Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өлеңі өміріне айналған

Өлеңі өміріне айналған

Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында өлең мен өнерді серік еткен ақын, сол ауылдың ақсақалдарының бірі Жанділда Баймұратов тұрады. Ұлы Жеңістен кейін Қызылжар елді мекенінде дүниеге келген Жанділда ағамызбен талай жыл көрші тұрған едік. Жас кезінен өлеңге құмар жанның 1971 жылы аудандық «Толқын» газетіне суреті мен бір топ өлеңдері шығып, баспасөз майталмандарынан сәт сапар тілегін алғанда бүкіл ауыл таласа-тармаса оқып, Жанділдаға ақын деген атақты ауылдастары беріп тастаған.
Жайбарақат тіршілікті жаны сүймейтін Жанділда өмірде де, өнерде де тынымсыз жан болатын. Кеңес әскері сапында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Қазалы қаласында ішкі істер бөлімінде істеді. Сол кездері ғой деймін шарбағының ішіне қапшыққа құмды толтырып күнде азанда соққылап жататын. Басқа салада істесе де қаламы қолынан түспеген Жанділданың Қазалы аудандық «Ленин туы» газетіне өлеңдері шығып тұрды. Облыстық «Ленин жолы» газетіне бір топ өлеңдері мен суреті жарияланғаны да сол кездері болатын.
Ақындығымен елге таныла бастаған Жанділда Баймұратов Партияның ХХІІ съезі атындағы совхозда комсомол ұйымын басқарған. Қолынан іс келетін жас жігітті Қазалы аудандық Мәдениет үйі жұмысқа шақырды. Бұл өнер адамдарының тектен-тек таңдауы емес еді. Өйткені оның алдында Қызылжар ауылдық клубында жұмыс істеп, бірнеше спектальдерді сахналағаны бар. Сонымен бірге ауылдағы әдебиетке жақын жандардың басын құрап, осы Мәдениет үйінде әдебиет үйірмесінде ашқан еді.
Қазалы аудандық Мәдениет үйінде әдіскер болып жұмысын бастаған ол алғашқы қадамдарында-ақ өзінің ұйымдастырушылық қабілетін байқата біледі. Жас жігіттің іскерлігін сезген өнер адамдары оны Жанқожа батыр ауылына Мәдениет үйінің директоры етіп жіберді. Бұл бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз болатын. Жастармен жұмыс істеуде аздап болса да тәжірибе жинақтаған Жанділда елмен тез тіл табыса біліп, мұндағы Мәдениет үйін жөнге келтірді. Небір бұзықтары бар ауылда, «шыдай алмас» деген көпшілік пікірін жоққа шығарып, сол ауылда тұрақтап қалып, Мәдениет үйіне «халық театры» деген атақты алғаш рет алып берді.
Әрине мұның бәрі оңайлықпен келген жоқ. Бұрынғы клуб меңгерушілері тентек балалардың тезгісіне шыдамай өз еркімен жұмыстан шығып отырған екен. Өзінің «Келер күнге аманат» деген кітабында: «...Мен ойланып қалдым. «Қалаңа қашып кетпейсің бе?» деген совхоз басшысының сөзі анау. Ұйықтайын деп жастыққа басымды қойғанмен ұйқы келер емес. Мына жағдайда Мәдениет үйінде жұмыс істеу мүмкін емес» деп алғашқы күнгі қиындықтың шешімін ойластырып, одан шығу жолдарын жоспарлайды. Өнерге деген сүйіспеншілік пен табандылықтың арқасында Жанділда бар кедергіні жеңіп шығып, мәдениет үйін биік белеске көтереді.
Жанділда сол кездердегі аудан мен облыстық газеттерде өлеңдеріне өз бағасын алған сыршыл ақын. Оның «Қазақстан әйелдері» журналына шыққан мына бір өлеңі бозбала шақты енді бастап келе жатқан біздің құрдастарымыздың «махаббат хаттарының» басында тұратын.
... «Қарай берші, қарындасым, жансырыңа қанайын,
Ұшқынынан қара көздің жалындайын, жанайын.
Күнәдан пәк жаудіреген сенің көзің арқылы,
Махабаттың батып барып, ақ есігін қағайын».
Не деген мықты өлең десеңші! Аңқау қыздар Жанділда ағамыздың өлеңі екенін қайдан білсін. Осы өлеңмен- ақ талай махабаттардың бағы ашылған.
Сөз маржанының қадірін қастерлейтін Жанділда өзінің сезімге толы ойлы өлеңдерімен адамды тез баурап алады. Туған жер туралы өлеңдеріндегі мына шумақтар соның дәлеліндей.
«Көлімнің көркі аққулар қайда кетті екен,
Ақтарып айтар сырларым бар ед көптеген.
