Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Майдан шебіндегі машинист

Майдан шебіндегі машинист

– Әкем заманның қиын кезінде қамал алатын жасты алқымдап тұрған шағы екен. Яғни 1941 жылдар. Ол кезде тепловоз айдайтын машинистер мен оның көмекшілеріне артылар сенім зор ғой. Қазіргідей зулап жатқан көліктер, алып ұшақтар жоқ. Одақтас елдің тамырына қан жүгіртіп тұрған темір жол саласының қайнап тұрған шағы. Сол кезеңдерде әкем отырған отарба елден тонналаған астық, майдан шебіне қажетті қару-жарақтар мен киім-көншектер артылған вагондарды сүйреп, майдан шебіне жол тартады. Сол кездегі естеліктерінің бірінде көмірмен күш алатын тепловоздың отын қоры таусылып, орнына вагондағы балықты жаққан кездері болған екен. Ол кездері баламыз ғой. Айтып отыратын естеліктерінің барлығы есімізде қалмапты. Әкеміздің қолына қару алмаса да, майдан шебіндегі жауынгерлерге көптеп көмек тигізгенін кейін білім жатырмыз, – деп еске алады Тілеген Нағашыбайұлы.
Сонау 1902 жылы Жақсықылыш ауылдық кеңесіне қарасты №9 елді мекенінде жарық дүние есігін ашқан Нағашыбай Жолдығұловтың Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келген тағдыры, жүріп өткен өмір жолы кейінгі буынға үлгі боларлықтай. Ұлы жоғарыда айтып өткендей кейіпкеріміз Нағашыбай заманның қиын шағында жастық шағын өткізген. Сұрқай саясаттың салдары жас баланы ерте есейтті. Тағдыр сынағына ерте іліккен ол 12 жасында әкесінен жетім қалды. Анасы және бауырларына бас-көз болуды өзіне жауапкершілік ретінде сезінген жасөспірім небәрі 15 жасынан бастап тіршілігі қайнаған темір жол саласына араласты. Нағашыбай атамыз темір жол саласында түрлі қызметтер атқарады. Осы салада шираған жан уақыт өте соғыс жылдары таяған шақта Қазалыдағы 2 жарым жылдық машинистер дайындайтын курста оқиды.
Елдегі қалыпты өмір кестесін 1941 жылы тұтанған Ұлы Отан соғысы бұзды. Бұл кездерде кейіпкеріміз Нағашыбай қамал бұзар 40 жасқа ат басын бұрған атпалдай азамат еді. Елдегі еркек кіндікті сол бір сұрапыл соғыстың алғы шебіне аттанып жатқан-ды. Өкініштісі, 1943 жылы сұрапыл соғыстың қызған шағында інісі Аққалидың туған жеріне ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз келді. Бұл бүтін бір әулеттің қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдай еді. Осы кезде Нағашыбай Жолдығұлов тылда еңбек етуге қажет деген бұйрықпен соғыстан қалдырылды. Дамылсыз еңбек пен тынымсыз тірлікті қажет ететін сол бір сұрапыл кезеңдерде майдан даласына қажетті азық-түлік пен киім-көншекті жеткізу де үлкен ерлікті қажет ететін жағдай деп қабылдау орынды шығар. Бұл жұмыстардың бел ортасында жүрген тәжірибелі машинистердің қатарында Нағашыбай атамыз да бар еді. Оқ пен оттың ортасында талай қиындықтарды бастан кешіргенін, ажалдан аман қалған сәттерін ұрпағына айтып отыратын. Біздің әңгімемізге арқау болар сол естеліктер.
Екінші дүниежүзілік соғыстан 1939 жылы бронмен қалдырылған теміржолшы машинистер курсын тәмамдаған соң арнайы тапсырмамен 1942 жылы Львов жеріне азық-түлік, киім-көншек тиелген паровозға слесарь болып майдан даласына сапар шеккен. Сұрқы қашып, сүреңсіз кейіпке енген, оқ пен от бораған Псков және Львов қалаларында болған теміржолшы Нағашыбай Жолдығұлов сол сапардың өзінде соғыс деген сұрапыл шақтың қандай қасірет екенін ұққандай. Күндіз ит тұмсығы батпас қалың орманды тұрақ ететін кейіпкеріміз мінген паровоз түнде жүріп, күндіз тұрып елге аман оралады. Еркелікті көтермейтін қатал тағдыр ерте есейткен кейіпкеріміз тылда еңбек еткен жылдарда қан майдан шебіндегі замандастарына демеу, отбасы мен ағайын-туысқа қамқоршы бола білді.
Шындығында, сұрапыл соғыстың салған зардабы қай елге, қай салаға болмасын аса ауырлық тудырды. Тіпті, жолда жүрген машинистердің өзі көз аштырмас қара түнектер мен қарша бораған жау оқтарының салдарынан жолдар бөгеліп, 3-4 күндеп далада қалатын жағдайлар жиі орын алатын. Міне, осылайша, қиын-қыстау заманның қасіреті мол тұстарына куә болып, талай қиындықты бастан өткерген кейіпкеріміз 1945 жылы еңбек майданында жүріп «Жеңіс» деген қуанышты хабарды естіді. Өз отбасына аман-есен қауышып, Ұлы Жеңісті естен кетпес күндердің бірі ретінде қабылдаған ол әркез отбасы мен Отанының амандығын тіледі. Бейбіт өмір басталған соң да еңбекші қауымға тыным болмады. Сол бейнетті жылдардың бел ортасында болған қарт теміржолшы соқалы дәуірдің сүрлеуінде болып, абыройлы еңбектің арқасында зейнетке шықты.
«Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен күн кешкен халыққа қуанышты күндерді сыйлап, Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан кейіпкеріміз 1951 жылы үкіметтің ең жоғарғы наградасы «Ленин» орденімен марапатталды. Мұнан бөлек, Сталиннің «Отанды қорғағаны үшін» медалін тақты. Коммунистік еңбек екпіндісі атанып, талай мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталды. Отбасылық өмірде де өзіндік орнын айшықтап, ағайын-туысқа қадірі артқан абыз кеуде ақсақалдың жолдасы Әйдай да темір жол саласында тынымсыз еңбек етті.Өздерінен өрбіген 2 ұл, 2 қызды өмір көшіне ілестірді. Еңбекқор жандардың тәлімімен есейген ұлдары Тілеген мен Тілеубай да ата-ана жолын қуып, осы салада еңбек етті. Қазіргі таңда Нағашыбай қарттан тараған ұрпақтар темір жол бойындағы Аралқұм станциясында тұрмыс кешуде. Тілеубай зейнеткер. Тілегені темір жол саласында. Өсіп-өнген, балалы-шағалы. Бір сөзбен айтқанда, Нағашыбай атамыздың әулеті темір жол саласында еңбек етеді. Бұл отбасын білетіндер бүгінде «Теміржолшылар әулеті» деп атайды.
А. БИСЕНОВ
08 мамыр 2023 ж. 468 0