Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халқының "Қарадомбайы"

Халқының "Қарадомбайы"

Жасынан тағдырдың тауқыметіне тап келіп, қиындықпен қаймықпай күресе жүріп, шын талантымен танылған қайсар қаламгерді құрметтеп, аудан бойынша осы жылды ақын жылы деп атап өтуге шешім шығарған аудан әкімінің қаулысын өте қажетті шара ретінде қуана құптауға тиіспіз. Өйткені бұл асыл азаматқа деген халықтың шынайы ықыласы, әруаққа деген тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тағылымы мол тәрбие. «Өткенін ұмытқан елдің келешегі күмәнді» деген сөзі соны дәлелдейді.
Теңіздің оңтүстік шығысын жағалай орналасқан Қарашалаң, Бөген, Қаратүп балық колхоздары мен айналадағы елдімекендерде бала Зейнолланың жалаңаяқ асық ойнап, достарымен жарысып, асыр салған аймағы. Анау Қалияның қалың ақшағыл құмында, Ақбике мен Жетіаралдың жонында, Сарыбасат пен Саманның сайында оның табанының талай ізі қалғаны анық. «Ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей, қонысымыз жақын, әрі ағайын болғандықтан мен Зекеңді тым ерте, кішкентай кезімнен білемін.
Мектепке бардық. Хат таныдық. Көркем әдебиетке деген құмарлық оянды. Қолымызға түскен әңгіме, өлең болса қалдырмай оқимыз. Бұл кезде Зекеңнің алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде жарық көріп, «жас ақын» деген атының тарала бастаған тұсы. Соған еліктеп біз де бірдеңені шатпақтап жазған боламыз. Онымызды мұғалімдер құлпырта мақтап, мектеп қабырға газетіне шығарып, тіпті есіртеді.
«Самат сабақтан қалды,
Көлге қабадан салды.
Үй тапсырмасын орындамай,
Есептен екі алды» деген сияқты «өлеңің» мектептегі «Тікенек» газетіне шыққан соң көңілге жел бітпей қайтсін?! Енді сені сол газетке редактор етіп бекітеді. Арқадан қағып қолпаштайды. Бұрынғыдан да бұрқыратасың сосын.
Бізге қазақ тілі мен әдебиетінен Жалғас Құрманов деген ұзын бойлы, жұқалтаң сары ағай сабақ берді. Өз пәнін жетік білумен қатар ол оқушы жүрегіне жол табудың керемет шебері болатын.
Сол кісі жетінші сыныпта оқып жүргенімізде «өлеңдеріңді Зейнолла ағаңа көрсетіп, сынатып алсайшы!» деп ақыл берді. Бірден бара қоймай, біраз қобалжып жүрдім. Ақыры тәуекелге бекіндім. Жазғандарымыздың тәуір дегендерін қырық сегіз беттік қалың дәптерге көшірдім. Сонда да жалғыз баруға жүрексініп, жаныма сыныптас досым, басы қазандай Дәрібай Әлисұлтановты ертіп алдым. Дәрібай да әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын. Кітапқұмар бала еді. Әрі Зекеңдерге менен бір ата жақындығы бар. (Ол Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Қазақ календары» редакциясында абыройлы еңбек етіп, кейін марқұм болып кетті). Біз барғанда Зекең қалын бір кітаптың ортасынан ашып тастап, әлдебір сөзді жаттап отыр екен. Ол кезде кітапқа назар сала қоймағанмын. Артынан ойлап «Орысша-қазақша сөздік» болар деп жобаладым. Сәлемімізді алды. Екеуміздің де әке-шешемізді таниды. Олардың денсаулықтарын сұрады. Шаруамды айтып, қолына дәптерімді ұстаттым. Дәптердің беттерін парақтап шықты да, жанына қоя салды. Бірдеңе есіне түскендей сәл ойланды.
– Өлеңдерің менде қалсын. Екі-үш күннен кейін соғарсың. Қарап шығайын. Пікірімді сонда айтармын, – деді.
Бізді бала деп санамай өзіне тең көріп әңгімелескеніне кәдімгідей көтеріліп қалдық. Бұл кезде оның «Ленин жолы» газетінде «Қорей қызы» дастаны, «Әдебиет және искусство» журналында «Менің достарым» поэмасы, тағы басқа өлеңдері жарияланып, халыққа танылып қалғанды. Дәрібай екеуміз бір-бірімізге қуана қараймыз.
