Талап пен талант алыпқа айналдырады
Сыр елі қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы екенін жақсы білесіздер. Руханияттың келер болашаққа тұнығы бұзылмай жетуіне бірден бір бастау болатын жер де – осы өңір. «Сыр елі – жыр елі» деп аталған топырақта талай ақын-жазушылар дүниеге келген. Иә, Қазақ халқының тарихында зерттеуді қажет ететін ғылыми мәселелердің ауқымы өте көп. Қашанда қазақ жері дарын мен даналар, данагөй қариялардың мекені. Соның ішінде, Сыр сүлейлері сол дарын иелерінің ажырамас бір бөлігі болып қала бермек.
Олардың өмірі тарихи кезеңдердің ең бір шиленіскен уақыты патшалық Ресейдің отарлау саясатының өршіп тұрған кезеңіне тура келді. Кеңестер өкіметінің қылышынан қан төгіліп жатқан заманмен жалғасты. Сондай жағдайда да ақын-жырауларымыздың рухтары биік болып, салы суға кеткен жоқ. Олар өз шығармашылықтарымен қатар, қазақ ұлтының да жойылып кетпеуі үшін күресті. Өз өлеңдері мен толғаулары, дастандарында Отанға деген сүйіспеншіліктің биік үлгісін жасағанын білеміз.
Бұл үрдіс қазірге дейін желісі үзілмей келе жатыр. Ел арасында етене таныс, халықтың бір туар перзенттері әлі де көп. Туған топырақтың тарихынан бастап кешегі мен бүгінді бүкпесіз жыр еткен, сөзі сан ұрпаққа сабақ болатын жандардың бірі арамызда жүрген Айбек Тәңірбергенов ағамыз. Жарнамасыз-ақ жайсаң жырымен жұртқа танылған Айбек Жақсанұлын барша қазақ таниды. Соның бір дәлеліне бір жақында куә болдық. Жыр-терменің қаймағын бұзбай, дәстүрлі өнерді өлмесін деп жүрген «Жыр жампозымен» сұхбаттасқан болатынбыз.
Шығармашылық шыңы
– Айбек аға, ассалаумагалейкум! Бірінші кезекте сөздің басын абыройыңызды асқақтатқан шарадан бастасақ деп отырмын. Өткен жыл сіз үшін, өзіңіз туып-өскен, еңбек еткен Аралдағы мәдениет саласы қызметкерлері үшін өте табысты жыл деп анық айта аламын. «Жампоз жырдың айбозы...» атты республикалық жыршылар байқауы өтті. Сол жайында айта кетсеңіз.
– Ұлы Абай «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, бойында өнері жоқ қазақ болады дегенге сену қиындау. Алайда жарқ етіп шығып, көзге көрінгені, елге танылғаны ғана көпшілікке мәлім болып жатады.
Жалпы жыршылық өнер қазаққа таңсық емес дүние. «Жыр елі – жыр елі» деп аталғанымен, әр өңірдің дүлдүл жыршылары, таңдаулы термешілері өте көп. Алайда солардың арасынан Сыр сүлейлерінің жалғасы деп танып ҚР Ұлттық музейінде мәдениет саласының үздіктері, Сыр өңірінің ақын, жыршы-жыраулары деп арнайы атап Айдос Рахметов екеуміздің шығармаларымызға арнаған республикалық жыршылар байқауы осы өңірдің өнерінің мерейін көтергені рас. 17 мен 37 жас аралығындағы жастардың басын қосқан бір байқаудың аса маңыздылығы біздің шығармашылығымыздың кеңінен таралуына себеп болды. Несін жасырайын, әр өлкенің мақамына салынып орындалған жыр-термелерімізді көргенде төбеміз көкке бір елі қалды.
Тағы бір қуанатынымыз, өз шәкірттеріміздің сол байқауда оза шапқаны. Сырдағы сұңғыла өнердің өлмейтінін дәлелдеген менің шәкіртім Х.Кішкенеев Айдос Рахметов атындағы бас жүлдегі жеңіп алса, М.Бейісов Айбек Тәңірбергенов атындағы бас жүлдені еншіледі.
Осы ретте шараны ұйымдастырған Бердіхан Әлмен мен Күнсұлу Түрікпенге алғысымды білдіремін. Мұнан бөлек демеушілік жасаған жандарға мың рақмет айтамын.
Тәңірбергеновтің тәрбиесі
– Шәкірттеріңіз жайында сөз қозғап қалдыңыз. Олар жайында не айтар едіңіз?
– Адамның өзі білгені – бақыт. Ал білгенін үйреткені тіпті баға жетпейтін дүние. Шәкірт тәрбиелеу арқылы ғана ұстаз атана аламыз.
Таяуда ғана күміс домбыра иегері атанған Бексұлтан Орынбасаров менің Аралға барған жылдары ең алғашқы шәкірттерімнің бірі болды. Әкесі ол 7 сынып оқитын кезінде жазғы демалыста алып келді. Осымен қатар Әли Кеңесұлы дейтін Аманөткелдің баласы да болды. Сол екеуін қатар дайындадым. Алайда Әли бүгінде өнер жолынан алшақтап кеткені қынжылтады.
Ал Бексұлтан қабілет-қарымын шыңдап, бүгінгідей дәрежеге жеткені үлкен қуаныш. Алғаш білімін менен алып, қазірде талай ақынның ортасында сабақ алып үлгерді. Қазіргі таңда менің шәкіртім ғана емес, ол Сырдың перзенті атанған. Бексұлтан «Бозторғай» байқауында республикадан бас жүлде алып келді.
