Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Менің Қазақстаным» қалай жазылды?

«Менің Қазақстаным» қалай жазылды?

Елуінші жылдардың басында Қазақстанның солтүстік аймақтарын астықты өлкеге айналдырамыз деген желеумен, тың жерлерді игеру басталды. Қанша ғасырлардан бері соқа тимеген, тек жайылымға пайдаланып келе жатқан, ата бабамыздан мұра болып келген жерлерді трактормен жыртқылап, егін егу науқаны басталып кетті. Мыңдаған қоныс аударушы келімсектер мен Амнистиямен түрмеден босап шыққан (Сталин қайтыс болғаннан кейін) босқындар Россиядан келіп, жерімізге қазық қағып, өз селоларын салып, қазақтарды өз ата мекенінен ығыстыра бастады. Сондағы түпкі мақсат, жері құнарлы 5 облысты, орталығын Целиноград (бұрынғы Ақмола) қаласы қылып Тың өлкесі деген үлкен аймақ құрып, болашақта ол жерлерді келімсектермен толтырып, Қазақстаннан бөліп алып Россия федерациясына қосу еді..
Бұл сол кездегі Кеңес Өкіметінің басшысы Хрущевтің құйтырқы саясаты болатын, халық бұны білді, бірақ қолдарынан не келеді, еңселері түсіп, шынымен ата-бабадан қалған жерлерден айрыламыз ба деген уайымға түсті.Бұл кез Хрушевтің билік басына келіп,өзінің шовинистік саясатын жүзеге асырып жатқан кезі болатын,ол ешкімді тыңдамайтын, қарсы келгендерді қудалап көзін жоюға тырысатын,оған тіпті сол кездегі біздің билік басында отырғандар қарсы келуге қорқатын, тек (Үкімет басшысы болған ) Жұмабек Ташенев қана қарсы шыққан. Осының бәрін көріп, сезіп жүрген Шәмшіде ойға батады, енді не істейміз деп, содан:
-Қой! Еңсесі түскен халықтың рухын көтеретін, осы жердің, елдің иесі қазақ екенін білдіретін бір Ән жазайын деп, сөйтіп өзімен бірге Консерваторияда оқып жатқан ақындығы бар Ж. Нәжімеденовке өз ойын білдіреді. Ол қостап, екеуі 1956 жылы өзі тұратын жалдамалы пәтерде, менің Қазақстаным деген ән жазып шығарады. Ол кезде Шәмші 26-да, Жұмекен небәрі 21 жаста болатын, осылай, орындағанда қазақтың рухы оянып, менің жерім, менің елім деген мақтаныш сезім туғызатын ән туған еді.Бұл сол заманда, кеңестік саясаттың қылышынан қан тамып тұрған кезінде жасалған ерлік болатын. Олар әрине бұл әннің болашақта егеменді еліміздің әнұраны болатынын білген жоқ, көрген де жоқ, бар ойлары тек еңсесі түскен халықтың рухын сәл де болса көтерейік деген еді. (Кешегі 86-жылы да жастар қақаған желтоқсан аязындаКеңес саясатына қарсылық ретінде, осы әнді айтып шыққан жоқ па еді намыстарын қайрап...)
Содан бұлар өздері жайлап айтып жүреді, туған күн және басқа мейрамдарда, ақыры бұл жоғары жоқта отырған партияның «қырағы сақшыларының» құлағына жетеді. Содан бұларды шақырып алып, тыңдап көреді ғой, жоқ болмайды, тексті өзгертіңдер деп қысым жасайды, тек қайырмасындағы менің елім, менің жерім деген сөздерді Шәмші қорғап қалады, қалғандарын тыңды игеруге мадақтауға арналған жалынды сөздермен ауыстырғызады, естеріңізде бар болса: дән егіп терлеген, қазағым мықты ғой деген тіркестер бар еді ғой, бала кезімізде ән сабағында талай айтушы едік қой бұл әнді..
Сонда да бұл әнді ашық орындауға ешқандай әншінің батылы бармайды, бәрінің қорқатыны партияның «қырағы сақшылары».
Тек 1959 жылы Қазақ радиосында істейтін әнші апамыз Жамал Омарова ешкімнің рұқсатын сұрамай ақ өз репертуарына осы әнді кіргізіп жібереді, содан кейін айтыла бастады, осы ән арқылы халықтың рухы көтерілді, еңсесі тіктелді, халық айтатын ән ұранға айналып кетті десе де болады...
2006 жылы егеменді еліміздің жаңа әнұранын қабылдау туралы мәселе туғанда, депутаттар бірауыздан Менің Қазақстаным әнін қолдап дауыс берді. Содан бері бұл ән Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде, асқақ рух пен елдіктің нышаны ретінде шырқалып келеді.

Е. ЕСІМОВ
Сурет: www.ar.egemen.kz
15 тамыз 2024 ж. 318 0