Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » АРАЛЫН АҢСАҒАН АҚЫН

АРАЛЫН АҢСАҒАН АҚЫН

Әркімнің туған жері Мысыр шәрі. Мысалы, әйгілі Сәбит Мұқановтың «Туған жер сенде туып, сенен ұштық, дүниеде не бар екен сенен ыстық» деген жыр жолдары әркімнің жадында болар. Жақсы болсын, жаман болсын туысқанды таңдап ала алмайсың, оны Құдай береді дегендей, сенің қай жерде кіндік қаның тамса, сол жер саған жұмақ та, жерұйық та болады. Мейлі ол адам тұрмайтын адыра қалған, сортаңды сорлы жер болса да. Өйткені ол сенің кіндік қаның тамған, табаның алғаш қасиетті топырағын басқан киелі мекенің. Неге екенін өзің де білмейсің, әйтеуір сол бір алақандай ата жұрт әлемнің қай тұсында жүрсең де сені магнитше тартып тұрады. Бұл туған жердің тартылыс күші болса керек.Мен сонау 14-15 жастағы бозбала шағымда 1967 жылы тұңғыш кітап топтамасымен «Жазушы» баспасынан жарық көрген аралдық ақын Мешітбай Құттықовтың «Құс жолы» атты жинағынан туған жерге деген перзент махаббатын сезінгендей болған едім. Поэзия ауылына алғашқы қадамын нық басқан ақын ағамыз сол тұңғышында:
Асыр сап өскеннен бе алқабыңда,
Аралым сенің иісің бар қанымда.
Кеңістік көңіліме ұялайды
Қарасам көз жеткісіз шалқарыңа, – деп теңіз анасын тебірене жырлаған. Осынау алақандай жинағында:
Менен жүйрік шықпай қалса несі бар,
Күдер үзбе, топтарыңа қосып ал.
Маңдайымнан ағып түскен бір тамшы,
Сендер құйған шалқар көлге қосылар, – деген сол кездегі  отыз үш жастағы от жүректі жас ақын одан әрі өлең өлкесіне «Сапар», «Ар-намыс», «Қайырлы түн» жинақтарымен сапар шекті. Мәкеңнің қай жинағын парақтасаң да алты ай жазда аңызақ желі атой салып, құмды дауылы құтырына соққан Арал-анамыздың табиғаты, кескін-келбеті кестеленіп тұрғанын көруге болады. Мұның айқын айғағын ақынның 1998 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Арал аспаны» атты кезекті жинағынан аңғарамыз. Қазақстанның Халық жазушысы, сараң жазса да саз жазатын атақты лирик Қуандық Шаңғытбаев көзі тірісінде Мәкеңнің бұл еңбегіне жазған беташар лебізінде былай депті: «Біздің алдымызда аралдық ақын Мешітбай Құттықұлының «Арал аспаны» деп аталатын жырлары жатыр. Арал ортақ қазынамыз еді. Оны біз өтіп бара жатып та, алыста сағынып жүріп те бір көрген әсермен де жырлап келгенбіз. Ақын жырларынан Арал деп аталатын адамзаттың рухани да тұрмыстық байлығының ғасыр аяғында қасіретке ұшырағанын, ол адам қолымен жасалғанын болашақ ұрпаққа баян ететін шағым мен ескертуді көреміз».
Қуан аға жазғандай, туған жерін шынайы сүйген Мешітбай ақынның жоғарыдағы жыр кітабын Аралға деген алапат сағыныштан туған дүние десек те болғандай. Мұндай өрнекті өлеңдерді «Арал аспанының» кез келген бетінен табуға болады. Кітаптың одан арғы беттеріндегі 
Сәлем айт Арал жайын айтқанға да,
Жүзгенге, толқынында шайқалғанға,
Барында базарыңның қонса бақыт,
Аралды сүю керек қайтқанда да.
 
***
Арманым жағаң емес ұшан ба едің,
Бір сәтке мінезіңе ұсар ма едім.
