Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлағатым – ұрпаққа

Ұлағатым – ұрпаққа

Өнер жас талғамайды. Біз талай рет осының куәсі болғанбыз. Қай уақытта болса да елдің алдына шыға қалса, сахнаға сән беріп, өнерімен талайды сүйсіндіріп жүрген ардагерлердің ауқымды жұмысы жұртшылықты аңсатып отырады.
Иә, талай жылдар бойы өнерден алыстамай өздерін әркез бабында көрсететін ұлағаттықтар өткен аптада тағы да сахна төріне көтерілді. 21 мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблінің ұжымы «Ұлағатым-ұрпаққа» атты концерттік бағдарламасымен Райым және Қосжар ауылдарында болып, ауыл халқына өз өнерлерін көрсетіп, халықтың құрметіне бөленіп қайтты.
Иә, расында солай. Асқақ өнер иелері қос ауылдың халқын өздерінің әсем саздарымен қуантып, ерекше көңіл күй сыйлады. Ансамбль мүшелерінің шебер орындауына тәнті болған ауыл тұрғындары тікесінен тік тұрып, қос қолдап қошемет жасады.
З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры Маруся Нұрмағанбетова:
– Өнер қай халықтың болса да өткенінен хабар беріп, бүгінін ертеңгі күнмен байланыстырып отыратын теңдессіз дүние. Әрбір өнер иесінің сыйлы болу да соған байланысты. Ал сол жолдағы сапарын тоқтатпай, қаншама жыл өтсе де халықтың ыстық ықыласына, қошеметіне бөленіп жүрген «Ұлағат» ансамблінің орны тіпті ерекше. Оларға деген халықтың құрметін біз тағы бір мәрте байқадық. Оған дәлел, осындау үлкен шараның өтуіне қолдаушы болған Жетес би мен Қосжар ауылдық округтерінің әкімдері, клуб меңгерушілері мен сүйемелдеушілерінің қолдауы. Сондай-ақ ардагерлердің концерттік іссапармен шығуына қолдау білдіріп, автокөлікпен қамтамасыз еткен Арал қаласының әкімі БатыржанҰзақов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Танымбетовке де «Ұлағат»мүшелерінің алғысы шексіз, – дейді.
Міне, өшпейтін өнер иелері алда өзге де ауылдарды аралап, сахнаны сәндендіруді мақсат тұтып отыр. Мұнан бөлек те көптеген бастамалар мен үлкен мақсаттарды көздеп отыр. Десе де барлығын уақыт көрсетеді. Біз ардагерлердің жақсы жаңалығына ғана тілекшіміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
29 мамыр 2024 ж. 1 688 0