Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арда ақын ұлықталар күн

Арда ақын ұлықталар күн

10 тамыз – Абай күні. Бұл мерекені барша қазақ елі асыға күтетіні рас. Қазақта атадан балаға қалған өнеге сөздері мен мақал-мәтелдер өте көп. Дегенмен, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының келешек ұрпаққа қалдырған мол мұрасы ерекше аталып өтіледі.
Абай Құнанбаев өз шығармашылығы арқылы қалың көпшілікті жаман істерден алшақ болуға, бір-біріне жанашырлық танытып, жақсылық істеуге шақырды. Сонымен бірге ол адам бойында оқу, білім, ғылым бар жерде адамгершілік қасиетінің жоғары болатындығын насихаттады. Бала тәрбиесі мен ел болашағын да өз шығармашылығынан қалыс қалдырмады. Болашақ білімді де, білікті жастардың қолында екендігін айтқан ұлы ақын жастарды білім мен ғылымға шақырды. Сондай-ақ тіл тазалығы мен дін тазалығына да баса назар аударған. "Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз еш уақытта жалған болмас. Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөзі айырылмас", – деген Абай, Аллаға да оның «сөзі» «Құран-Кәрімге» де сенді.
Адамның басты қасиеті – адамгершілік. Міне, осы қасиетті ұлы ақын бірнеше рет айтып өтті. Яғни, кең пейілді жаны таза қазақ халқының білімді меңгерсе, биік белестерге жетеріне сенім артты. Ақын айтқан мәселелері бүгін де өзекті. Әсіресе адамның жағымсыз қасиеттерін. Міне, сол үшін ұлы ақын бізді жақсылыққа, адамгершілік қасиетке шақырды. Адамгершілік бар жерде, бейбітшілік, әділдік пен шыншылдық болары сөзсіз. Ұлы ақын жастарға жеке басының қамын күйттеп кетпей, өз халқыңның жарқын болашағы үшін еңбек ету керегін айтты. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деп өсиет қалдырды. Сонымен бірге ол ел-жұртын адал еңбекке баулып, қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен, ұрлық-зорлықпен, еңбексіз тапқан мал мен мүліктен аулақ болғанын қалады. «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...»,– деп, арқан дүниеде береке болмасын айтты.
Оның қара сөздері барлығымызға белгілі туынды. Мұнда адам бойындағы барлық қасиеттерді атау арқылы, жастарға үлгі көрсетті. Мәселен, ақынның «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» сөздері жоғарғы ілім-білімге ұмтылуға бөгет жасайтын надандық, мақтаншақтық, мінездерді шенеуге арналады. «Бірлік, тірлік» деген сөз ұғымдарының мәнін аша келіп, «Алтыншы сөзінде» Абай: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес», – десе, сол әңгімесінің екінші жерінде: «Ырыс – алды тірлік» дейді. Жанын қорғалап, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады.
Айта кетерлігі, ұлы ақынның ұлттық ойынды ұлықтағаны туралы сөз қозғамасқа болмас. Абай атамыз: «Тоғызқұмалаққа тосырқамай қараңыз! Ата дәстүр салтыңызға санаңыз! Өзіңді-өзің қазақпын деп санама, Бұл өнерді үйренбесе балаңыз!»– дегендей, тоғызқұмалақ қазақ халқының интеллектуалдық ойыны болып саналады. Ерте кезден бастап ата-бабаларымыз аталған ойынды ұлттық ойындар санатына кіргізіп, түрлі көлемде ресми жарыстар өткізіп келген. Өз дәуірінде Абай да тоғызқұмалақ ойынын сүйіп ойнап, ел адамдар арасында ойындар ұйымдастырып отырған. Күні-түні ұйықтамай, тіпті екі-үш күндеп ойнайтын кездері де болған екен.
Айта кетейік, атаулы мереке қарсаңында республика бойынша ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл мереке ауданда да назар тыс қалмасы анық. Осы орайда аудандық орталық кітапханада «Ұлы халықтың – Ұлы Абайы» атты «Абай» бұрышы ашылды. Мұндағы мақсат ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, сонымен бірге ақынның даналығын, рухани асыл мұрасын тереңдеп таныған сайын жаңа қырларымен, өзгеше сипатымен аша түсетін ақын поэзиясын зерделеп оқуға, ұлы ақынның сан салалы ақыл-ойын, өнер өрісін жүйелеп тануға ықпал ету.
Атаулы күнге орай қалалық балалар кітапханасында оқырмандарға Абай Құнанбайұлының ұлы кемеңгерлігін таныту, халқымыз үшін дара да дана ақын болғанын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында, «Мақтан етіп, үлгі тұтам өзіңді...» атты жас оқырмандар арасында Абай шығармаларын мәнерлеп оқу ұйымдастырылды. Атаулы шара барысында туған елінің мың жылдық мұңын шерткен Абай Құнанбаев мұрасы – мәңгілік мұра екені танытылды.
Сонымен қатар қалалық №3 Кітапхананың ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Әлем BOOK» жобасы аясында «Көшпелі кітапхана» жобасы бойынша орталық «Балықшылар үйі» аллеясында «Әнді сүйсең, менше сүй» атты әдеби жыр кеші өтті. Шара аясында атаулы күннің маңыздылығына тоқталып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасап насихатталды. Сондай-ақ шараға қатысқан оқырмандар Раяна Мұқанова «Өлең сөздің патшасы,сөз сарасы», Шұғыла Мананова «Жазғытұры», Гүлжаһар Сәбитқызы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», Гамзат Қалыбек «Желсіз түнде жарық ай», Меруерт Наурызбайқызы «Көзімнің қарасы» өлеңдерін жатқа оқып, Балмира Қалыбек «Абайдың 27 қара сөзі», Нұрасылым Төреева «Абайдың 17 қара сөздерін»оқып, домбырамен әндер орындады.
Шара соңында «Көзімнің қарасы» әнін балалар хормен нақышкелтіре шырқады. «Абай мұрасы – мәңгілік» атты кітап көрмесімен таныстырылып, шараға белсене атсалысқан балалар «Көңілім әнді ұғады», «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша алғыс хаттармен марапатталды. Осылайша кітапхана оқырмандарына ақынның шығармашалығы үлгі етіліп, өнегелі сөздері таныстырылды.
А.НҰРЛАНОВА
10 тамыз 2024 ж. 293 0