Сұлудың төстеріндей толқыныңның,
Үстінен шағалаң боп ұшар ма едім.
Секілді сирек алған күйші демі,
Толқының кейде баяу күрсінеді.
Шалқиды көз алдымда шалқар теңіз,
Аралым неткен ғажап, сыршыл еді...
Ақынның көзден ұзап кеткен Аралға деген сартап сағынышы, ағыл-тегіл аңсауы одан әрі жыр тілінде төмендегіше жалғасады:
«Алдымда Ұзынқайыр, Аранқорған,
(Аралда қанша сұлу арал болған).
Көрінсе таудай толқын тас төбемнен,
Құстардың қиқуына алаң болғам.
«Ұялы», «Жалпақ», «Манас», «Қасқақұлан»,
Ақ бұлттар шатыр тіккен аспанынан.
Қылтылдап көкжиекте жатушы едің,
Сағымды сағым қуып бастарыңнан»...
«Аралым» деп ақтарыла сыр шерткен ақын қаламынан осылайша осы бір өлкедегі жер-су, кәсіп аттары да қалыс қалмайды. Тіпті теңізде жүзген кеме, сол кеменің ержүрек капитаны да жинақтың өн бойында мен мұндалайды. Әсіресе ата кәсіптері дағдарысқа ұшырап, салы суға кеткен балықшы бауырлардың көңіл алаңы көкіректе әлі күнге сайрап тұрғанын қайтерсің. Жүректі шымшылаған сол бір сүреңсіз суреттер көз алдыңа қайта келгендей болады.
Көп болды Сыр теңізге құймағалы,
Көп болды жанын теңіз қинағалы.
Көп болды балықшылар дағдарысып,
Аулаққа ау-құралын жинағалы.
...Басында тақиясы көкшіл барқыт,
Тепкенде тапжылмайтын толқын тарпып,
Келеді ер Төлеген Әлімбетов
Кетіпті-ау елуінде-ақ еңкіш тартып.
Ерлік іс қалған мәңгі ел есінде,
Келеді ол құмға батқан кемесіне,
Бұл кеме «Калининград» сейнері еді-
Дейтіндей капитаным «көресің бе?»...
Ақынның «Арал аспаны» жинағына бұдан басқа да тақырып жағынан сан алуан жырлары, 3-4 үлкенді-кішілі дастаны енгізілген. Соның ішіндегі «Дерт дастан» публицистикалық поэмасының орны айрықша. Арал-анамыз туралы ақынның жан айқайы десек те болады мұны. Бұған мысалды поэманың кез келген шырайлы шумақтары дәлел.
Қазақ поэзиясына ауылда жүріп жарты ғасырдан астам уақыт лайықты үлес қосқан М.Құттықов 1934 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданының бұрынғы Бозкөл кеңшарында дүниеге келген. 1951 жылы сол аудандағы М.Горький атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединститутты қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сөйтіп алғашқы еңбек жолын туған ауданындағы оқу бөлімінің инспекторы болып бастаған болашақ ақын 1955 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға шақырылады. Әскери міндетін Ресейдегі Острогожеско қаласындағы арнаулы автотракторшылар мектебін механик мамандығы бойынша тәмамдаған Мәкең одан әрі Балтық бойы округіндегі артиллериялық дивизионда аға автомеханик қызметін атқарады. Тіпті округ әскерлері алдында «Советтік Қазақстанға 40 жыл» тақырыбында лекция оқиды. Осы жылдарда Мәкеңнің өлең-жырлары аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұрады.
1957 жылы кіші лейтенант шенінде запасқа шыққан Мешітбай ағамыз содан бастап Арал ауданында мемлекеттік автоинспекция инспекторы болып 1987 жылға дейін табан аудармастан отыз жыл абыройлы қызмет атқарады. Қоғамдық тәртіп тыныштығын сақтауда көрсеткен ұзақ жылдарғы қалтқысыз қызметіне орай үкіметтік медальдар мен республикалық, облыстық, салалық министрлік, басқарма тарапынан әлденеше мәрте Алғыс хаттармен марапатталады.
