жолы оның уәдесі шын көңілінен шықты.
Г.САҚТАПОВА