Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақын Оңталап Базаралиевтің жыр жинағынан

Ақын Оңталап Базаралиевтің жыр жинағынан

Жерлесіміз Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Оңталап Базаралиев – поэзияға өзіндік үн қосып, рухани құндылықтарды дәріптеуімен ерекшеленетін ақын. Оның жыр жинақтары оқырманды туған жердің тұмса табиғатымен, қазақы болмыстың терең иірімдерімен және өмірдің мәңгілік құндылықтарымен табыстырады.
Ақынның туған күніне орай оның өміршең поэзиясын ойлы оқырманға ұсынғалы отырмыз.
СЕНІ СҮЙДІМ АЛҒАУСЫЗ
Сені сүйдім алғаусыз,
Жаным содан нұрланды.
Міне, солай армансыз,
Жазып келем жырларды.
Бағыттаймын ылғида,
Саған көңіл ұшағын.
Сыймай жатыр бұл миға,
Қалай сені құшамын.
Әр күн сайын аймалап,
Маңдайымнан сүйесің.
Менен алыс жайнап ап,
Қолжетпесім, күлесің.
Тағдырым да сенікі,
Мәңгі ұғымға сүйенсем.
Бола алмайсың «менікі»,
Бірақ ғажап кием сен.
Мен осылай арманды,
Күндеріммен бір болам.
Сен билейсің Жалғанды,
Мен аңсаумен шыңдалам.
Сені ешкім жоқ иелер,
Сенсіз соқыр, ғаріппін.
Маңдайымнан сүйе бер,
Аспанымнан жарық Күн.
СЕНІ СҮЙДІМ АЛҒАУСЫЗ2
Жанымның қанбай құмары,
Келемін сені сүйіп мен.
Жүректің өзің ұраны,
Өлер ем сенсіз күйіктен.
Күнімде жалғыз тірегім,
Түндерде жатам төсіңде.
Өзіңмен кірер іреңім,
Өзіңмен жылжыр көшімде.
Мен сенен жырақ кете алман,
Қауқарым оған жетпейді.
Кеудемде жанған от-арман,
Жаныңнан алыс кетпейді.
Дәл сендей ыстық құшақты,
Айтпасам күнә «Асыл» деп.
Қаламас жаным ұсақты,
Сүйемін сені жасын боп.
Сүйемін жатсам, тұрсам да,
Ұйқыда сенсіз мән қайда?
Кеудемнен ұшқан жыр самға,
Балыңды төгіп таңдайға.
Осылай сүйдім мен сені,
Жырыма ұйып қана гөр.
Теңдессіз мәңгі өлшемі,
Бас ием, саған қара Жер.
АҚШАТАУ АТАҚОНЫС – АРЫМ ЕДІҢ
Заманның зырлай берді көші ілгері,
Бабалар талай өмір көшін көрді.
Дәуірлер алып келді дүбірлетіп,
Тірлікке талай батыр есімдерді.
Уақыт алабұртып сырғақтаған,
Ол заман емес еді нұр қаптаған.
Іргелеп келіп қалса атажауы,
Бұқпалап көрпесінде ұл жатпаған.
Үлгі етіп өтті бабам арттағы ісін,
Жуытпай маңайына жат тағысын.
Кешегі өткен ұлы бабалардың,
Бұл күнде қылам менде мақтан ісін.
Арғы атам Әлімұлы, Шектіденмін,
Бабалар рухымен  көк тіредім.
Қайратын жауға қылған елестетсем,
Елжіреп сала берер ет-жүрегім.
Шектіден дара туған атам Шыңғыс,
Бойында болған дейді атан бір күш.
Алланың сүйген құлы осы болар,
Туғанда болған екен аузында тіс.
Жақайым сол Шыңғыстан туған бала,
Халқы үшін белін бекем буған дара.
Бөлісте Ақшатауды еншілеп ап,
Қонысын елден ерек қылған жаңа.
Жан бопты ел ұйыған батасына,
Билік айтқан рудың шатасына.
Ырза болған қалың жұрт Жақайымның,
«Рақмет» дейді екен атасына.
Ақылға бай кісі екен жан алабы,
Сондықтан болған екен дара бағы.
Алланың сүйген құлдан аяры жоқ,
Төрт бала Жақайымнан таралады.
Алғашқы екі бала Ағыс, Көгіс,
Тындырған жандар екен елге көп іс.
Содан соң Ақбуара мен Тоқбурасы,
Міне осы Жақайынан шыққан жеміс.
Тарайды әр шаңырақ босағадан,
Болмаған ол заманда осал адам.
Ұлдары өңкей батыр атқа қонған,
Бет бұрам Тоқбураға осы арадан.
Ортада Келіс, Дәуле аталарым,
Өсірген пешенеде бата бағын.
Бұл жерде маған жеткен шежіре жоқ,
Қолдасын қос бабамды Жасағаным.
Бердіңғұл бабалардың саңылағы,
Тел өскен Құдай беріп жаны-малы.
Қазақстан жеріне кең тараған,
Бұл күнде «Бес Бердіңғұл шаңырағы».
Ұрпақпыз иек артқан игі үмітке,
Қаламым шашыл-төгіл, сырды бүкпе.
Біреуі Бердіңғұлдан бес баланың,
Тірейін маңдайымды Игілікке.
ОРАЛДЫ ТЕҢІЗ АРАЛҒА!
Айдынды Арал бұдан қанша ертерек,
Арудайын сенің əрбір сəт көркің.
Ақ көбігін аспанға атар еркелеп,
Миығынан күліп қойып ақ толқын.