Көңілімді қазір сағыныш торлап барады,
Нөсерін бұрын төкпеген», – десе, енді бірде;
«Құз шыңын тастап қыранда қоныс тапқан ба,
Аруана ғұмыр барады өшіп ақ таңға.
Қимаймын мынау әлемнің байлық, бақытын,
Алшаңдап жүріп, тұз-дәміңді татқанға», – деп жырлайды.
«Тегіне тартқан тегін болмайды» деген Баймұратовтар әулеті өнер қонған отаннан саналады. Арғы аталары Серікбай әйгілі жырау болса, өз әкесі Баймұрат сөз зердесінің майын тамыза айтатын кісі. Бүгінгідей теледидар, ұялы телефон жоқ заманда Баймұрат атамыз кешкілік мезетте шағыл құмда отырып «мың бір түн» хикаясын үтір, нүктесіне дейін қалдырмай өзі қатарлы шалдарға айтып отырғанын талай рет көзіміз көріп, құлағымыз есітті.
Жанділданың інісі Мұсылманқұл Баймұратов та суырып-салма ақындығымен көзге түсіп, артына бір кітабын қалдырып кетті. Өмірден ерте кеткен осы інісінен Жанділда көп үміт күтетін.
Ал Жанділданың қарындасы Гүлмира Баймұратова сонау бір жылдары, «Кіндік Азия» аруы атанған керемет дауыс иесі. Қазір Қазақ Түрік университетінде ұстаздық қызмет атқарады. Қызылжардағы орта мектепте мұғалім болып істейтін қарындасы Жазира Баймұратовада әншілік өнерімен елге танылған жан.
Жанділда ағамыз өнер саласында жүрген соң ақындар айтысынада түскені бар. Өткен жылдар шежіресі соның айғағындай, Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті «Қызылту» совхозының ақыны Жұмабай Жақыповпен ХХІІ партсъезд атындағы совхоздың ақыны Жанділда Баймұратовтың айтысы деп арнайы бет жариялапты. Сырдың қос ақыны «ырысты-күрішті» елде ойлы өлеңдерімен ел табысын өлеңдетіп жеткізген екен.
Жанқожа батыр ауылындағы Мәдениет үйі 1981 жылы пайдалануға берілді.Оның алғашқы директоры Жанділда Баймұратов театр үшін аянбай тер төккен жан. Өнер саласында 35 жыл жұмыс істеген ол туралы Жұмабек Табынбаевтың «Сыр бойы» газетіне «Тоқпановтан баға алған театр» деген мақаласын оқып, балықшы ауыл тұрғындары бір серпіліп қалған. «Бұл біздің Жанділда ғой» дейді олар мақтанышпен. Айтпақшы мақала авторы Жұмабек Табынбаевта сол театрдың жанданып кетуіне өз үлесін қосып, Жанділда дайындаған спектальдерде тиісті кейіпкерлерді сәтті орындап шығыпты.
Жақында Қызылжар елді мекеніндегі ауыл кітапханасында оның шығармашылығына арналған кештің куәсі болдық. Кешті жүргізген кітапхана меңгерушісі Мөлдір Әйімбетова ақынның өнер жолындағы қарымды тұстарына жан-жақты тоқталып өтті. Кеште бауырлары, ауыл тұрғындары ақын ағалары туралы естеліктер айтса, мектеп оқушылары жыр шумақтарын оқып, кеш көрігін қыздыра түсті. Кеш соңында ауыл кітапханасына «Келер күнге аманат» деген кітабының бірнеше данасы тарту етілді. Бұл «Туған жер толғауы» деген өлеңіндегі:
...Қарызым көп өзіңе,
Қайтарып берер жетер күн.
Сондықтан да туған жер,
Жырыма бөлеп өтермін, – дегендей, туған жерге деген бір қарызының өтеуіндей болды.
Бұл күндері сексенге таяу қалса да қаламы қолынан түспеген қаламгер Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылының қадірменді ақсақалы. Шығармашылық жолындағы жетістіктері «Шынтас», «Қазалы рухани қазына қайнары», «Жақайымның даңқты перзенттері», «Қарыз бен парыз», «Өнер иірімі», «Сыр самалы» сияқты бірнеше кітаптарды баспадан шығарып, оқырмандарына жол тартты. Өнер мен өлеңді жанына серік еткен ақын-жазушының қай шығармасын алсақ та Аралдың толқыны сезіліп тұрғандай болады. Өйткені ол туған жерін жырға қосқан Аралдың, балықшы ауылдың төл перзенті.
Біз де ағамызға ең алғаш туындысы жарық көріп, өлең деген киелі де, үлкен әлемге сәт сапар тілеген өзінің сүйікті газеті арқылы қаламыңыз қолыңыздан түспесін деген игі тілегімізді білдіргіміз келеді.
Жақсыбай Мусаев,
Қызылжар елді мекені
24 тамыз 2024 ж. 181 0