Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шынболаттың "шырақшысы"

Шынболаттың "шырақшысы"

Үйреніп қалған әдет, кешкі лампаның жарығымен газет-журналдарды оқитыным бар-ды. «Егемен Қазақстан» басылымының 2023 жылғы санынан «Шынболат мұрасының шырақшысы» деген мақалаға көзім түсті. Шынболат Ділдебаевты білемін. Елге танымал ақын. Өлеңдерін тындағанмын. Ол Қазақстанның Еңбегі сіңірген мәдениет қызметкері.
Міне, мына жерге келгенде тоқтап қалдым. 1997 жылдың көктемінде Аралдың ару қызы Гүлсара Қоңырбаеваға үйленген дейді. Және Шынболаттың 1998 жылы өмірден озғаны айтылады. Олар небәрі бір жыл 7 ай ғана оттасыпты. «Қап, патша құдай-ай» деп қапа болып, орнымнан тұрып кеттім де Маржанкүл жұбайымнан:
– Сен Гүлсара Жиеналиеваны білесің бе? – дедім.
– Е-е, білмей ше? Аупарткомда әжептәуір қызмет атқарды. Бізге туыс болып келеді, саған балдыз, – деді миығын тартып.
– Енді есіме түсті. Журналист Құндыз Дәуітовамен бірге жүретін қара торы, ашаң жүзді, бітімі сұлу, көзі мөлдір қыз екен ғой.
Ары қарай оқыдым. 1 жыл 7 ай-ақ. Ақынды да, балдызымды да аяп кеттім. Шынболаттың жылдық асын өткізіп, елге оралған болар деп ойлағам. Жоқ, оным бекер болып шықты. Тас түскен жеріне ауыр демекші, Гүлсара сол шаңырақта қалып, үлкен іс атқарыпты. Қандай дейсіз бе, бәрін емес, бір-жарын айтайын. Содан бергі 27 жыл ішінде Шынболатты мәңгі есте қалдыру үшін қыруар жұмыс атқарыпты. 2000-шы жылдың наурыз айында Сәтбаев қаласындағы (Ұлытау облысы) бұрынғы «Байқоңыр» кинотеатры «Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы» деп өзгертілді. Қаулыға сол кездегі үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойыпты және ашылу салтанатына орай республикалық ақындар айтысы өтіпті. 2001 жылы сол сарайдың ішінен Ш.Ділдебаев мұражайы ашылады. Онда ақынның кітаптары, құжаттары, марапаттары, тағы басқа да бұйымдары қойылады. Ал, бұл аз шаруа ма?!
Содан кейін Гүлсара қызыңыз (Аралдықтарға айтып жатырмын) Шынболат Ділдебаевтың ақындық, жыршылық, термешілік мектебін ашуды қолға алады. Мақсат – қаладағы өлеңге, өнерге, жыр-термеге ыңғайы бар жастарды тарту, талантын ұштау. Бұған Шынболаттың рухтас інілері, ал штатқа, қаржысына, осы жайды есіткен қала әкімі Қанат Сұлтанұлы Балмағамбетов Гүлсараны шақырып алып, мұны біз неге білмейміз деген өкпесін айтып, қажетінің бәріне көмектеседі. «Мектеп болған соң жетекшісі айлық алу керек. Мектепке компьютер, домбыра тағы басқа аспаптар керек емес пе» дейді. Мұндай әкімге жүздеген шықырым шалғайдағы мен де разы болып отырмын.
Сондан бері жыл сайын Сәтбаев қаласында жас айтыскерлерді Шынболат атындағы республикалық жарысын және оның туған, өмірден өткен күндеріне орай «Еске алу» кештерін өткізу дәстүрге айналады. Осының бәріне тынбай жүгіріп жүрген Гүлсараның өзі. Осылайша ол жан жарының ғана емес, Аралдың да атын бүкіл Ұлытау өңіріне жайды.
***
Шынболат ақын «Гүлсара» деген өлеңінің бір қайырмасында:
– Арайлаған ақ таңым,
Шаттық жырым мақтаным.
Көрген адам марқайған,
Атырау мен Алтайдан.
Өзіңдей жан таппадым, – деп үзіле жырлапты-ай!
Тағы бірде ол:
– Қызықпай жүрген қызылға,
Қыраны едім даланың.
Торына түсіп шырмалдым,
Арал мен Гүлсараның, – дейді көсіле шалқып.
«Е-е, біздің қыздарға қызықпай көр» деп менің де көңілім көтеріліп қалды.
***
Тағдырға мойымаған, сынбаған, махаббат сертіне берік, қайсар қызымыздың бұл жанкешті еңбегін Мәншүк пен Әлияның ерлігіне теңесек те, солардың қатарына қойсақ та, артықтық етпес еді-ау деген ойда қалдым.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері.

25 желтоқсан 2024 ж. 139 0