Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел есіндегі Елшекен

Ел есіндегі Елшекен

Аралдың мақтаныштары көп-ақ. Олардың жүріп өткен жолдары әлі де кейінгі буынға үлгі. Барлығы дерлік қоғам үшін аянбай тер төгіп, елдің өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше үлес қосты. Бүгінгі таңда сөнбес сәулеге айналған сондай біртуар жандардың елеулі еңбектері ауыздан-ауызға тарап, тұлғалық келбеттері сан мәрте тақырыпқа арқау болғандары қаншама!? Міне, біз тағы бір болмысы бөлек жан жөнінде сөз сабақтағалы отырмыз. Ол – Кіші жүз Шекті Кішкене бабамыздың ұрпағы Елшекен Қуанышбай ұлы.
Біреулер бар, бар болса да жоқ сияқты, енді біреулер бар, жоқ болса да бар сияқты. Ең бірінші қаламды қолыма алғанымда келместің кемесіне мінсе де салиқалы ісімен жұртшылық жадында жатталған Елшекен көкеміз әлі де ортамызда жүргендей көрінеді. Өйткені, қатпарлы тарих бетінде ешкімде ешнәрседе ұмытылмайды.
Қош, 1928 жылы Сайғонды ауылдық кеңесіне қарасты «Ақбөгет» елді мекенінде дүниеге келген Елшекен қазаққа тән қағидамен шаңырақтың атқамінері атанып ардақтыларының ғана емес, ауыл-аймақтың қуанышына айналды. Ол заман басқа. Алақандай мекендегі жатағандау келген білім ұясында ала дорбасын ұстап, бірінші сыныпқа барған кейіпкеріміз алғырлығымен танылды. Оқуға деген құштарлығы, білсем деген талпыныс «Ақбөгеттің» ұланының бағытын онан әрі айшықтай түсті. Ұстаздарынан сапалы білім, саналы тәрбие алып шыққан шәкірт артынша яғни, 1943 жылы Қызылорда педогогикалық училищесіне оқуға түседі. Арманы асқақ еді. Алайда, аяқасты тұтанған соғыс өрті үкілі үміттің жолын жалынмен жапты.
Халық абдырап қалған. Үміттен үрей көп. Үлкен-кіші уақытпен санаспады. Тылда жүріп «бәрі де жеңіс үшін» деген көптің бел ортасында Қуанышбайдай асылдың текті ұрпағы Елшекен де жүрді. Техника деген ілеуде біреу ғана. Барлық күш қос білекке түседі. Ат пен өгізге соқа жегіп нан табудың қамын күйттеген қауым бала демеді, қарт демеді төккен терлерін тек бақайшағына дейін қаруланған неміс фашистерін жеңуге арнады.
Осы жерде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жетіскен Мәкенәлі дайындаған «Елінің Елшекені» атты 2015 жылы жарық көрген естелік кітапта көп нәрсе баяндалған-ды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, сол туындыда Нұртай Елшекенұлы әкесі бастан кешірген бейнетке толы ауыр күндер туралы айтқан сөздерінен есте қалғанын былайша әңгімелейді:
– Есімде, өгіз арбамен «Алтынтапқан» деген жерден бидайды Аманөткел арқылы араға екі күн қонып, Қамбаш станциясына жеткізген едік. Әр барғанда екі өгіз арбамен 64 қап, 32 центнер бидайды тасып тұрдық. Менімен бірге сол кезде Сағымбай Махамбетов, Қайырла Жаңабаев сынды ауыл азаматтары болып бірге жеткізетінбіз. Бұдан бөлек аналар, апа-қарындастар тоқыған шұлық, мойын шәлі, қолғаптың санмыңдаған данасын тапсыратын, –деп құймақұлақ ұл әке сөзін айна-қатесіз алға тартады.
Қай нәрсенің де қайыры бар. Осындай қиыншылықтарды бастан кешірген Елшекен оқудан да қол үзбеген. Бұл арманы асқақ азамат үшін еңселі ертеңіне төселген баспалдағы еді. Ақырында педагогикалық училищені қызыл дипломмен бітіріп шықты.
Еңбек ақталды, жеңіс жалауы желбіреді. Кеңес армиясы батыстан шыққан пиғылы бұзық дұшпанды ініне тықты. 1949 жылы азаматтық борышын өтеуге аттанған Елшекен Саратов қаласында аяққа күрзі етік киіп, қолына автомат алды. Бәрі дұрыс еді. Әскери жаттығуды жетік меңгерді. Отан алдындағы антына адалдық танытты. Бірақ туған елден келген шұғыл хабарлама барлығын да күрт өзгертті. Нақтырақ тоқталсақ, отбасылық жағдайға байланысты армиядан мерзімінен бұрын босатылды.
«Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Мақсаттан жаңылмайтын Елшекен Ақтөбе қаласындағы үш жылдық Н. Байғанин атындағы мұғалімдер даярлайтын институтқа құжат тапсырады. Аталған білім ордасынан 1953 жылы жаратылыс тану және география мамандықтары бойынша диплом еншілейді.
