Жалғыз оқ
Қалың қолдың махшар шығар мекені.
Мың адамды қақыратып тастауға,
Жанқожаның жалғыз оғы жетеді.
Айбалтаңды айға білеп, айға атыл,
(Он жетіде шапқан басы ойда тұр).
Арға қожа болып еді жолбарыс,
Жанға қожа болып еді қай батыр!?
Ордалы жау одыраңдап, солқылы,
Кіл тектілер теңіздердей толқыды.
Арықбалық алып шығып арланды,
Халық қамыт кимесе ғой сол күні.
Дәуірлердің даңғайыры ол – даулап көр,
Құмша шайнап түкіреді. Тауды ап кел.
Тірсегіне тұзақ тісі батпаған,
Тірісінде әруақ қонған әуақты ер.
Тулап шапса, ту соңына мың ерген,
Тұяғында күн тапталып, түн өлген.
Кісінесе кісі келмес қасына,
«Көк ешкінің» көк бұлты бар түнерген.
Қоқаңдаған қоқанның да көзі аққан,
Хиуаға атпай сонда боз ақ таң...
Бозғыл тартып Райымда бөкен жөн,
Боз жусанның исі аңқиды Созақтан.
Жұлдыз іліп, тұмар етіп таққанда ай,
Ақиректен өмір-өзен аққан жай.
«Бір қорғасын бұйырмаған» батырға,
«Ұзынқайыр» ұзап бара жатқандай.
Атқа қона алмай жүрсең ар күзет,
Жазың – жалын, көктем – күрес, әр күз – от.
Сексен алты жылдан кейін атылып,
Сен қай жақтан ұшып келдің жалғыз оқ.
Қарылықтың құзғын иті қорласа,
Сатқын желдің ызғитыны сонда аса.
Нағыз батыр құламайды бір оққа,
Тізе бүгіп мызғитыны болмаса...
Ілінбеген түмеден кеп енгенде оқ,
Иілмеген алып ерді көрген көп.
Төрткүл дүние төрт жағынан түртіп көр,
Батыр баба әлі күнге өлген жоқ!
Айдар САЙЛАУОВ