Араға тура бір жұма салып, Зекеңнің алдына тағы бардым. Алғашқы әңгімеден соң өзіме сенімім артып, жүрегім орнығып жалғыз жеттім. Ауызғы бөлмеде екі-үш әйел тігін машинасының айналасында әлдебір киім үлгісін келтіре алмағандай даурығып жатыр екен. «Бүгін де өлең талданбас» деген күдікпен келесі бөлменің табалдырығынан аттап, ақынның қолынан алдым.
– А, келдің бе? Отыр, – деп айналасындағы қобыраған қағаздарды жинастырып, аузындағы насыбайды жанындағы қалбырға түкіріп тастап, көкірек тұсына жастықтай тірей кеудесін көтере, қолына менің дәптерімді ала бірінші бетін ашты. Ол кезде біз сия үшін жасыл қаламның ішіндегі өзекшесін пышақпен қырып, оны суға араластырып пайдаланамыз ғой. Қағазға жазғанда қоңырқай түс болып шығады. Менің дәптерімнің беті қып-қызыл екен.Ол, әрине, Зекеңнің қызыл қаламының ізі. Қалам тимеген бір жол өлең жоқ шығар. Екі бетім дуылдап жүре берді. Дәптерден кем қызармаған болар. Оны Зекеңнің сезген-сезбегенін білмеймін. Айтып жатыр. Басым салбырап, иығым қушиып тыңдап отырмын. Буын саны, ұйқас иірімі, сөз байлығы, сурет сипаты деген ұғымдарды менің құлағыма құйып жібергені келгендей серпіле сөйледі. Дәптердің келесі беттерін ашады. Онда да қызыл қалам ізі. Кей тұсына қалқиған құлақ сияқты сұрау белгісін қойыпты. «Дәптердің барлық беті осылай бола ма?» деп қылпылдай бастадым. Құдай сақтағанда Зекең он екі өлеңді ғана талдаған екен. Әр буынды, әр тақырыпқа жазылған он екі өлеңді таңдап алыпты. Әлде басқасын жазуға ықыласы соқпады ма? Кім білсін. Менің ұнжырғам түсіп, қатты қиналған күйімді тамыршыдай таныған ақын енді көңілімді делбеп, қолпаштаған сөздер айтуға кірісті. Астын сызған тұсты көрсетіп:
– Міне, мына бір жолдарыңда жылт еткен ой бар. Әдемі сурет көрініс берген. Ұйқасы да жүрекке жылы тиеді. Теңеуді де дұрыс тапқансың. Өлең жазу оңай емес. Алдымен талант, сосын мол білім керек. Әлі жассың, оқы, үйрен, талап қыл. Ерінбеген етікші болар, бірақ ақын бола алмайды, – деді соңында.
Өлеңнен іргемді аулақ салғанмен, әдебиеттен алыс кете алмадым. Орта мектептен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Зекеңнің жарық көрген шығармаларының бәрін сүйсініп оқып, ой-пікірімді өзіне айтып та жүрдім. Бөгеннен ірге көтерген ақын аз уақыт Аралда болып, Қызылордаға түпкілікті қоныс аударады. Әдеби ортаға жақындап, денсаулығын білікті дәрігерлерге көрсетіп, кеңес алып тұруына бұл игі әсерін тигізді.
Аудандық ауруханада біраз жатып, емді одан әрі жалғастыру үшін Алматыға жолдама алып, 1979 жылдың 26 желтоқсаны күні үйге келген бойымда көршідегі Сейіл аға бала жіберіп шақыртып алды. Барсам біраз адам томсырайып отыр. Бастары салбырап кеткен. Сәлемімді салғырт алды.
– Әлгінде ғана Қызылордадан хабар келді. Зейнолла қайтыс болыпты. Қазір Сыдықтың үйіне барып, әкесі Әнәпияға естіртеміз, – деді Сейіл қабырып. Бөгенде тұратын Әнәпия бір-екі күн бұрын Аралға келіпті. Сыдықтың үйінде екен.
Көпті көрген, жасы келген, шөгіп, бір уыс болған шал саудырап кіріп жатқан адамдардан бірден іш жиып, сезіктеніп, сұмдық сөзді ауыздан шықпай-ақ ұқты. Ұзақ жылады. Баласының денесін Аралға әкелуді тапсырды. Басқа уәждің ешқайсысына көнбеді. Сол жерде баратын адамдар белгіленіп, ұйымдастыру шаралары шешілді. Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда желтоқсанның ызғарлы аязында дауылпаз ақынның денесі немере туысы, әрі құрдасы Сыдықтың босағасынан ақтық сапарға аттанды. Кейін басына биік күмбезді там тұрғызылды. Құлыптас қойылды.
