Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тастанды тағдыры

Тастанды тағдыры

Ол небәрі 17 жаста болатын. 17 жасында өзі өскен жетімхананың табалдырығын аттап, үлкен академияның есігін ашқан еді. Иә, бүгінде Тастан көп нәрсені көрді, түйді, ой елегінен өткізіп қараса қазіргі жағдайы Жаратқанның сынақтардан сүрінбей өткеніне берген сыйындай.
Азиза ата-анасының ақ батасын алмай күйеуге шыққан. Оның себебі, жолдасы Асқар жетім жігіт еді. Өзі отбасында ішкені алдында, ішпегені артында болып, ерке өскен жалғыз қыз болатын. Үлкен 3 ағасы да, ата-анасы да жақсы жерде, абыройлы қызмет жасайтын. Азизаның көңілі «жетімекке» құлады дегеннен-ақ қарсы болған. «Қызым-ау, қалай отбасы боласыңдар, ол сені асырай алмайды, жұрт не айтады, тойыңды да жасай алмайды ғой ол» деп қанша рет айтқан. Қырсық мінезді қыз сонда да тығылып кездесетін сүйіктісімен. Осылайша бар-жоғы 20 жасқа қараған шағында бір түнде қашты да кетті. Сол кеткеннен ата-анасы да, өзі де іздемеді. Мүмкін оның да салдары болды ма екен...
Уақыт зымырап өте берді. Олар отбасылық бақытты ғұмырын кеше берді. Десе де Азизаның ішінде ата-анасына, ағаларына деген сағынышы бар еді.Асқарға білдірмесе де, кейде жалғыз қалғанда жылап алатын. «Жастықтың буы ғой деп кейін кешіретін болар» деген үміті болған кеудесінде. Арада өткен 5 ай ол үмітті де өшіре бастады.
Осыдан тура 50 жыл бұрын, таң алакеуім ата бергенде перзентхананың босану залынан қос бірдей нәрестенің шырылдаған дауысы естілді. Сәбилерін аман көріп, қуанып та үлгермеген ана сол бойы қайта талықсып кетті. Іштей уайым мен сағыныштың ащы зары жеп тастаған Азизаның босану үстінде қан қысымы көтеріліп кеткен екен. Осылайша араға 10 минут салғанда анасынан, тағы 5 минуттан соң әлсіз туған қарындасынан айырылған Тастанның өмір жолы басталды.
3 күннен кейін перзентханадан екі жақынын Аллаға тапсырып, жалғыз баласын құшақтап шыққан Асқар бұл ауырлыққа шыдай алмады. Турасынан жетімдер үйіне барып, арызын жазып, тастанды баласына «Тастан» атын қойды да шығып кетті.
Тастан жастайынан елгезек, ашық, белсенді бала болып өсті. Кішкентайынан өзі туралы білгісі келіп сұрайтын, ондайда апайлары да жасырмай шындықты айтатын. Тастанның құқығы бар екенін, көтере алатынын білетін. Айтқандай-ақ, ол да үнсіз тыңдап, «анам мен әкемнің махаббаты қандай күшті, анам әдемі болған шығар» деп, еріксіз күлімдеп қоя беретін. Әттең, бұл сәтте ол өзін нағашыларының іздеп жатқанын білгенде өмірі бұлай болмас па еді, кім білсін. Десе де олар не Асқардың, не Тастанның адресін таба алмаған.
Жетімдер үйінде тамақсыз да қалып, киімсіз де жүрген. Өзгенің баласы ғой, кейде апайларының ішіндегі ашуын осы балалардан алып, таяқтайтындары да болатын. Өзінен үлкен балалардан да буллингтің түр-түрін көрген. Осылай жүріп ержетіп те қалды. Оқуға түсуге дайындық басталған сәтте-ақ дәрігер-хирург немесе педиатор боламын деп мақсатын айқындаған.
Бұрынғыдай емес, әлімжеттіктің азайғаны оған көп көмек болды. Оқуына бар назарын салып, ақыры дегеніне жетті Тастан. Сол кездегі ең жоғарғы академияның грантын жеңіп алып, 1-курс студенті атанды.
Оқуы да оған оғайға соқпады. «Жетім ғой, қамқоршысы жоқ» дегендей, мұғалімдер де оны реті келсе тегін оқудан айырып, танысын оқытқысы келетін, өзімен қатар құрбылары да «саған жеңілдік жасаған, үкімет оқытып отыр» деп түрлі сөздерді айтатын. Одан қала бере ақша сұрап, жиын жасаушы жігіттер де көбейген. Осының бәрін Тастан еңсере білді. Ерік-жігері мықты жігітке бұл қиындықтар түк те емес болып көрінген.
Араға 9 жыл салып оқуын да бітірді. Үздік хирург маман атанған ол мемелекеттің қолдауымен жұмыс тез-ақ тұрып кетті. Орда бұзар 30 жасында отбасын құрып, жарын қазақтың барлық дәстүрлерін жасай отырып, ұзатып алды.
Иә, сынақтан кейін жеңілдік бар дегендей, бүгін отбасы құрғанына 20 жыл толып отыр. Отбасылық шағын дастарханда 5 баласы мен келіншегіне қарап өмір жолын есіне алған Тастан бәріне мың алғысы мен шүкірін айтты. Себебі ол «өзімнің көрген өмірімді балаларыма көрсетпеймін, олар менен бақыттырақ болады» деп өзіне уәде бергенде небәрі 17 жаста болатын.
Г. САҚТАПОВА
16 шілде 2024 ж. 248 0