«Серке» газеті неге ашылмай жатып жабылды?

Мақаланың астарында патша өкіметіне деген саяси мән бар. Нақтырақ айтсам, Ресей отарлау саясатының тым шектен шыққандығы мен қазақ халқының қалай жоқтың күйін кешіп, қиын күндерді бастан өткеріп жүргенін ашық түрде патша өкіметіне жолдай отырып жазған. Сол жылдардағы чиновниктер, стражниктер мен урядниктердің қазақ жерін әкесінің төріндей көріп, емін-еркін өмір сүріп жатқанын, ал біздің қазақтың не ішерге тамағы жоқ, не жатар жері жоқ, өз жерінде өздері күн көре алмай жүргендігін қынжыла білдіреді.
Мақаланың ең өзекті тұсы – отарлау саясатының салдарынан туған Ресей бодандығының аяусыз көрінісін сипаттауында. Чиновниктердің қазақ даласына мұжықтарды жер аударып, қара халықтың жерін талан- таражға салып, еш себепсіз тартып алып жатқанын, ауылдарды тонап ұрып соғып, мұжықтардың қанаумен өткен күндерін, ең сорақысы діни кітаптарға тыйым салғанын жазған тұсы болды.
Мақала арасында Дума депутаттарына жасаған әділетсіздікті де тілге тиек ете кеткен. Өз мақаласын ағамыз туған жерім деп жанын салып еңбек еткен еліміздің мықтыларының дереу жазаланып, өлім жазасына кесіліп жатқандығымен «Бұл соттардың шешімдері бойынша жанымен, тәнімен туған халқына берілген азаматтар асылып, атылып кетті. Қазірдің өзінде мыңдаған ерлеріміз шалғай жерлерде жүр немесе түрмелерде отыр...» деген сөзімен аяқтады.
Сөйлем соңына көп нүкте қоюына қарап, Міржақып Дулатовтың әлі де Ресей отарлауына қарсы айтылатын сөздердің бітпегені көрініп тұр. Мақала болса да бүтіндей бір халықтың жанайқайы мен көз жасы бар. Қазіргі күнге дейін «Біздің мақсатымыз» атты мақаланың өзектілігін жоғалтпауы да халықтың жүрегіне жеткендіктен.
Бүгінгі күні қазақ журналистерінің ойын ашық жеткізе алуы Абайдың қара сөздерінің, Ахметтің елі үшін төккен тері мен Міржақып Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» деген мақаласының арқасында деп білеміз.
А.ТӨЛЕГЕН