Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көрші ауданның өнерпаз ардагерлері

Көрші ауданның өнерпаз ардагерлері

Қазақтың бас ақыны Хәкім Абай
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең, – деп жырлағанында расында өнер халықтың өшпейтін қазынасы. Туғаннан қазақ дейтін ұлттың қанына дарыған қасиетті ұғым өмірдің соңына дейін жалғасатынын осыдан-ақ анық білуге болады. Сондықтан болар "Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы" деген жұрт жас-кәріні талғамай қандай өнерпаз болса да төрінен орын берген. Сахнаның сәнін келтірер сырбаз жандар жиылған жұртшылықтың құрметіне сай қанаттанатыны тағы бар. Біз таяуда осындай қаймағы бұзылмаған дәстүрдің тағы бір мәрте куәсі болдық.
Арал ауданы Шижаға елді мекеніне Қазалыдан "Ата мұра" ардагерлер тобының концерті болады дегенді естігенде біз ауылдың бір топ ардагерлері елеңдесіп, бір бірімізбен хабарласып, баруға тырыстық. Сөйтсек, ауыл ардагерлер төрағасы мен өзіміз еңбек еткен №57 Елеу Көшербаев атындағы мектептен де шақыру билеттерін жіберіп құрмет көрсеткен хабар да келіп жетті. Сол күні жастық шағымыз еске түсіп, кешті болдыра алмайтын бал күндердей асыға күтіп келіп, алдыңғы қатардан орын алып, жайғаспаймыз ба?!
Сахна жәй ысырылып, жүргізуші жігіт хабарлаған сәтте әр ансамбль мүшелерін жеке-жеке таныстырып, Қазалының тарихымен ұштастыра жүргізуінің өзі де мәнді де, мағыналы, ойсаларлық, туған жерді құрметтеу, қастерлей білу жайында сөз етті. Оны жас ұрпаққа өнеге етіп жүрген қарттары бар Қазалы халқы не деген бақытты еді. Қазына қарттық деп осындай өнерді қадірлеп оны өнеге ете білген әртүрлі еңбек саласында еңбек етсе де өнер біріктірген ұжыммен таныс болғаныма қуана отырып, ауылыма, Аралына таныстыра кетейін.
Сахнаға ең бірінші 88 жастағы Алашбаев Әбілтай шығып ән салды. Ол темір жол саласының ұстазы болса, Ерпазыл Жүсіпов музыкант мұғалім, Баекеев Орақ мәдениет қызметкері, Әуезова Рахила домбырашы мұғалім, Баекеев Жақсыбек баянист, ал Қанат мәдениет қайраткері, скрипкашы екен. Олардың қатарында ақын, композитор, Қазалы ауданының құрметті азаматы Алашбаев Нұрмаш, жол бойында қызмет жасаған Күлпараш Сәрсенбаева, мәдениет саласының ардагерлері Асқаров Кенжалы, Қалекенва Қарлыға, денсаулық сақтау қызметкері Захарова Шамшагүл де болды.
Міне осындай түрлі еңбек саласында еңбек еткен ардагерлердің басын біріктіріп, жетекші болып жүрген Кенжалы да бірнеше ән салып, халық құрметіне бөленді. Шамшагүл мен Қарлыға да әуелете ән салғанда таңдай қағып, қол соқтық.
Ал күй құдіреті өзінше бір әлем. Орақтың  тартқан "Биапа" аталатын күйінің тарихымен таныстырған сәтінде Елеу Көшербаевтың даналық тағы бір қырынан танығандай болдық.
Роза мен Мадинаның туған жердің құдіретін танығандай болып, текті атадан текті ұрпақ келетінін мойындай түстік. Жүргізуші Нұрбек Сүлейменов те төгілтіп айтқан жыр шумақтарымен Қазалының тарихы мен бүгінгі келбетін көз алдымызға әкелген дей болды.
 Ерекше тоқталып өтуге лайық жан, ол менің жастық шағымның бір ұядан білім алып түлеп ұшқан Жаңыл құрбымның қосағы Нұрмашпен жүзбе жүз танысу сәтінің бұйырғаны. Ол жазған бірнеше әнді тыңдай келіп, Қазалы вальсімен қимай-қимай қоштасуға тура келді. Концерт соңында ауыл әкімі Нұрбек Жандаулетов, ауыл ақсақалдары Матығұл Жалғасбаев пен Тілектес Жиеналиев сөз сөйлеп, бата берді.
Г.Маханбетжанқызы,
Ардагер ұстаз,
Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкер

30 маусым 2024 ж. 432 0