Тағдырды бағдаршам деп сипаттасақ, Елшекен үшін Қызылорда мен Ақтөбе қаласынан алған білім жақсы нәтиже беріп, алдынан даңғыл жол ашыла түсті. Білімнің теңіз екені бесенеден белгілі. Сол теңізде еркін сүңгіп, қажетін ала білген азамат өз мықтылығын әдепкіде-ақ дәлелдеді.
Ұстаз – мәртебелі мамандық. Жалындаған 25 жасында биік белестерге иек артқан Елшекен қызметтік сатыда озық тәжрибесімен жоғарылады. Жеткіншектердің болашағын басы жастыққа тигенше ойлаған маман өрімдей ұл-қыздардың көкжиегін кеңейту мақсатында зор ізденіспен толымды тірліктер тындырды. Ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып, аз уақытта ел алғысына бөленді. Аудандық білім бөлімі бұл жолы да кадр таңдауда қателеспей, талапшыл Елшекенді 1953 жылы мектеп директорлығына лайық деп білді.
"Елу жылда ел жаңа" деген сөз бекерге айтылмаса керек. «Ақбөгет» елді мекені Жаңақұрылыс ауылы атанғанша аядай ғана елді мекен тұрғындары осылай қарай шоғырланды. Әп-сәтте Жаңақұрылыс қарыштап, ірі мекендердің қатарына қосылды. Жаппай үй салуға бет бұрған халық көрікті келешекке сеніммен қарады. Осының бәрін зерделеп екшеген Елшекен жоғары жаққа ұсыныс беріп, орталау мектепті үлкейту туралы талап қойды. Себебі, білім ұясындағы бала саны еселеп артқан болатын. Ісі өнімді, сөзі өтімді жанның талабы жерде қалсын ба? Орындалды. Ата-аналар мен оқушыларға қолайлы болу үшін мектеп жанынан интернат ашу, балалардың талабын шыңдау үшін шеберхана салу, қосымша сынып бөлмелерін қосу қолға алынып, осынау рәтті істердің басында үйлестіру үшін Елшекен Қуанышбайұлы тынбастан жүрді.
Көзкөргендер біледі. Аудан орталығынан шалғай жатқан Жаңақұрылыс мектебі адам танымастай өзгерді. Тіпті, аймақтық семинарлардың өзі Жаңақұрылыс мектебінде ұйымдастырылатын дәрежеге жетті. Оқушылар жалқауға ғана жұмыс жоқ екенін қаршадайынан ұғынып, масылдыққа бой алдыру қателік екенін мектеп қабырғасында сезінді. Өзі де демалыссыз еңбек ететін Елшекен оқушыларды егін егуге бейімдеп, әрбір жояларды қалай баптаудың қыр-сырын үйретті.
Ұйыған шаңырақтың отағасы ғұмырлық серігі Құрманбике екеуі ұл-қыз өсіріп, ұрпақтарымен марқайды. Аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне айшықты қолтаңба қалдырған Елекең оқу-тәрбие жұмысында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, ұжымды шебер басқара білгені үшін құметтілер қатарына қосылды. Дүркін-дүркін марапатқа иелік етіп, абыройы асып, мерейі таси түсті. Би аялдайтын шаңыраққа бата дарып, ұл ұяға, қыз қияға қонды.
Халық мәселесін де, көкейіндегісін де осы кісіге жеткізді. Аманат арқалаудан шаршамаған ғибратты ғұмыр иесі халық қалаулысы да атанды. Көршілес Қазалы ауданы да Елшекеннің төрелігіне жүгінді. Осылайша жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ол ХІ, ХІІ, ХІІІ шақырылған Халық депутаттары мандатын еншілеп, талай төске ұрып, кеуде кергендерге елдің иесі, жердің киесі бар екенін еске салып, сабасына түсіріп отырды.
Кісілік келбеті ерек, болмыс бітімі бөлек өнегелі өмір иесі жайында бәрін қамтып бір мақаламен аяқтай алмайтынымыз анық. Арал мен Сыр бойындағы нар тұлғалы азаматтардың бірі де бірегейі бола білген Қуанышбайұлы атамекенін шексіз сүйіп, ардақтаған азамат ретінде танымал.
Ауылдастарының жүрек кестесінде тоқылған Елшекен туралы әлі де қаузалар. Бір адамды емес, Жаңақұрылыстай ауылға бақыт сыйлаған кеудесі дария, мүсіні тау қастерлі аға туралы естеліктер жетіп артылады. Сексенге таяса да үйде отырып қалмай «Әулиетөбеге» канал апарып, сексеуіл тұқымбағын ұйымдастырған жанның іскерлігі талайға таңдай қаққызған болатын. Сол бастама аясында жергілікті жұртшылық та Жер-Ана төсінен шыққан қауын-қарбыздан дәм татып, қарық болғаны бар. Жақсылардың жалғасындай ағаның ел ертеңін ойлап, халыққа қалтқысыз қызмет еткен адамдығы мен адалдығына тереңірек үңілсек, өлмес өмір деген осы шығар деген ойға қаласың. Шынында да солай...
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
11 ақпан 2025 ж. 55 0