«ЖАН ҰЯСЫ»
тыныштық және бақыттың мекені етті»
«Жанұя жарасымын сақтап, үйдің берекесін арттырудың амал-әдістері дәстүрімізде тұнып тұр. «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейтін халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген тағылымды сөзіне сүйене отырып, отбасы бақытына жету жолдарын шама-шарқымызша жазып шықтық. Отбасында бақытты адам өмірде де бақытты деген сөз. Ондай адамның қашан да жүрегі тыныш, ойы сергек, ісі өнімді, жүзі жарық. «Отан отбасынан басталады» демей ме? Берекелі отбасылар көп болса, еліміздің ертеңі де жарқын болмақ» деп басталатын Қабылбек Әліпбайұлының кітабы бүгінде көпшіліктің сөресінде бар.
Иә, отбасы – өте нәзік тақырып. Әсіресе бүгінгідей ажырасу, ұрыс-керіс, отбасылық кикілжің мәселесі өршіп тұрған заманда оны елемей кету мүмкін емес. Статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміз ажырасу деңгейі бойынша алдыңғы қатарда. Тіпті соңғы жылдары жан түршігерлік түрлі жаңалықтарды естіген жастар отбасын құруға құлқы жоқ екенін де жасырмаған еді. Ал кешегі сыбыс болған «бойдақ салығы» туралы өзіңіз білетін боларсыз?!
Кейбір елдерде отбасын құру алдында арнайы курстар оқытады екен. Міне, осының бәрі өмірлік жар таңдаудан қателесіп кетпеудің амалы. Өзім де бойдақ болған соң қызығып қолыма алған кітаппен бөлісуді жөн көрдім.
Кітап 4 бөлімнен тұрады. Онда жар таңдаудан бастап, жанұя жарасымы, қайын жұртпен қарым-қатынас және ажырасудың басты себептерін, жалғызбасты аналардың бала тәрбиелеу мәселесін ашып көрсеткен.
«Адам баласы саналы түрде ақ некесін қиып, Алланың алдында серттеседі. Бұл ұрпақ жалғастығы мен ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау үшін де керек. Кезінде жер-жаһанға мәлім болып, кейіннен тарих сахнасынан жоғалған қауымдастық аз емес. Қазір ізі де жоқ. Неге? Өйткені олар «неке» деген қастерлі ұғымды ұмытты» дейді Қабылбек Әліпбайұлы.
Айтқандай, жар таңдау – жеңіл-желпі қарайтын мәселеден емес, жүрек пен ақылға күшті теңдей салу керек. Алғашқы тарау осы мәселені жан-жақты зерттейді. Онда отбасы құрудың адам өміріндегі маңызынан бастап, жігіт пен қызға болашақ жарының бойынан табылуы тиіс бірнеше мінез бен қасиетті, шариғат бойынша танысу процесі мен автордың бүгінгі азаматтық неке туралы пікірі толық айтылған. Сонымен қатар қоғамда қызу талқыға түсетін алып қашу, қалыңмал, теңдік мәселесінде Бауыржан Момышұлының: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп жетіледі. Біз – сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды» деген сөзін негізгі алып, отбасылық өмірде ер адамның үлкен жауапкершілік алатынын, оның әйелі мен балалары алдындағы міндетін жіктеп береді.
«Жанұя жарасымына жету жолдары» аталатын екінші тарау отбасылық өмірде кездесетін қиындықтардың алдын алуға шақырады. Отбасындағы ер мен әйелдің шаруашылықта, бала тәрбиесінде орны мен олардың діни тұрғысынан көзқарас қарама-қайшылықтары да қарастырылған.
Сонымен қатар перзент сүю, бедеулік, жастардың бір-біріне көңіл бөлмеуі, көңілі толмауы және жағымсыз әрекеттер туралы да сөз қозғалады. Ол турасында автор «Жұбайлар бір-бірінің мінезін толық зерттеп білмей бақытты болуы екіталай» деген Онере де Бальзактың сөзін құптайды. Оны «Қарым-қатынас жасау – өнер. Үлкен өнер. Сол өнерде бір-біріміздің ісімізді жоққа шығарып, орынсыз икліге берсек, әр нәрсені сұрай берсек, ола адам автоматты түрде алыстайды. Қарапайым күйеуіңіз кешігіпп келсе, қайда жүргенін сұрап мазасын алмаңыз. Үйде бір ннәрсе дұрыс болмаса, орынсыз сұрақ қойып, әйеліңізді мезі етпеңіз. Қайта жылы сөйлеп, жағымды жаңалық айтыңыздар. Сөз – қуатты қару. Тек оны дұрыс қолдана білу керек» деп түйіндейді.
ІІІ бөлім «Қайын жұртпен қатынас» деп аталады. Жалпы үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды дегендей, бөлімде ұрыстың алдын алу, тұрмыстық мәселені ұтымды шешу, әйел мен ердің қайын жұрт алдындағы міндеті, қаржы бөлінісі мен туыстардың араға түсуін болдырмау сынды тақырыптар бар.
«Кез келген процесс екіжақты жүргенде жемісті болады. Қиындық та, бақыт та – екіжақты. Егер екі жас, екі әулет жастардың бақытын ойласа, соған қам жасау керек. Сол кезде келін жаңа отбасына тез сіңіп, өтпелі кезеңде көп қиындық болмайды. Қалай болғанда да көп нәрсе жігіттің өзіне байланысты. Ол әр қадамын есептеп басып, ақылдасып шешсе, бауырларын да, жарын да ренжітпей, орта жолды таба алады. Өкінішке қарай, қазір осы кезеңде сынып қалатын отбасылар көп» делінген кітапта.
Соңғы бөлім ұрыс-керісі көп отбасылар мен сәтсіз некеден кейінгі өмірге арналады. Қандай жағдайда отбасы ойран болатыны, оны болдырмау үшін қай нәрсені нұсқа ету керек және ажырасу өмірдің соңы емес екенін түсіндіреді.
Қоғамда бұзылған ұя көп, бұзылғалы тұрғаны қаншама. Тіпті құс екеш құстың баласы да ұясына лай жағып, бұзылмасын дейтін халықтың баласымыз. Расымен, әрбір шаңырақ жылы мекенге айнала алады. Солай болуы тиіс. «Жан Ұясы» сол жолда тамшыдай үлес қосатын, үмітпен ашылып, қуанышпен жабылатын кітап боларына сенім мол.
Г.САҚТАПОВА