Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шалғайдағы елдің шаруасын ширатқан

Шалғайдағы елдің шаруасын ширатқан

Мақаланың мүйісіне адам ісімен көрікті деп айдар тақтық. Расымен де солай. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, өзі туып-өскен жердің өркен жаюына аянбай біркісідей тер төккен. Шөмен Андызбаев туралы сөз көп. Әсіресе, осынау ел жанды азаматтың адалдығы мен іскерлігі хақында көпшілік жиі айтады.
Хош. Енді негізгі тақырыбымызға көшейік. Кейіпкеріміздің әкесі Биқожа Ұлы Отан соғысында басын қатерге тіккен майдангер еді. Неміс басқыншыларына қарсы қару ұстаған өмірі өнеге жан бақайшағына дейін жасақтанған дұшпанның бетін қайтаруға барын салған. Жеңіс жалауын желбіреткен жеңімпаз солдат елге келген соң, ақжал толқыны жағаға ұрған теңізде су маржанын сүзген балықшы ретінде танылды. Қай іске де асқан жауапкершілікпен қарайтын ардагер толқында түнеп, толқында түстенді. Балықшылар бригадирі болып қоғам дамуына айрықша үлес қосты. Анасы Айсаман екеуі көздің қарашығындай перзенттерінің болашағы үшін аянбады.
Елу жылда ел жаңа емес пе? Ұрпақтары өсті, есейді. Атқа мінері Шөмен жастайынан еңбекпен есейіп, әкесінің қолғанатына жарады. Отбасындағы тәлім-тәрбиесі бойға дарыған ол санаға сіңіріп, ешкімнің ала жібін аттамауды үйренді. №20 Бөген орта мектебіндегі ұстаздардан білім алған жас майдангер ізбасары екенін дәлелдей алды. 1978-1981 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Армия – өмір мектебі. Кірзе етік киіп, шинель асынған азамат осы жерде болаттай шыңдалды. Бөгеніне оралған соң арман қуып, Алаштың анасына баланған Қызылорда қаласындағы Қазақ ССР ауылшаруашылығы Министрлігіне қарасты Қызылорда селхоз техникумының студенті атанып, сол шақтағы мәртебелі оқу орнын тәмамдады. Білім ордасының тәлімгері атана жүріп, көп нәрсені ұғынған Шөмен шаруашылықтың қыр-сырын жетік меңгерді. Артынша, өзі оқыған мектепте шәкірттерге дұрыс жол нұсқап, көкжиегін кеңейтуге үлес қосты.
Тыңнан түрен салып, қабілет-қарымымен үлкен ізденісте жүретін Биқожа қарт пен Айсамандай алтын құрсақты ананың үкілі үміті нарық заманында уақыт талабына бейімделіп, кәсіптің де көзін тапты. Бұл ғасырлар тоғысындағы қадам еді. Яғни, 2000 жылы атпал азамат «Жомарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорлығының тізгінін ұстап, сан мәрте құрылым жұмысының алға басуына септігін тигізді. Мұнан әрі «Бөген» селолық тұтыну кооперативі басқарма бастығының орынбасары, «Бөген» балықшылар орталығының басқарушысы ретінде мінсіз қызмет атқарып, өзінің іскерлік қабілетін кім-кімге де дәлелдей алды.
Адам өмірі үш тараудан тұратын кітап сияқты. Жабылғанша биіктерді бағындырып, асуларды асады. Жастық шақтың дәуірінде Шөменнің өкпесі жоқ. Қадам басқан мақсат жолында қателеспеді. Көкейдегі ой орындалды. Арман қол бұлғай өзіне шақырды. Адаспады, алға басты. Әсіресе, ауылдық округ әкімі ретінде ұзақ жыл жұмыс жасаған сәті көптің көз алдында. Он бес жыл аз уақыт емес. Айлар алмасты, жылдар жалғасты. Сол кезде аудан әкімінің келісімімен бекітілген әкімдік қызметке Шөмен Андызбаев тас түйін дайын болды.  Қыруар істі тындырып, туған жердің туын биіктетуге барлық күш-жігерін жұмсады. Әр тұрғынның сөзін мейлінше жерге тастамауға тырысқан ол қандай да бір мәселені атқарушы билікке ұғындыра алды. Оң шешімін табуына ықпал етті. Әр бөгендіктерді бауырым деп білгенінің арқасында ылғи да алғыс арқалады. Алақандай ауылдың жайын бес саусақтай біліп, басталған шаруаның аяқталуына жастыққа бас қойғанша ойлады.
