Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Зың-Зың Күлпәш»: Абысын тату болса...

«Зың-Зың Күлпәш»: Абысын тату болса...

Бүгінде көгілдір жәшік ішінде тәрбиелік мәні зор қазақи туындылар көрермен көзайымына айналып жүр. Осыдан шамамен 7-8 жыл бұрын өзге елдердің адам баласына үйретері жоқ сериалдары жиі көрсетіліп кеткен еді. Ал қазір жас ұрпаққа берер тәрбиесі де үйретер салт-дәстүрі де жетіп артылатын қазақ сериалдары орын алып келеді. Әрине, бұл барлығымызды қуантарлық жәйт. Соның ішінде қазақтың нағыз тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін үлгі ететін «Зың-Зың Күлпәш» телесериалы көпшілік назарын аудара білді. Атаулы телесериал жалғасы қазір «Зу-Зу Күлпәш» болып шығып жатыр.
«Зың-Зың Күлпәш» деп шыққан комедиялық жанрдағы телехикая 2018 жылдан бастап түсірілген екен. Сонымен бірге бұл телехикая «Шымкент Шоу» театры актерларының басшылығымен түсірілген. Негізгі идея авторы Берік Тұрсынбеков. Аздаған уақыт ішінде миллиондаған қаралым жасап үлгерген бұл телесериалды көрмеген жан кем де кем шығар, сірә. Оның басты кейіпкері Күлпәшті баршамыз «Шымкент Шоу» театрындағы қойылымдардан бастап жақсы білеміз. Міне, сол кезден бастап ол сары алжапқыштағы көңілді, пысық келіншек рөлін сомдап жүрді. Барша көрермен сары алжапқыш пен орамал таққан Күлпәштың өнеріне тәнті болса, әйел образын сомдауды дұрыс емес деп санайтындар болды. Дегенмен баршамызға Кұлпәш образымен танылған Берік Тұрсынбеков сахналық образы туралы «Түнгі студия» бағдарламасында айтқан болатын.
–Қазір «зың-зың» сөзін «зу-зуға» алмастырдық. Телеарна басшылығының талабы сол болды. Жыл сайын доғаруды ойлаймын, бірақ халық сұрағасын қайтадан жалғасын түсіре береміз. Театр ұжымына да соңғы рет түсірейік деп жүргеніме сегіз жыл болды. Халық «Күлпашты» жақсы көреді. Мені әйел көріп, сырласқысы келетін қыз-келіншектер де бар. Әлеуметтік желідегі парақшама көп хат келеді. Бір келіншек, «Күлпаштың» арқасында күйеуіммен татуластым» деп хат жазыпты. «Күйеуіммен ұрысып отырсам, теледидардан «Күлпаш» болып жатыр екен, соған қарап отырып, езуімді жия алмай күлген едім, оны күйеуім көріп, «ашуың басылды ма?» деп сұрады, солай татуласып кеттік» деп жазды. Біздің атқарған жұмысымыз халықтың көңілінен шығып, отбасы беріктігіне ықпал етіп жатса, неге әрі қарай дамытпасқа деген ой келді. Қазір 16 бөлімнен тұратын «Зу-зу Күлпаш» дайын тұр. Жақында көрерменге жол тартады, – деді актер.
Расыменде, атаулы телесериал көрерменді ауылдың тынымсыз тіршілігімен таныстырып ғана қоймай, ене мен келін, қайны мен жеңге, абысындар арасындағы берік татулық пен сыйластықты көрсетеді. Бүгінде көпшілік отбасы ене мен келіннің бірін-бірі түсінбеушілігінің кесірінен екіге айырылып жатады. Сонымен бірге абысындар да бір-бірімен сөзге келіп, ренжісіп жатады. Міне, бүгінгі шаңырақтың шайқалуының да бір себебі осы. Бұл телесериалда абысындар татулығына аса мән береді. Соның ішінде бір-бірімен туған апалы-сіңілідей жүруді, істеген ісін міндет етпеуді, сондай-ақ үлкенді сыйлауға аса мән берілген. Отбасыда абысындар тату болмаса береке кететіні, ал тату болса бірлік болатыны анық. Ал «Зың-Зың Күлпәш» телехикаясы қазақ отбасындағы ауызбіршілік пен сыйластықты көрсетеді. Оның ішінде енені қалай сыйлау керектігін де назардан тыс қалдырған емес. Сонымен бірге қайын әпкесі мен қайныларын да әзілдей отырып, құрмет көрсетеді.
Телесериал актерының айтуынша, «Күлпаш» образын туған бес әпкесінің болмысына қарап, ойлап тапқан көрінеді.
–Үйде сегізінші баламын. Бес әпкем бар. Ұлдың үлкені – менмін. «Күлпаш» образы да әпкелерімнің болмысынан шыққан дүние болатын. Кішкентай күнімде әпкелерім мені бақты, өсірді, оқытты. Тіпті, мен туғанда алды тұрмысқа шығып кеткен. Солардың қылықтары мен сөздерін жинап, образ ойлап таптым. Өздері де көріп отырып, «мынау менің сөзім ғой» деп танып жатады, – дейді Берік Тұрсынбеков.
Міне, ауыл тіршілігін суреттей отырып, қазақы тәрбиені де қазіргі жастарға үлгі ете білген телехикая көпшілік көңілінен шыққан. Ойын баласынан бастап, қарттарымызға дейін сүйіп қарайтын бұл телехикаяның жастарға берері көп.
А.НҰРЛАНОВА
03 шілде 2024 ж. 349 0