Күй боздатып, домбыраның шанағы əн,
Айдыныңда əсем аққу таранды.
Ақ төсіңде шалқып ұшып шағалаң,
Шартарапқа əйгілеуші ед бағаңды.
Кең жайылып қырандарша қанатың,
Шалқып жаттың сырбаз өмір көшімен.
Сыйлы қонақ сыбағасы болатын,
Кісі бойы қаязың мен бекірең.
Қарсы тұрдың аласармай өр кеудең,
Шын қасырет төнген шақта бас жұтқан.
Сен құтқардың миллиондарды сенделген,
Аждаһаша зəрін шашқан аштықтан.
Көтеріп-ақ жатсың əлі байыппен,
Басқа түскен бір Алланың сынағын.
Алда бағың қанатыңды жайып кең,
Жанатын күн жап-жарық боп шырағың.
Сан ұрпаққа болдың Арал мақтаныш,
Құрсақ толы қазынаңмен өрелі ең.
Шарасынан тасып жатты бақ-табыс,
Ақындарда жазып жатты өр өлең.
Өткен күнге қынжылмасын қай жүрек,
Бір дəуір кеп тынысыңды өшірді.
«Қан мен Терін» балықшының əйгілеп,
Əбдіжəміл абыз кеуде көсілді.
Енді, міне, кіші Арал боп тірілдің,
Сан ұрпаққа бұлда медет, Арысым.
Сен тағдырдың дегеніне жүгіндің,
Қайта оралды бақ пен ырыс, табысың.
Күй боздады қара нарша, əн жылап,
Айбынды айдын көзден таса болғанда.
Күйреуге шақ қалған кезде хал бірақ,
Күллі ғалам ниет етті қорғауға.
Міне, осылай қайта оралып жасандың,
Бұл ғаламда Алла Ұлық ұста шын.
Сен Тəңірдің қалауымен жасардың,
Енді, Теңіз, басыңнан бақ ұшпасын.
АР-ИМАН, ИБА, ІЗЕТІҢ ТОЛЫҚ БОЛСА...
Ғұлама тамыр жайған тектен шығар,
Ұлы ана алтын құрсақ көптен шығар.
Азуы алты қарыс ер-азамат,
Талайғы ғасырларда өткен шығар.
Не пайда жалғыз жүріп адасқаннан,
Болады даңғыл жолың көппен шығар.
Еріксіз көкке құлаш сермемей ме,
Ақ ниет, ықыласпен еккен шынар.
Кебірге кенезесі кеуіп кеткен,
Қолайлы, алмас жүзді кетпен шыдар.
Бел бусаң елдің ісін тындырарға,
Ажырап көкіректен, көппен құрал.
Жылпостық аярлардың сыбағасы,
Ер болсаң халық алдында өктем сын ал.
Сабырдың сабатына саябырлап,
Іс қылма дұшпанға да кектен тұрар.
Даурығып желөкпелік жолға түссең,
Шаң қауып, жар ортада өкпең тынар.
Табылар әр заманның бір жаманы,
Шендіден шімірікпей шекпен сұрар.
Ар-иман, иба, ізетің толық болса,
Бақ қонып, тілегенің көктен құлар.
Қисық із, қыңыр мінез, сорлы болсаң,
Абырой, алтын басың көптен шығар.
Есімім Ералының Оңталабы,
Мағанда ақыл керек көптен сұрар.
МАҚТАНАМЫЗ...
Кедейліктен шыққанмен тас-талқаның,
Түсірмейсің көңілдің асқар тауын.
Қонақ келсе көршіден қарыз алып,
Уақытша жайнайды дастарқаның.
Оспадарсыз осы әдеп ұнамды ма,
Сығып берер битің жоқ сыралғыға.
Жыбыр еткен қораңда құмырсқа жоқ,
Дос келгенде жаздайсың құнан жыға.
Жоқ болса да бір тұқым үрер иттен,
Бәсекелес жүресің кілең «итпен».
Көршісімен құдаңды шақырып ап,
Құтыласың, о, сорлы, кредитпен.
Бәрі осының жарасар есер ерге,
Кеткенінде шаруаң жоқ өсек өрге.
Шатқаяқтап шарбақта шырмалғанмен,
Өп-өтірік шалқисың көшелерде.
Болмаған соң бойыңда берік мұрат,
Құр далбаса сөліңді солықтырат.
Жамандыққа жүрегің байланғанда,
Құдайды да алдағың келіп тұрат(ды).
Дәстүр-салтты орнатпай санаға нық,
Жүрміз мәнсіз мақтанды қалап алып.
О, баста Қазақ болып туғанменен,
Қазақтың кәдесіне жарамадық.
Дәл осылай қазіргі бақ-бағамыз,
Жүрек дімкәс, құр тәнмен шаттанамыз.
«Ғылым таппай, мақтанба» десе Абай,
Бір ғылымға қол жетпей мақтанамыз.
ЖАРҚЫНЫМ
Алтыннан ұлық бағалым,
Жаныма жайлы самалым.
Күнненде жарық сәулесі,
Жанарымдағы жанарым.
Үр көңіл қандай үнді еді,
Жанарың шамдай жырлы еді.
Еріксіз қанат қақтырды,
Жүрегіңдегі сый демі.
Сен барда көңіл шат қандай,
Алғаусыз жаның ақ қардай.
Жамалың жанға дәт-қуат,
Арайлы атқан ақ таңдай.
Сезімнің сөлі бал-шырын,
Жолында болар жан шығын.
Батпайтын күндей мәңгілік,
Жадырай жүрші, жарқыным.
О.БАЗАРАЛЫ
25 қаңтар 2025 ж. 95 0