Алғашқы медиатор

– Медиатор, әрине қызмет – деді атам, – Медиация азаматтық еңбек және отбасылық дауларды, әрі қоғам мүшелерімен заңды тұлғалар арасындағы талас-тартыс пен егесті, өзара келіспеушілікті реттеудің баламалы тәсілі деп түсінген жөн. Ал бітімшілік, бітістірушілік, келістірушілік ара-ағайындық дәстүр қазаққа қашаннан-ақ таныс-біліс, қанымызға сінген қасиет. Демек, оны қолданысқа еңгізу арқылы бүгінгі сот жүйесіне түсіп отырған артық салмақты едәуір жеңілдету болмақ.
– Ата, бір басылымнан «Медиация туралы заңның» 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді дегенді оқығаным барды.
– Мүмкін, солай шығар. Ал менің айтқалы отырған оқиғам ол заң шыққан уақыттан әлде қайда ілгеріректе болды.
– Сонда қалай, ата?
– Мен заңды демалысыма 1991 жылдың 1 мамырында бұйрық алдым. «Ардагерлер үйіне» кезекші боламыз. Келім-кетім кісілерге ақыл қосамыз, жөн сілтейміз. Телефон шалып «жедел-жәрдем» келмей жатыр, содан көмектесіңіз дейтіндер бар. Бір кездесуде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Н.Қожамұратов:
– Апырай, бұл келіндерге не болған, бірінің үстінен бірі арыз шағымды боратуда, бүгін соның 17-сін тіркедік, шақырамыз, сөйлесеміз. Келіскен болады. Жоқ, ертеңіне арыз тағы келіп тұрады.
– Даулары не екен, ата?
– Өздері көрші. Бірінің үйіне бірі қоқыс төгеді. Тіпті үйіп тастайды. Және айқай шығарып, ұрысып көрші-көлеңнің тынышын алады. Сотқа жіберу әбес сияқты. Ағалар, сіздер сөйлесіп көріңдерші, – деп өтінді. Шағым хаттарын қабылдап алдық. Бәрі полиция бастығының айтқанындай екен. Ал кімді жібереміз? Ардагерлерді тізімдеп отырып, Жетес бидің туысы, сауда саласында көп істеген, әйелдердің мінез-құлқынан толық хабардар Әбілбай Садықбайұлына тоқтап,телефон соғып едім.
– Мақұл аға, – деп бір апта мұрша сұрады. Апта өтті ме, өтпеді ме, Әбілбай інім күлімсіреп келіп тұр:
– Шаруа бітті, аға! Енді о жақтан полицияға шағым түспейді.
Әбілбай тапсырманы мықтап бекімдеген екен. Расында да о жақтан айқай-шу естілмеді.
– Медиатор қызметін ауданда үлгілі атқарғандар болды ма, ата?
– Болды. Мәселен полиция подполковнигі Бұйрабай Бердалиевтің есімі гүрілдеп жүрді. Баспасөзде жазылды. Ол сондай құрметке лайық азамат, еді-ау!...
***
Осындай әнгімеден кейін ойланасың, толғанасың. Пәлендей күрделі емес көрінеді. Сенің де, менің де қолымнан келер еді-ау, дейсің. Дейсің де қоясың. Әлде өзіңе сенім жоқ па? Өзіне сенімдінің қолынан бәрі келер-ді...
Жазып алған Мерей Шәкрат,
№14 мектеп-лицейінің оқушысы