Зейнолла Шүкіров бар болғаны 52 жыл өмір сүрді. Және ол қандай өмір десейші! Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас шағында майып болып, еріксіз төсекке таңылды. Жанды жеген аурумен алыса жүріп, өз бетінше оқып, білімін жетілдірді. Тағдырдың ауыр сынына сынбай, өршіл талап алға ұмтылды. Өлеңімен елге танылды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері қатарына самғап шықты. Оның жиырмадан астам поэзиялық, прозалық кітаптары жарық көрді. «Менің достарым», «Теңіз жырлары», «Арал дәптері», «Жүрекке әмір жүрмейді», «Арал толқындары», «Сағыныш», «Адам-Жер-Ана», «Күншуақ», «Ізгілік іздері», «Жас жесір», «Қиын түйін», «Ғажайып құмыра», «Тоғысқан тағдырлар», «Сарша тамыз», «Отты өткелдер», тағы басқа шығармалары оқырмандарының жүректерінен жылы орын алды. Ол «Апаға жездем сай» және «Жолы болғыш жігіт» атты пьеса жазып, олары сахнада қойдырды. Орыс ақыны Ф.Тютчевтің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Өзінің шығармаларының біразы орысшаға аударылып, кітап болып басылды. Бірнеше өлеңіне ән жазылып, жиын-тойларда шырқалуда. Мына бір жағдай айрықша назар аудартады. Алла сыйлаған 52 жыл өмірінің алғашқы 26 жылында оның бір ғана кітабы шыққан болса, кейінгі 26 жылында 21 кітабы жарық көріпті. Он екі мүшесі сау, қара жерді қақыратып басып жүрген қай жазушы осындай жанкешті еңбек танытып, шығарма жазды екен?! Оның бар тұлғасы кейінгі ұрпаққа өнеге дейтініміз де осыдан.
Құнарлы жерге себілген дән ғана берекелі өнім беретіні белгілі. Халқының қадірлі қаламгері, айбынды ақын, жалынды жазушы Зейнолла Шүкіровтың шыққан тегі де осал болмаған. Атасы Шүкір де өлең шығарған, кітап жинаған, айналасына шерепеті тиген, дегдар адам болған. Әкесі Әнәпия белгілі жырау, қиссаларды таң атқанша айтатын жыршы. Ағасы Атағұлдың майданнан жолдаған өлең хаттары кейінгі кездерге дейін жатқа айтылып, тыңдаған адамның сай-сүйегін сырқыратты. Бұл өлең қонған, өнер дарыған қарашаңырақты Бөген топырағында болғандардың бәрі біледі.
«Алып-анадан туады» дейді халық. Осы естелігімде Зекенің анасы – Набат жайында бір ауыз сөз айтпасам ұят емес пе? Көкірек көзі ашық, кісілігі мол, шебер де ширақ ол қазақы әдеп-ғұрыпты сертіндей сақтады. Енесінің қойнына жатып, атаға бала бола білген ұлының азан шақырып қойған атын бір рет айтпастан «Қарадомбай» дейтін. Осы есімнің ішінде аналық махаббаты да, Аллаға деген шүкірлігі де, сүйіспеншілігі де, ризашылығы да сыйып тұратын. Төсек тартқан дімкәс дененің барлық ауыртпалығын, елге танылып, халық төбесіне көтерген кездегі атақ-даңқын аспай-таспай, қанағатшылдықпен қабылдады. Барлық уақытта ұлының келешегіне сенді, болашағына үмітпен қарады. Тілегіне жетті. Армандары орындалды.
Набат мені көргенде алдымен шешемнің амандығын сұрайтын. «Байдың қызының халі қалай?» дейтін. Үлкен кісі құрметтеп, алдынан кесе өтпейтін әкемді сұрамай аузына бірінші анамды алғанына кіржиіп қалатынмын. Сөйтсем, менің анам ол кісіге нағашы болып келеді екен. 1970 жылдың наурыз айында Набат дүние салды. Зекең қатты күйзелді. «Ару ана» атты жоқтау-реквием жазды. Осы шығармасында анаға деген ізгі сезімін ақтара айтты. Ол өлеңді жанын тебіренбей, жүрегін қалтырамай оқу әсте мүмкін емес. Мен де осы естелігіме анасының сүйіп қойған есімін тақырып етіп алдым. Ақын рухы бір ғана анасының емес, халқының көкейінде күй болып күмбірлеп тұр. Мәңгі тұра бермек.
Оңдасын БЕКТҰРҒАНҰЛЫ

Сурет: ашық дереккөзден алынды

17 ақпан 2025 ж. 81 0