Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бесікке бөлеу дәстүрі қайдан шықты? Бос бесікті неге тербетпейді?

Бесікке бөлеу дәстүрі қайдан шықты? Бос бесікті неге тербетпейді?

Халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі көп.Оның бәріне терең үңілсең үлкен мән-мағына көресің. Салт-дәстүр, ырым-тыйымдар қазақтың болмысымен, тұрмысымен біте қайнасып кеткен. Және өскелең ұрпақты, ғазиз адам баласын жамандықтан қорғап, жақсылыққа бағыттайтын мәнге ие. Бүгін сондай бір дәстүрге тоқталмақпыз. Бесікке бөлеу дәстүрі қайдан шықты? Бос бесікті неге тербетпейді? Міне осы дәстүрдің Отбасы хрестоматиясының «Салт-дәстүр сөйлейді» атты кітабындағы тарихын назарларыңызға ұсынамыз.
Бесік Айырқалпақ Айдаһар бидің заманында дүниеге келген деседі. Ол кезде ұлан-байтақ даланы Мизам баб қорғайды екен.

Қара қытайлар Сарыарқаның кеңдігіне қызығып, жиі шабуыл жасап отырады. Бірақ Мизам бабқа шамасы жетпей, үнемі женіліс табады екен. Мизам баб ағаш егуді, бау-бақша жасауды кәсіп етеді. Жұрт «ағаштың пірі - Мизам баб» деп атайды. Аңызда Жетісу мен Алтай өңіріндегі ну орман Мизам бабтың еккен ағашынан шыққан деседі. Ол жүз елу жыл жасап қайтыс болыпты.

Бабтың дүниеден қайтқанын естіген қытайлар бір күнде келіп, оның орманын өртеп жібереді. Бұл кезде Мизамның баласы Айдаһар алыста жүр екен. Әкесі түсінде аян беріп: «Пейілі тар қаскүнем менің орманымды өртеді», - дейді. Айдаһар би ертесіне жетіп келеді. Орман түгелімен жанып кетіпті. Тек бірлі-жарым тобылғының қисық бұтақтары ғана оттан аман қалған екен. Айдаһар әкесіне Құран бағыштап, қисық ағаштарды өзімен бірге ала кетеді.

Бір күні Айдаһардың сәбиі уанбай, жылай беріпті. Әйелі екеуі не істерін білмей қиналады. Емші-тәуіптерді жағаласа да, баласы жұбанбайды. Би қатты сасады. Қызының жылағанына шыдай алмай, далаға шығып кетеді де, Құдайдан медет тілейді. Бір уақта қызының дыбысы шықпай қалады. «Бір нәрсе болды ма екен» деп үйге жүгіріп келсе, қызының жанында ақ киімді бір кісі отырады. Ол жанбай қалған тобылғының қисық бұтағына бөпені салып тербетіп отыр екен. Айдаһар жақындағанда көзден ғайып болады. Би мұны «Құдайдан келген ишарат» деп түсінеді. Түнімен қисық ағаштарды құрастырып отырып, бесікті жасап шығады. Сәбиін соған салғанда ол жұбанып, тәтті ұйқының құшағында тербелген екен.

Бесіктің пайда болуы аңызда осылай баяндалады. Бесік ең алғаш тобылғыдан жасалғандықтан, ол қасиетті ағаштардың біріне айналыпты. Одан бесік, қамшы, ыдыс-аяқтар жасапты. «Бесікті отқа жақпа», «аяқасты етпе», «кадірлеп ұста» деген ырымдар осыдан кейін шыға бастаған екен. Тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдайды.

Бос бесікті тербетпе
Бос тұрған бесікке Ібіліс баласын салып қояды екен. Бос бесікті тербеткен шайтанның баласын тербеткенмен бірдей. Сондықтан «бос бесікті тербетпе» деп тыйым етеді. Ібілістің баласы бос бесікте жасырынып жатады екен. Сәбиді бөлер кезде отпен аластамаса, жасырынып жатқан шайтан баланың ішінен нұқи береді. Содан сәбидің іші ауырады. Мазасы қашады. Сондықтан бөпені бесікке бөлерде аршамен, адыраспанмен болмаса жеті шырпымен аластаған жөн деген дәстүр шығыпты.

Ақпарат көзі: turkystan.kz.
Фото: ашық дереккөз 
06 қыркүйек 2024 ж. 190 0