Соңғы демі таусылғанша қолынан қаламы түспеген аралдық ақынның сол жылдары жарық көрген «Аяқталмаған ән» әңгіме-повестерін, «Қайдасың, Арал?» романын бұл күндері кітапханалар сөресінен жиі көруге болады. Сонымен қатар ақын қаламынан туған ел мен жер, төл тіліміздің тағдыры туралы проблемалық мақалалары жас ұрпаққа қалдырған тәбәрігі тәрізді.
Заманымыздың заңғар ақыны, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов:
Достық деген ізгіліктің алаңы,
Оған куә ғасырлар мен замандар, – деп жырлағандай, Мешітбай ақын үлкенмен де, кішімен де сыйласқан, достыққа адал жан болатын. Оған Мәкеңнің атақты партизан жазушы Қасым Қайсеновпен, көрнекті ақын Сырбай Мәуленовпен достығы дәлел болса керек. Тіпті олар отбасыларымен араласқан шынайы достар еді. Ал аты аңызға айналған, атақты Мұқағали Мақатаевтың Алматыға Атыраудан қайтар сапарында Аралға аялдап, ақын Мешітбай Құттықовтың шаңырағында қонақ болуы өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басындағы елеулі оқиға.
Мәкеңнің табалдырығынан аттаған тұста Мұқағали ақын айтқан «Каспийді ішіп, Аралдан бас жазамын деп келемін» деген бір ауыз сөзі аңызға айналғаны қашан. Енді үш жылдан соң туғанына 100 жыл болатын «Қазақтың Островскийі» атанған жерлесіміз, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровтің де көзі тірісінде осынау қонақжай дастарханнан дәм татқаны белгілі.
Аламан бәйге – атқа сын, атышулы мүшәйра – ақынға сын. Мәкең де бір кездері милиция тақырыбына жарияланған республикалық конкурсқа қатысып, бағын сынаған болатын. Ә дегеннен асығы алшысынан түсті. Аталмыш конкурсқа ат қосқан, аузымен құс тістеген, айдарынан жел ескен арқалы ақындардың талайын сол жолы сонау Аралда жүрген Мешітбай ағамыз шаң қаптырған еді. Сөйтіп милиция өмірінен жазылған «Айқас» дастаны беделді І бәйгеге ие болғаны бар. Мұнан бөлек, Мәкеңнің облыстық атаулы конкурстарда алдына қара салмағаны есте.
Құрметті демалысқа шыққан соң Мәкең қол қусырып отырмай, қоғамдық жұмыстардың қосына жегілгенін білеміз. Сонау тоқсаныншы жылдарғы аласапыранда ана тіліміздің тағдырына атсалысуға белсене кірісті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағалығына қоса, төл тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, көше аттарын, әртүрлі жарнамаларды қазақша сөйлету мақсатында, Мәкеңнің редакторлығымен «Асыл мұра» басылымы өзі өмірден өткенше оқырмандарымен уақытылы қауышып тұрды. Бұл газеттте тіпті сол жылдары ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де ұдайы берілгенін білеміз.
Әу баста әдебиетке өлең деген сиқырға арбалып келген аралдық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мешітбай Құттықов тірі болса биыл 90 жастың төрінде отырған болар еді. «Ғалымның аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» демекші, қаламгердің артында қалған әдеби мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырған ұрпақтарына мың алғыс.
Арал қаласында М.Құттықов атында көше бар. Сол көшемен жүргенде ақынның:
Ақындар өткен ақберен,
Ала алмай өлең – шың басын.
Жете алмай, әттең, «қап» деген,
Бәйгеге тігіп бір басын,
Қалдырып сөзін мәңгілік.
Қағазын қолмен түптеген.
Өтсе де жоқтан бар қылып,
Өлеңнің соңы бітпеген, – деп өзі жырлағандай, оның өлең-ғұмыры біткен жоқ, жас ұрпақпен бірге жасай береді.

Толыбай АБЫЛАЕВ
23 қараша 2024 ж. 177 0