Күнгей мен көлеңкені таразылайтын кәсіп иесі емеспіз бе? Көргенбіз, бағамызды бергенбіз. Жазғанбыз, ойдың кенін қазғанбыз. Бір кездегі Бөген бүгін басқа кейіпке енген. Қазақы жер тамдар ақ шатырлы еңселі үйлерге алмасқан. Округке қарасты жатағандау келген Қарашалаң елді мекеніндегі орта мектеп заманауи үлгіде бой көтерді. Бөген мен Қарашалаң елді мекендерінің ауыз суы жаңғыртылып, әрбір отбасына сапалы тіршілік нәрі тартылған. Ауыл интернет желісімен  толық қамтылып, осындағы әкімшілік, мектеп, дәрігерлік амбулатория жоғары жылдамдықтағы ғаламтордың игілігін сезінген. Тұрғыныдар сұранысына Бөген-Қызылорда бағытындағы жолаушылар тасымалы жолға қойылған. Бұдан өзге округке таяу орналасқан Қарашалаңға типтік жобадағы балабақша әр шаңырақтың еркелеріне айқара есік ашса, Бөген ауылындағы көшелерге қиыршық тастар төселген. Жарықтандыру да назардан тыс қалмай, түн қараңғылығында жұртшылыққа қолайлы жағдай туғызылған. Салауатты өмір салтын ұстанған жастар үшін спорт алаңдары пайдалануға беріліп, болашақ иелерінің спортпен шұғылдануына бар мүмкіндіктер қарастырылған.
  Шаруаның жайын білген алға озады. Шөмен өзі әкім болып тұрған кезінде шаршаған жоқ. Оған жоғарыда атап өткен істер дәлел. Теңіз деп толғанды. Кіші Аралды қалыпты ұстап тұруға, Көкарал бөгетінің орны айшықты екенін үнемі қаузап, мамандармен бірлесе қимылдады. Округте орналасқан «Балғабай», «Бекетай», «Стан»,  «Көкіш» каналдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тазартуға білек сыбана кіріскен Шөмен жерлестерін егін егуге үндеді. Нәтижесінде ауыл халқы 40 гектар жерге бақша дақылдарын егу жұмыстарын ұйымдастырды. Бөген және Қарашалаң ауылдарында балық зауыттары бой көтеріп, «Сарытерең», «Тікаша» және «Тәуір» каналдары қайта қазылып, типтік жобада су тоспалары салынуы үстінде. Мұның бәрі кешегі әкімнің берекеті деп білген бөгендіктер жақсының жақсылығын ауыздарынан тастамай жүр.     
«Отбасы – шағын мемлекет. Жүзі мейірімге толы әке ұрпақтарының бақытты ғұмыр кешуін естен шығармады. Өсем деген ұлды, кетемін деген қызды бақты, қақты. Жұбайы ауылдағы «Айдын» бала бақшасында меңгеруші қызметін абыроймен атқарып, бүлдіршіндерге шуағын төгіп, атқа мінген азаматының жағасын кірлетпеді. Ал тұңғышы Марат №20 З.Шүкіров атындағы орта мектепте тәрбие мен білімді ұштастырып, тарихи білім ұясына басшылық етуде. Сондай-ақ, Жанаты қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жұмыс жасаса, Саматы ветеринария саласында еңбек етіп, төрт түліктің амандығын күйттеуде. Болаты болса Қызылорда қаласында жеке кәсіп істеп, нәпақа табуда.
Иә, өсіп-өнген шаңырақтың бәйтерегі іспетті Шөмен зейнет жасында. Мемлекеттік қызметте көргені мен түйгені көп оған елі әлі де сенеді. Жақында сайланған жаңа әкімге бағыт-бағдар беріп, ауыл болашағы үшін тәжірибесін ортаға салудан жалықпайды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілді берік ұстанған Шөменнің кісілік келбеті осы. Қанша жылғы тынымсыз тірлік бақытқа бастап, ауылдастарының ризашылығына бөленген  жақсы адам  ұл мен қызден өрген немерелерінің жанында ата атанып отыр. Жақсы ағаға жүз жаса деген тілегіміз бар.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ


12 қазан 2024 ж. 421 0