Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бөгеннің бел баласы, журналистиканың дүр дарасы

Бөгеннің бел баласы, журналистиканың дүр дарасы

Қашан көрсең де ойға шомып тік жүреді. Ешкімнің меселін қайтармайды. Артық ауыз сөз айту қанында жоқ. Арық сөйлеп, семіз шыққанды жаны қалайды.
Ол – Бөгеннің бел баласы. Сонау 1954 жылы ақжал толқынмен алысқан балықшы отбасында жарық дүние есігін ашқан. Қаршадайынан ерекшелігімен көзге түскен жектіншек қаламға құштар болып өсті. Қай перзентті де қиял қанаттандырады емес пе? Қалам мен парақты жастанған бозбала мектеп табалдырығында жүріп, аудан айнасына баланған «Толқын» газеті мен «Балдырған», «Қазақстан пионері» сынды басылымдарға мақалаларын жиі жолдады. Қысқасы, түрлі деңгейдегі редакциялармен ұдайы хат алысты. Бөгендіктер көзінен от ұшқындап тұратын кішкентай ұлдың арманына сеніммен қарады. Сенім алдаған жоқ. Біз тақырыпқа арқау еткен журналистикада айтулы жетістіктерді бағындырған төртінші билік тарланы Жұматәлі Әбдіраман үстіміздегі жылы жетпістің желкенін кермек.
Әкесі Әбдіраман мен анасы Ұлмекен тәрбиесімен антқа адал болып үйренген жігіт №20 Бөген орта мектебін бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, армиядан болаттай шыңдалып қайтты. Бертін келе, көкейінде жүрген мақсат жолында Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматыға барып, осындағы журналистердің ұстаханасына айналған ҚазМУ-дің студенті атанып, мүйізі қарағайдай тұлғалардан дәріс алды. Қалам ұшымен қоғам қалыптастырудан бөлек, көркем әдебиетке де қолтаңба қалдырған Жұматәлі белгілі жазушылардың оң пікірімен одан әрі қанаттана түсті.
Диплом 1980 жылы қолға тиді. Қазақстандағы маңдайалды университетті бітіріп келген жасқа әркез жол ашық. Қаншама редакциялар менмұндалап өзіне шақырды. Алайда, облыс орталығына тиіп тұрған Сырдария ауданындағы «Сырдария» газетінің редакциясынан Жұматәліге алғашқы қызмет баспалдағы бұйырды. Шағын аудан болғанымен, егіншілік кәсіппен танылған сырдариялық патша көңілді оқырман нағыз кәсіби журналисті жылы қабылдады. Нақтырақ тоқталсақ, Жұмекең өзіне тиесілі функционалдық міндетті біркісідей асқан жауапкершілікпен атқарып, қабылдаған редакцияның ыстығына күйіп, суығына тоңды. Күн-түн демей ізденіспен жүріп жақсылардың жақсылығын асырып, кемшілікті айна-қатесіз жазып, бетке басты.
Тереңнен су маржанын сүзген балықшының ұрпағы, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанған Әбішевтің үкілі үміті Жұматәлі мұнымен тоқтап қалған жоқ. ҚазМУ-дей қара шаңырақтан алған тәлімді болашағымен байланыстырып, Қызылорда қаласына табан тіреді. Мұнан соң Сырдың бас қаласы Қызылорданың тарихын түгендеп, қаттаған «Сыр бойы» газетінен нан-тұз бұйырып, сол кездегі редактор Жақсылық Рахматулланың қолдауымен қызметке қабылданып, қаламы ұшқыр журналист сатылап өсіп, жауапты хатшылыққа бекітілді.
«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген тәмсіл көзі қарақты, көкірегі ояу жұртшылықтың жадында шығар. Редакциядағы қым-қуыт тірлік Әбдіраманды онан сайын шығармашылықтың шыңына шығарып, қалам ұстаған қауымның арасында даралай түсті. Әріптестер арасында орны бөлек азаматқа бағытталған:
Сыпсың сөз жат, жаны сүйген тазаны,
Бірде макет, бірде очерк жазады.
Үлестіріп отырса да ай сайын,
Ортаймаған қаламақы қазаны, – деген шумақ әзіл болса да шындыққа жанасып, кейіпкеріміздің кісілік келбетін айқындай түскендей.
Уақыт алға сырғыды. Журналистік жолда қаншама асуды асып, биіктерді бағындырған Әбдіраман 1992 жылы облыстық телеарна компаниясында редактор, телекоментатор, бас редактор ретінде өлшеусіз еңбек етіп, кезекті мәрте жақсы қырынан танылды. Майталман маман қай уақытта да сұранысқа ие емес пе. Сол шақтағы Арал ауданының әкімі болған Айтбай Көшербай облыс орталығында қызмет қылған Жұматәлі Әбдіраманды аудандық «Толқын» газетіне келуге қолқалады. Бұл уақыттағы «Толқынның» жайы мәз емес-тұғын. Салғаннан іске кіріскен Әбдіраман теңіз төскейіндегі тұрғындардың төл газетін жаңаша леппен жақсартуға білек сыбана кірісті. Бес жыл бас редактор болған ұста редакцияның ішкі-сыртқы жұмысына айрықша мән беріп, баспаның материалдық-техникалық базасын дұрыстау үшін тынымсыз тірлік қылды. Нарықтың көшіне ілесіп, тұралай бастаған баспа өнімінің еңсесін тіктеді. Жалақы мәселесіне де назар аударып, қарамағындағы қызметкер, жұмысшылардың еңбекақыларын уақытылы алуларына басымдық беріп, көпшіліктің қамын күйттеді. Бәрекелді дескен ұжым шаттанды, басшымен мақтанды.
Ғасыр тоғысында «Толқын» газеті редакциясында компьютерлік орталық жасақтап, «Рамойер» баспа машинасын іске қосты. Аудан айнасы іспетті «Толқынның» 70 жылдық мерейтойында аудан басшылығымен келісе отырып, уақытпен үндескен, тарихпен тілдескен газет атынан қаланың бір көшесін алуға атсалысты.
Иә, бүгінгі таңда білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен жұбайы Қарлығашпен бірге шуақты шаңырақтың иесі атанып, ұл-қыздарының тілеуін тілеп отырған ағамыз аудандық емес, облыстық шеңберді көкседі. Білгені де, түйгені де көп журналист бұдан кейін аймақтағы басты басылым «Сыр бойына» қызмет ауыстырып, үстіміздегі жылы 95 жыл толатын редакцияда үлкен ізденіспен мінсіз қызмет етті. Атап айтсақ, аталмыш газетте бөлім меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі, коммерция жөніндегі орынбасары, артынша бас редакторы болды. Баспасөз саласында 40 жыл тер төккен. Қабілеті ерек, жазуы бөлек жан міне, осындай абыроймен 70 жастың көжесін ішкелі отыр. Оның өзі зейнетке шыққанымен, қаламы ешқашан дамылдаған емес. Сол баяғы ойдың кенін қазу, тынымсыз жазу. Қазақстан Журналистер Одағының және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі ретінде бірнеше деректі кітаптардың авторы атанған Жұматәлі «Жүз жасаған мектеп», «Ғасыр ғибраты», «Бөген тарихы» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Бұдан бөлек, «Көк теңіздің күмбірі» атты кезекті туындысын жоспарлап, баспаға ұсынып қойған. Әріптес ағамыздың жүріп өткен ғибратты жолы ұдайы ескерусіз қалмай, «Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» атақтарымен марапатталып, абыройы онан әрі асқақтай түсті. Әлі де асқақтай береді!
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
28 қыркүйек 2024 ж. 229 0