"Ұлағат" ансамбліне – 10 жыл Қарттардың әні жүректі тербеді
Айдынды Арал өңірі табиғат берген байлықтарымен қоса жыраулық, жыршылық өнерін ерекше меңгерген өзгеге ұқсамайтын мақам қалыптастырған дәстүрлі өнерімен де аты мәшһүр. Сан ғасыр өтсе де жалғасын тауып келе жатқан төл өнердің туын құлатпай келеміз. Әсіресе мұндай ұлттық сарқыншақтарымыздың сақталуына қазыналы қарияларымыз үлкен септігін тигізуде. Соның бір дәлеліндей болып жүрген «Ұлағат» аспапты ардагерлер ансамблі.
1 қазан – Қарттар мерекесіне және Қызылорда облысының 85 жылдығы, Арал ауданының 95 жылдығына орай Арал қалалық мәдениет үйінде «Ұлағатым – ұрпаққа» атты ансамбльдің 10 жылдық шығармашылық кеші өтті.
Аталған ансамбль 2013 жылы өнер иелері Маруся Нұрмағанбетованың қолдауымен құрылған болатын. Ансамбльдің құрамында 19 өнерпаз бар. Өнерпаздардың әрқайсысы түрлі салада қызмет атқарған құрметті ардагерлер. Бірі ұстаз, енді бірі дәрігер, мәдениет қызметкері, қойшы, тәрбиеші болып еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан ата-әжелер. Бүгінде олардың қатарындағы өнерпаздардың алды сексеннің сеңгіріне шыққан.
Атап айтар болсақ, Байнияз Тілепов – ҚР Мәдениет қайраткері, Күнхияш Омарова – әнші, республикалық өнер фестивальдары мен байқауларының лауреаты, Мейірхан Бәйімбетов – Арал ауданының мәдениеті пен өнеріне үлес қосқан сахнагер, әнші, Зейнеш Біртаева –аудандық мәдениет бөліміне қарасты автоклубта қызмет істеп, ауданның малшы қауымына мәдени қызмет көрсеткен, Бақтыбике Жанназарова –мектепте ұстаз болып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан, Ботагөз Қожекенова – ауданда балабақшада қызмет жасап, зейнетке шыққан ансамбль бишісі, Марал Өтегенова – әуесқой өнерпаз, Шашты Нұрпейсова – ансамбльдің домырашы, әншісі, Бекболат Сәдуақасов – ансамбльдің музыкалық жетекшісі, білім саласының ардагері, Болатбек Тәжімбет – білім саласында басшылық қызметтер атқарған, сазгерлік қыры да көпке аян. Жақыпов Жұмабай – күйші-композитор, Арал ауданының құрметті азаматы, Алданыш Әбжәлиев – күйші, «Ғасыр мұғалімі» атағының иегері, Қуаныш Әбжәлиев – домбыра, прима аспабының маманы, Тәжібай Үмбетәлиев – қобызшы, мәдениет, білім саласының ардагері, Төлепбай Сисенбаев – домбырашы, Құлманов Нағашыбай – қобызшы, Өткелбаева Перуза – ансамбль әншісі.
Бұл күні мерекелік кешке жиналғандардың қарасы қалың болды. Әсіресе әр салада еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған аналар мен әкелер өздерінің өнерпаз әріптестеріне қолдау көрсетуге келді. Бәрі де шат-шадыман көңіл күйде, төл мерекемен құттықтап, марқайып жатты. Осылай мерекенің әсері кеш басталмай жатып-ақ сезілді.
Әрі қарай сахна шымылдығы түріліп, өнерпаз ардагерлер көпшілік алдына шықты. Жүрегі жас өнерпаздардың жанарларын жалын атып, ә дегеннен көптің қошеметіне бөленді.
Шығармашылық шараға аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, қарияларды мерекемен құттықтады.
– Әрбір елдің рухани күші – оның өнерімен өлшенеді. Елдігіміздің басты нышаны – өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз. «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі ауданымызда өткізіліп жүрген мәдени-көпшілік шараларда шығармашылығын жұртшылыққа насихаттап, жас буын өкілдерімен кездесу кештерін ұйымдастырып, өз өнерлерінен сыр шертіп, халықтық өнердің алтын қазынасын ақтарып, мирас етіп келеді. Киелі сахна өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ауданның мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қасиетті өнер жолында айбынды Аралдың мерейін асырып, биік тұғырдан көріне бергейсіздер,– деп ізгі лебізін жеткізді.
Сонымен бірге өңірдегі мәдениет саласының дамуына өнер ұжымының қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, аудан әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстады.
Айта кетейік, сұлу саздың саңлақтары 2014 жылы облыстық фестивальде «Аспаптар ансамблі» номинациясы бойынша «Үздік» атанып, өздерінің нағыз кәсіби даралықтарын танытқан. Республикалық өнер фестиваліне «ЭКСПО» жолдама алып, 2020 жылы "Домбыра" ұлттық телеарнасы «Ұлы дала әуендері» жобасы аясында ансамбль мүшелерінің өнерінен арнайы телетүсірілім жиналды. Ұжым бүгінде еліміздің түрлі шаһарларын аралап, қазақтың халық әндерімен қатар орыс, қырғыз, үнді әндерін әуелетіп, жергілікті тұрғындардың қошеметіне бөленіп жүр.
Салтанатты кеш барысында «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблі шоқтығы биік, халық әуеніне жазылған әндерді орындап, көпшіліктің көңіл сарайын аша түсті. Өнер иелеріне деген замандастарының қошеметі ерекше болды. Бәрі де жастық шақтағы озық әндерді жанды дауыста естіп, марқайып қалды.
Кеш соңында өнерпаз қарияларға Арал қаласы әкімі аппараты атынан Алғыс хат пен ақшалай сыйақы, қалалық ардагерлер кеңесі атынан бағалы сыйлық, аудандық «Аналар кеңесі» және «Арал-Ару-Ана» қоғамдық бірлестігі атынан Лаура Ибраимова бағалы сыйлықтар мен қаржылай сыйақы табыс етті. Осылайша, халық қошеметіне бөленген «Ұлағат» ардагерлер аспапты ансамблінің өнер әлеміндегі 10 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде қорытындыланды.
Н. БАҚЫРАН