Қайырымдылық қызмет те таңдамайды
"Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек" дейді қазақ. Расында ұрпағын ер майданда сыналады деп тәрбиелеген қазақ халқы үшін азаматтық таныта білу де екінің бірі жасай алатын жұмыс емес. Десе де Отансүйгіштік қасиеті омырауын жарып шығатын нағыз азаматтар арамызда жүр. Олар жайлы жиі айту бізге артық етпейді. Ендеше әңгімені әріден бастайық.
Сәуір айында еліміздің кейбір өңірлерін әбігерге салған су тасқыны кезінде көптеген қайырымды адамдар апаттан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек беруге атсалысып, белсенділік танытты. Солардың бірі – Сексеуіл локомотив пайдалану депосының машинист көмекшісі Рамил Жұматаев болатын. Ол өзінің негізгі жұмысына қоса, қайырымдылық жұмыстарға да уақыт тауып, бірнеше облыс халқына гуманитарлық көмек көрсетуге атсалысқаны үшін әкімінің Алғыс хатына ие болған.
– Сексеуіл кентіндегі «Қарақат» сауда үйінде төрт күн бойы азық-түлік, киім-кишек, дәрі-дәрмектен гуманитарлық көмек жиналды. Содан ауылымыздан жеті адам болып, сол көмекті беруге бірнеше газельдермен аттандық. Тоғыз жолдың торабындағы теміржолшылар елінен осы саланың азаматтары бармаса үлкен сын. Сондықтан сол жеті адамның екеуі шойын жолдың шеберлері болдық. Бірі «Қамқор-локомотив» мекемесінің қызметкері – Бақтияр Ізбасаров, бірі – мен, – дейді Рамил.
"Ақтөбенің Ойыл елді-мекеніне барып, көмекті беріп, қиналған жандарға бәрін үлестірдік. Одан әрі осы облыстың Шұбарқұдық ауылы және Атыраудың Құлсары станциясына бет бұрдық. Барған елге Арал халқының көмегін, тілегін жеткіздік. Қайтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Нұра ауылына да соғып, қалған қаражатымызға сондағы сауда орындарынан керек заттарды алып, апаттан зардап шеккендерге таратып бердік және елдің алғысын алып қайттық. Гуманитарлық көмек беру ісі 5 күнге созылды. Бәрі сәтімен болды" деген ол ахуалдан хабардар болу бөлек, ал елдің жайын көзбен көру тіпті ауыр екенін жасырмай айтты. "Қауіптің беті қайтты ма, әлде тағы қайталанады ма?" деген күдікпен күн кешіп жатқандарға үміт сыйлаған жандардың бірі ретінде Рамилдің де еңбегі еленіп, ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті атынан да Алғыс хатқа ие болды.
Тепловоз тізгінінде 10 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келе жатқан 32 жастағы кейіпкеріміз "Сексеуіл-Шалқар", "Сексеуіл-Ақтөбе" бағытында жай жолаушылар пойыздарын және Сексеуіл–Қандыағаш аралығында Тальго вагондарын тасымалдайтын машинист көмекшісі. Ол осыған дейін де адал еңбегі мен қоғамдық белсенділігінің арқасында баршаға өзін мойындата білген азамат адал жар, 4 қыздың әкесі. Ол "Мен елге қалай қызмет етсем, балаларымды елге құрметі биік жан болып өсуі үшін тәрбиелеймін. Себебі Қазақстан орта – мекеніміз, әр қазақстандық – бауырымыз" дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