Бірақ оған дейін Қызылордада жүріп те біраз жасты өнерге баулыдым. Солардың бірі – Арал аудандық мәдениет үйінің директоры Алмасбек Молжігітов, Еркебұлан Шыңжанов, Айдар Үсеновтер бүгінде көпшілікке танымал. Айдар небәрі 20 жасында Иса Досанов көтерілісіне арнап Маңғыстауда өткен республикалық конкурстың бас жүлдесін жеңген.
Алланың бұйыртқан бағы шығар. Мен тәрбиелеген өнерпаздардың барлығы қатысқан байқаудан жүлдесіз қайтып көрген емес.
Бүгінгі таңда зор үміт күтетін бір шәкіртім – Айәсем Мүлкаманқызы. Айдос Рахметов жетекшілік ететін Қазанғап атындағы жоғарғы музыкалық колледжде жыр мамандығында оқып жатыр. Айәсем 6 сыныбынан бастап менің сыныбыма қабылданды. Облыстық «Бозторғай» байқауының бас жүлдесін алды. Әлі күнге дейін онлайн түрде, ауылға келсе ішке келіп дайындық жүргізіп тұрамыз.
Ал ұлым Жәнібек Жақсан жайында айтар әңгіме көп. Менің үлкен арманым әкем Жақсан жырау мен ағам Бекұзақтың шығармашылығын дәріптеу, түгелдеу болса, мен жетпеген биікке жетіп, мен жасай алмағанымды Жәнібек жасаса деймін.
Ұстаздық ұлағат
– Айбек аға, сіздің жыршылықтан бөлек айтыскерлігіңіз де таныс. Бексұлтанды негізінен жыршылық жағына бейімдедім дедіңіз. Ал айтыскерлердің арасындағы шәкірттеріңіз жайын не айтар едіңіз?
– Айтыскерлердің арасында менің ең бірінші шәкіртім үш дүркін «Алтын домбыраның» жеңімпазы, қазақтың біртуар айтыскерлерінің бірі – Мұхтар Ниязов.
Ашып айтар болсам, Қызылордада оқуға барып, сол жерде факультеттер арасындағы студенттер айтысынан бас жүлде алдым. Келер жылы тағы да қатысуға қолқа салды. Алайда мен қатыспаймын дедім. Онда бір бала бар, соны дайындайсың деп тапсырды. 10 күн сабақтан босатып, Мұхтарды дайындауға мүмкіндік жасады. Таланты бар. Бірақ домбыра тарту білмейді екен. Жазып келеді. Сөзін қарап, түзетіп, 10 күндік дайындықтан кейін-ақ бас жүлдені еншіледі. Адамға 1 пайыз талант болса жеткілікті ғой. 99 пайызы талаптан болады. Міне, Мұхтар сол талабының нәтижесінде дамытып, бүгінде барша қазақтың сүйікті айтыскер ақынына айналды. Одан кейінгі шәкіртім Бексұлтан екенін бәрі біледі.
Қазір болашағынан үміт күтетін тағы бір жас ақын бар. Қазір Алматыда Абай атындағы мектеп-гимназияда оқиды. Қазірдің өзінде республикалық айтыстардан жүлде салып жүр.
Онымен таныстық былай болды. Шөмішкөлдегі клуб меңгерушісі Ақылбек Орынбасаров менімен кездесу кешін өткізді. Кеш біткен соң киініп жатсам, есіктің ауызында бір кішкентай бала қарап тұрды. «Сізге келіп тұрмын» деді. Сейітжан дейтін кісінің баласы екен. Осылайша Ерасыл Сейітжанұлын тәрбиелеп, ақындығын шыңдадық. Шиелідегі айтысқа дейін алып бардым. Қазірде Алматының атынан шығып Астанадағы айтыста 3 орын алып қайтты. Кеше Бексұлтанның жеңісін естіп, «Көке, мен де алып беремін» деп қуантып қойды. Солардың жеңісі – менің жеңісім ғой.
Айбектің сегіз қыры
– Айбек аға, ақындығыңыз, жыршылығыңыз жайлы айтып жүрміз. Осыған дейін де ақындық өнердің қаныңызға қайдан берілгені жайлы да, эстрада мен дәстүрлі өнердің айырмашылығы жайлы да айтқансыз. Мұнан бөлек қандай өнеріңіз бар?
– Жалпы өнер бір саламен шектеліп қалмауы қажет деп санаймын. Қазақтың қара домбырасын жанымызға серік етіп жүргелі оның құдіретін түсініп келеміз. Оның сазы, әсем әуені тіпті бөлек. Оны сезіне отырып ән жазбасақ өнерімізге сын болады. Бүгінде көптеген әнге сөз, сөзге ән жаздым. Оларды танымал әншілер Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынұлы, Өмірқұл Айниязов, Әлихан Дүйсенбай сынды жандар сахнада шырқап жүр. «Жүрек анты», «Сен және мен», ақын Төлеген Айбергеновтың сөзіне жазылған «Аяулы менің Отаным» әндері өз тыңдармандарын тапты.
Мұнан бөлек, мен бала кезімнен жүйрік ат пен құмай тазыға құмар болып өстім. Ат баптағанды жақсы көретін адаммын. Бір кездері мектеп бітірген соң да атым мен тазымды қимай, түсіп тұрған оқуыма бармай қалғанмын. Қазірде жер-жерден таза тазы тұқымын алдырып, қолға ұстап отырмын. Ал бәйге десе делебем қозып, көзбен көргенге құмартып отырамын.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Оңталап ЖОЛДАСОВ