ӘН БАЙҚАУЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Өнерпаз жігітке биылғы жыл көптеген табыстар әкелгендей. Оның алдында ғана Қызылорда облысының 85 жылдығы және Арал ауданының 95 жылдығы аясында Арал ауданы мәдениет үйінің қолдауымен «Шөмішкөл» ауылдық клубы ұйымдастырған «Ән салса сазды сырнайым» атты баян аспабымен ән орындаушылардың аудандық байқауында да бас жүлдені иемденген болатын.
Өнердегі табысты жеңісі Арал аудандық әкімінің қолынан «Алғыс хат» алуға жеткізді.
Әншілік өнерімен қатар саз аспаптарында жетік меңгеруі Ерланды биік белестерге жеткізіп жүр. Өнер дегеніміздің өзі уақытпен санаспай көп ізденуді қажет ететін нәзік мамандық. Жүректен шыққан әуенді сан жүректерге жеткізе білу кез- келген әншінің қолынан келе бермейді. Тыңдаушысы жоқ ән жетім. Сондықтанда әнді Абай атамыз айтпақшы «құлақтан кіріп, бойды алардай...» қылып тыңдармандарға жеткізу үлкен дайындықты керек етеді. Осы қағидаларды жанында ұстаған Ерлан Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Іңкәрім- ай» атты облыстық ретро ән орындаушылардың байқауында да жеңімпаз атанған.
Ерлан өзінің арысы кешегі дүниеден өткен Берекет жырау, күміс көмей әнші Темірхан Ерғалиев, берісі республика жұртшылығына танымал шайыр Шынберген мен Гүлнұр Оразымбетованың ауылында туғанын әркез мақтаныш тұтады.
Бізде Қызылжар ауылдық Мәдениет үйінің қызметкері Ерлан Едігеевтің өнер жолындағы табысты қадамдарына сәттілік тіледік.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені