Балық – халық байлығы

Өзіміз көріп-біліп жүргендей, балық шаруашылығының алға басуына бағытталған ілкімді істер ауданда көптеп атқарылуда. Әсіресе, Кіші Аралды ұдайы назарда ұстап, оған қатысты мәселелерді дер кезінде жоғарыға жеткізе білген атқарушы билік те аралдықтардың мақтанышына айналған теңіз деп толғанатынын ұғамыз.
Иә, аудан аумағында балық шаруашылығында ерекше маңызға ие оннан астам көл бар. Ал, Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді. Жергілікті жердегі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер балық өнімін экспорттауға басымдық берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған әр жылдардағы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес деген сөзін негізге алған Арал ауданы Президенттің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін әлдеқайда ұлғайту жөніндегі үстіміздегі жылы өткен кеңейтілген отырыстағы тапсырмасы аясында тыңғылықты іс тындыруда.
Ата кәсіптен қол үзбей балықты молайтуға күш салған табиғат пайдаланушылар алдағы кезеңдерде балық қорын еселеудің маңыздылығын естен шығарған емес, шығармайды да. Себебі, балық – халық байлығы. Осы кәсіптен нәпақа тапқан балықшылар Кіші Аралдан зор үміт күтіп, шағын көлдер арқылы үлкен-кішіні жұмыспен қамтиды. Ендеше, несібесін теңізден тапқан елдің балық өнімін одан әрі арттырып, әлеуметтің әлеуетін жақсарта түсетініне сенім мол. Оған мемлекетіміз және облыс, аудан тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдаулар айқын дәлел.
Жаңатай МУХАМБЕДИЕВ,
«Бөген-2016» ауыл шаруашылығы
өндірістік кооперативінің төрағасы
«Бөген-2016» ауыл шаруашылығы
өндірістік кооперативінің төрағасы