Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір суреттің тарихы

Бір суреттің тарихы

Биыл ерекше жыл. Қазақ әдебиетінің мэтрі, заңғар жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ғасырлық мерейтойы аталып өтуде. Айдынды Аралдың төл перзенті, қазақ әдебиетінде өшпес қолтаңба қалдырған Әбе жайлы толығырақ дерек іздеп Қызылорда облыстық мемлекеттік архивіне хат жолдағанбыз.
Жауап келді. Аса құнды деректерге қанықтық. Әсіресе осы бір сурет көңілімізді еркісіз қозғады. Болашағы барша қазаққа мәшһүр болатын, ел аға тұтатын Әбенің бала шағы. Алдағы күнінен бейхабар балалық пен момындық, күмәнсіз еркелік, арқасын асқар тауға сүйеп отырған сенімділік сезіліп-ақ тұр. Бірақ бұл бейнедегі басты назар аударатын дүние ол емес. Әдебиет алыбының алыбы, әкесі – Кәрімнің бейнесі.
Бұл ескі суретте ескірмейтін естеліктер жетерлік. Қарапайым ғана қазақтың болмысы бөлек, бітімі ерекше. Еңселі азаматтың екі иығына екі кісі жайғасардай жауырынды келуі, білекті пошымы ер азаматқа тән асқақтықты анық аңғартса, тақа мұрты жүзіне жігіттікке жарасымды орналасқан. Ал сабырлы мінезі қазіргі таңда ересектердің көбісінен табыла бермейтін ұстамдылықты ұсқындап тұр. Кең кеудесіне арқасын сүйеп, бура санды азаматтың алдында отырған бала Әбдіжәміл мен әкесі Кәрімді сұм соғыс мәңгіге ажыратады деп ойлапты ма осы уақытта?
Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 қазан 2024 ж. 130 0