Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жерге ту тіккен

Туған жерге ту тіккен

Үлкен-кішіні есеңгіреткен алапат соғыс. Жеңіс жалауын желбірету үшін талай жайсаңдар осы бір қиын-қыстау шақта қарап қалмады. Бәрі де ұрпағының амандығы үшін басын қатерге тігіп, мұздай қаруланған неміс басқыншыларына қарсы аттанды. Солардың арасында  біз тақырыпқа арқау еткен  Тойбазар Төлебаевтың әкесі де қолына қару алды.
Хош. Сонау 1904 жылы өмірге келіп, балаларының бақытына жол ашқан  Әбубәкір қарт  4 жыл соғыста бел ортасынан табылды. Антқа адал солдат жорық жолында талай мәрте қиындықпен бетпе-бет келді. Командирлерінің бұйрығын екі етпей, жеңісті жақындатуға қаруластарымен бірге ұрыс даласында жасындай қимылдады. Адам басына салмайтын кез еді. Өмір мен өлім тайталасқа түскен жорықта тойымсыз Гитлердің түпкі мақсатына балта шауып, мамыражай заманның тез оралуына себепші болған майдангер Тәңірдің қалауымен аман-есен туған  өлкеге табан тіреді. Мерейі асқақ, жүзі жарқын әке өсіп-өнген жерінің өркендеуіне атсалысып, жұбайы Раушанмен бірге аудан дамуына үлес қосты.
Иә, осы жерден сәл шегініс жасап, өнегелі әкеден, тәлімі мол шешеден алған тәрбиемен ержеткен Тойбазар Төлебаев туралы сөз сабақтауды жөн көріп отырмыз. Аты аталған ағамызды жергілікті жұрт жақсы біледі. Әсіресе, білім саласының мақтанышына айналған жанның бір мектепте жарты ғасыр қызмет атқаруы кім-кімге де үлгі.
Тарқатып айтсақ, Тойбазар Төлебаев 1953 жылы Жақсықылыш ауылдық кеңесінде жарық дүниеге келді. Отан үшін отқа түскен ардагердің көз қуанышына баланған перзент Қарақұм ұжымшарының №4 Жіңішкеқұм бөлімшесінде алғаш рет мектеп партасына отырып, аузы дуалы, сөзі қонымды ұстаздардан білім алды. Кейін бастауышты тәмамдаған соң құмдағы білім бұлағы саналған №59 Қарақұм орта мектебінде қияға қанат қақты. Қайсар болмысты соғыс куәгерінің ұлы осал болсын ба? Қос шынарының айтқанын екі етпей, ата-ананы ұдайы құрмет тұтқан жас  батамен ер көгеретінін ешқашан естен шығармады. Салғаннан Жіңішкеқұм бастауыш мектебі жанынан ашылған интернатта тәрбиеші болып жұмыс жасаған арманы асқақ ол үйдің еркелерінің тілін тапты. Жауапкершілік жүгін шынайы сезініп, әр істі мінсіз атқарды.
Өсемін деген ұлды арқаға қаққан ұлт емеспіз бе? Әкесі Әбубәкір мен жергілікті тілеулес жұртшылық мақсаты айқын жастың жолына тұрмады. Оқуына, көп нәрсені көңілге тоқуына қолдау білдіріп, арманына жол ашты. Сөйтіп, Тойбазар 1973 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институттың филология факультетінде оқып, қазақтың қара сөзін қалқып ішкен кең маңдай ағай-апайлардан білмегенін үйренді.
Диплом – кез келген жанның өмірлік наны. Адам осы бір білім ордасынан иеленген қатты қағазбен болашағын байланыстырады. Тойбазар да солай етті. Төрт түлігін өріске өргізген ауылдастарының мақтанышына айналып, Жіңішкеқұмдағы білім ошағында бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке араласып, бірнеше жылғы жүйелі жұмысы оң нәтиже беріп, №230 орта мектебінде директордың сыныптан тыс жұмысын ұйымдастырушы ретінде қызметке бекітілді. Әркез сенімге селкеу түсірмеген мұғалім тәуелсіздік алған жылдары аталған мектептің директоры қызметіне тағайындалды.
Алты Алаштың рухани астанасы саналған Түркістанда өткен кезекті бүкілхалықтық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адал адам мәселесін көтергені есімізде. Сол алқалы жиында Президент «Адал азамат және  тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады» деген еді. Расында да Тойбазар Төлебаев  адалдықты қаршадайынан көңілге тоқыды. Ержете келе сол үрдістен жаңылмай, ешкімнің ала жібін аттамауды өмірлік қағида қылды. Тойбазардың толымды тірлігін құм қойнауындағы тұрғындар да сезініп, жақсылық жасауға деген құлшынысын жан-тәндерімен ұғынды. Қашанда елге болсын деген азамат білім саласының көкжиегін кеңейтуге біркісідей үлес қосып, ауылдағы мектеп-интернатқа бар жағдай жасады. Әр баланың тағдырын ойлады. Ертеңі еңселі болуына тіледі.
Міне, жоғарыда тілге тиек еткен адал адам қағидасы осындай жұрттың жоғын жоқтаған азаматтарға бағытталғандай. Көптің көкейіндегі мәселе Тойбазар үшін бірінші кезекте тұрғаны көз көргендерге жақсы мәлім. Әсіресе, жатағандау келген ескі ауыл мектебінің жаңадан салынуына осы кісінің айрықша еңбегі бар екенін кейінгі буын әлі айтады. Қаншама есікті тоздырып, аудан, облысқа хат жолдап, ақырында құрылыстың басталуына  септігін тигізген. Қазіргі таңда Жіңішкеқұм ауылына сапарлап барған жолаушы алдымен алыстан мен мұндалаған еңселі ғимаратты көріп тамсанады.
Адам ісімен көрікті. Тойбазар білім ұясын тоқырау уақытында да жандандыруға  бар күшін салды. Мектеп өз-өзін қаржыландыру үрдісін қолға алып, түскен қаржы кабинеттерді жабдықтауға, озат оқушыларды ынталандыруға жұмсалды. Мектеп ұжымы бұл істе озық шықты. Ауыл орталығынан балалардың игілігіне монша салынып, сауапты істің басында да Тойбазар жүрді. Оңай олжаға құныққан бәзбіреулердің салдарынан  ауылға тартылған электр сымдары ұрланып, елді мекен жарықсыз қалған кезде мектеп директоры және туған жер жанашыры ретінде ұрланған 20 шақырым электр сымдарын сақтап қалуға да аянбай үлес қосты. Бұдан бөлек, Тойбазар Төлебаев орталау мектепті 11 жылдық сыныбы бар орта мектепке айналдыруда үлкен ізденіспен тер төкті.
Қазір ол ауыл қадірлісі. Ұзақ жыл ұстаздық қызметі абзал жанды абыройға бөледі. Жұбайы Күмісаймен бірге ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бауыр еті балаларының барлығын қоғамда өз орнын табуға бейімдеді. Бүгінгі таңда зейнетке шығып, ауылдастарының ақылшысына айналған Тойбазар Төлебаев немерелерінің ортасында әдемі қартайып, жетпістің желкенін керген қадірменді қария атанып отыр.          
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
17 қыркүйек 2023 ж. 1 118 0