Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ой өзгермей, өмір өзгермейді

Ой өзгермей, өмір өзгермейді

Бағы жанбаса адам не істеу керек? Адамзат үшін бақ дегеніміз не? Бәлкім, ол - жайлы орта, мықты денсаулық, рухани байлық, мол дәулет, шүкіршілік шығар? Әлде, анық ой, сөз сарасы ма, нақты шешім бе, тура жол ма, оңды іс пе? Әрбір адамның сана деңгейі әрқалай болғандықтан, сан қилы жауап туатыны қисынды. Дегенмен, солардың ішінен Шәкәрім қажының:

“Шын бақ - ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде” деген пайымы кез келген пенденің көңіл төрінен орын алатыны сөзсіз. Ал, кезінде Ш.Құдайбердіұлы бірнеше мәрте хат жазған орыстың данышпан жазушысы Лев Толстой:

“Адам бақытты болуға тиісті, ал бағы жанбаса, оған сол адамның өзі ғана кінәлі” деп тереңінен толғайды. Олай болса, жеке адамның жолы болмағаны үшін, жетістікке қолы жетпегені үшін өзгені кінәлаудың, сөге жамандаудың, қапа болып, көпке тас лақтырудың қажеті жоқ. Керісінше, ақылмен, тәрбиемен, біліммен, маңдай тер төгумен, яғни адал еңбекпен келетін адал табыстың кілті әркез өз қолыңда екендігін ұмытпаған жөн. Қазір қоғамдағы кемшіліктер талқыға түскенде, өздері сүттен ақ, судан таза болып көрінгісі келетіндер қатары көбейді. Тіпті өз басы жіберген қателіктерге басқа біреуді, билікті, тәуелді кезеңнен бергі отыз жылды сынау-мінеу толастамай тұр. Содан бақыт құшағына еніп, бағы жанғанды әзірге көрген де жоқпыз.

Шындығында, бақытты болу - әркімнің өз қолында және баршаның өркениетті ел заңдылығына, адамзатқа ортақ пайымға мойынсұнуында деп білеміз. Жақсы ой - саулықтың, қанағаттың, бақуатты тұрмыстың негізі.

Дархан МЫҢБАЙ

Ақпарат көзі: muslim.kz
25 қыркүйек 2024 ж. 285 0