Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мұқағали мен Зейнолла

Мұқағали мен Зейнолла

Мұқағалидың Зейнолла Шүкіровке арнаған өлеңі бар. Бұл бір өте қызық тақырып. Мен Зейнолла аға туған Бөген ауылынан небәрі отыз-ақ шақырым жердегі Қаратерең деген ауылда туып-өстім. Сондықтан жас күнімізден ол кісі туралы мәліметке біршама қанықпыз. «Хабар» агенттігінде қызмет істеп жүрген кезімде Қызылордаға барып, «Көзкөрген» бағдарламасы бойынша Зейнолла Шүкіров туралы хабар әзірледім. Бұл хабарды дайындауға Зекеңнің ұлы есебінде тәрбиеленген інісі Алпысбай көмектесті. Зекеңнің сегіз жасында түйеден құлап, мертіккен жерін көрдім. Ақынның мұрасын ұқыптылықпен сақтап, жариялаумен айналысып келе жатқан Алпысбайдың қолында деректер жеткілікті екен. Мұқағали мен Зейнолланың қарым-қатынасы өте жақсы болған. Бірін-бірі қатты қадірлеген. Ара-тұра хат алысып тұрған көрінеді. Алпысбайдың архивінде Мұқағалидың Зекеңе жазған екі хаты сақтаулы. Мұқағали 1963 жылы Қызылорда облысына келіпті. Сол сапарында Қазалы ауданында да болған сияқты. Себебі ақынның жұртқа белгілі «Қазалы желі» деген өлеңі бар.
Мен бірде Алматыда сол Қазалы ауданынан шыққан бір полковник қартпен кездестім. Ол былай деді: «Ілгеріде біздің ауданға Мұқағали мен Жағда Бабалықов бірге келді. Мектептің жай ғана мұғалімі едім. Оларға қызмет қылып жүрген маған Жағда Бабалықов: «Айналайын, мен сияқты полковник бол!» деп бата берді. Мен іштей: «Мына кісінің батасы қызық екен. Әскерге мүлде қатысым жоқ мен қалайша полковник боламын? Одан да «Завуч бол, қалқам!» деп неге айтпайды?» деп ойладым. Бұл тағдыр дегенді қойсаңшы, ұзамай әртүрлі себеппен ішкі істер саласына болмашы ғана қызметке ауысып кеттім. Сөйтіп, сонда өсіп-жетіліп, енді міне арада қырық жыл уақыт өткенде шынымен де полковник болып отырмын!». Қайран, Мұқаңа серік болған Жағда көкем! Сөзінің дуасы болып тұр ғой. Мұқағалидың Қазалыда болуына қатысты естіген әңгімем осы.
Зекең туралы хабар түсіру барысында Қызылорда қаласындағы Мұқағали түскен үйді де көрдім. Төлебаев көшесіндегі екі бөлмелі шағын пәтер. Әрине, Шүкіровтер ол үйден баяғыда көшіп кеткен. Тек ол пәтер бағдарламаға пайдалану үшін, яғни журналист ретінде кадрде тұрып: «Мына үйде орналасқан Зейнолла Шүкіровтің пәтеріне Мұқағали келген» деп түсіндіре сөйлеп, елге көрсету үшін керек болды.
Мына бір хат назар аудартпай қоймайды. «Жұлдыз» журналының алпысыншы жылдардағы бланкасына жазылған хатта: «Зейнолла! Тірлігіңе тілектеспін. Мәңгілік өмір сүрмесең, басымды кесіп берейін. Жібергеніңнің барлығын сол қалпында ұсындым. Бара жатыр. Жаңалық айтып, хат жаз. Мұнда да жоқ. Бәрі баяғыдай. Мұқағали» деп жазылған. Мұқаңның бұл хатынан Зекеңе деген жанашырлығы, оның шығармашылығын ерекше бағалайтындығы көрінеді.
Ал Мұқағалидың Зекеңе жазған екінші хаты тіпті қызық. Хат «Бүгін бір жұмыспен (демалыс күні) отырып едім. Ол жұмыс мені қызықтырған, сұмдық қызықтырған. Ең қызық жеріне келгенде, үйге Тоқаш келді... Үй ішім, әсіресе әйелім суық қарсы алды оны (Тоқаштың біздің үйге істеген тентектігі жоқ, сірә ол туралы сасық қауесетті сырттан естиді ғой деймін, бірақ Тоқаш біздің үйдің байырғы қонағы. Мен мұны (Т-ты) 1948 жылдан білемін» деп басталады. Ақын әрі қарай отбасының оны неге салқын қарсы алғанының себебін түсіндіреді. «Оны суық қарсы алды. Үй-ішім менің жұмыс істегенімді жақсы көреді, біледі нанның немен табылатынын. Ол (Т-ш) шаршап келіпті, жатқыздым да жұмысымды жалғайын деп ем, зауқым шаппады (жұмысқа). Сен ойыма орала бердің...».
Осы сәт Мұқағалидың есіне Зейнолла Шүкіров неге түсті екен деген ой келеді. Бәлкім, алдындағыны бұзып-жарып жүретін тентек мінезді Тоқашты көріп, төсекке таңылып жатқан періште көңіл Зейнолла көз алдына елестеді ме екен?! Асау арғымақ пен тұсаулы тұлпарды салыстыра отырып ой толғады ма, кім біледі? Әйтпесе, оған жазып отырған хатында үйіне Тоқаштың келгенін айтып несі бар? Мұқаң одан әрі Зекеңе былайша сырын ақтарады:
«Зекен! Мен сенімен ашылып пікірлесе алмадым. Себебі – баяғы сенімсіздік (Жаратқан ием-ай, ашылып пікірлесу де рахат екен ғой...). Екінші себеп, прозаларыңды әлі оқымап едім, өтірік көлгірсуге арым шыдамады. Ал өлеңге деген пікірің әлгіндей болғаннан кейін тағы да аузымды жұмдым. Айтқаныңа да, былтырлар («Қазақ әдебиетінде») жарияланған мақалаға да ұйымадым. Сол үшін жым болдым. Ауылдарыңда көсіле жаттым, көпіре сөйлей алмадым. Өзіңмен пікірлесер көп жайттар бары анық». Осыдан-ақ Мұқағалидың жалған сөйлей алмайтын шынайылығы айқын көрініп тұр. Ойындағысын лақ еткізіп ақтара салады.
Тағдырмен тайталасқан талантты тұлға Зейнолла Шүкіров туралы жазылған шығармалардың ішінен үш туындыны бөліп алуға болар еді. Оның біріншісі – қазақ әдебиетінің алыбы Асқар Тоқмағамбетовтың «Жаралы жолбарыс» атты дастаны. Екіншісі – көрнекті ақынымыз Мұзафар Әлімбаевтың ақынның елу жылдығына арнап жазған «Құрыш қазақ» атты поэмасы. Үшіншісі – Мұқағалидың «Тағдырлардың тағдыры» деп аталатын өлеңі.

Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып,
Қайғы емес, қаталдық қабақта тұр ашылып.
Тағдыр дейтін баяғы жалаң аяқ мыстаның,
Жалынады кете алмай, аяғына бас ұрып,

Тағдыр дейтін сүмелек шыр айналып кетпейді,
Ол қабағын шытынса, есік жаққа беттейді,
Табанында тағдырға ызғарменен қарайды,
Қарайды да аяйды, аяйды да теппейді.

Зекең туралы талай айтылған, сан рет жазылған естеліктердің мазмұны осы төрт шумақ өлеңге толық сыйып кетеді. Алланың салған сынағына бас ұрып, өз тағдырын өзі билеуге ұмтылған қайсар жанның өмірге құштарлығын, тынымсыз күресін Мұқағали басқаша көзбен көре алды. Мұқағали ғана байқай алатын биіктен зер салсақ, Зейноллаға талай жыл сес көрсеткен тағдыр одан әлдеқашан жеңіліп тынған. Өйткені, ақынның өзі тағдырға айналған. «Тағдырлардың тағдыры» – Зейноллаға ғана лайық, лайық болған күннің өзінде Мұқағали ғана зерлей алатын ерекше ұғым. Оның өзі де тағдырмен талай рет арпалысқа түсіп көрген ақын. Сондықтан ол Зекеңді тағдырдан теперіш көрген адам емес, керісінше, тағдырды ақыннан қудалау көргендей етіп бейнелейді. Өмір-өлеңнің призмасына кері ракурспен қарау арқылы өзгеше образ жасайды.

Дәл төріне қондырып, өмір дейтін жолдасын,
Екеу ара қақ бөлді, байлық, бақыт, олжасын.
Қарамайды, қайтсін ол оңай-оспақ тағдырды,
Тағдырлардың тағдыры – өзі тағдыр болғасын.

Буырқанған теңіздей жатыр екен ашынып,
Атылады аспанға ақ көбігі шашылып.
Қателігін кеш ұққан тағдыр дейтін қайыршы,
Жүгіріп жүр жағада сауға сұрап, бас ұрып...

Ал енді Мұқағалидың Зекеңе арналған осы өлеңі көпшілікке жақсы таныс болғанымен Зейнолла Шүкіровтің «Мұқағалиға жауап» деген өлеңін жұрттың бәрі бірдей біле бермеуі мүмкін. Ол бұл өлеңі арқылы өзі ақындықтың сұлтаны деп бағалайтын Мұқағалимен поэзияның тазалығы жөнінде ашылып сырласқысы келген сияқты. Айналасындағы ақындардың өлең өріміне, тақырып таңдауына көңілі толмайды. Әріптестерінің ізденбейтіндігіне, бірсыдырғы сүрлеуден шықпайтындығына күйзеледі. Олардың жырларында жалт еткен жаңалықтың жоқтығына налиды. Шөп те өлең, шөңге де өлең болғанына қиналады. Қайран поэзияның күйкі тірліктің көлеңкесінде қалып бара жатқанына жаны шыдамайды. Құдіретті музаның қарадүрсіндікке айналған көңілсіздеу көріністерін тізбелеп термелейді. Осынау өзгешелеу өлеңін саналы түрде жалғыз ғана ұйқаспен өреді.

Бір осал жоқ бұл күнде кіл дүр ақын,
Белден басып бунақты сындыратын.
Темір-терсек, тау-тасты жыр қылатын,
«Тауып айтып» төрт жолмен тындыратын,
Өмір жайлы ойдан ой тудыратын...

...Бос мақалдап, жел сөзді сылдырату...
Қайран жігіт, қажыған шалдан бетер,
Ойлар... ойлар... әйтеуір бұлдырату...
Бұл – жігіттер, өлеңді құлдырату!

Бұл – оның Мұқағалиға ағынан жарылуы. Өзінің тек тағдырмен ғана емес, өлең өлкесіндегі жалғандықпен де күресіп жүргенін түсіндіргені. Ол үшін Мұқағали поэзияның құндылығы жөнінде шағынатын өрелі өлшемге айналып отыр. Зекең оған жыр ауылының ахуалын баяндайды, өзінің көзқарасын танытады. Мұқағалидан төрелік күткен тәрізді.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден алынды
18 ақпан 2025 ж. 92 0