Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қарапайым училищеден көпсалалы колледжге дейін

Қарапайым училищеден көпсалалы колледжге дейін

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген болатын. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануды мақсат етіп отқан жылда механик, электрик, слесарлар, дәнекерлеуші, столяр, кондитер сынды түрлі салада маң терін төгіп жүрген жандардың еңбегі еселенетін сәтте осындай мамандарды даярлайтын білім ошақтарының да айтарлықтай табысқа жететін сәті.
Міне, атаулы жылда аудандағы Арал көпсалалы колледжі 65 жылдық мерейлі сәтін атап өтпекші. Талай түлекті қанаттандырып, еңбекке баулыған, кәсіби маман ретінде қалыптасуына, алған білімін іс жүзінде ел игілігіне жаратуға бағыттаған білім ордасы жайлы айтар көп.
Редакциядан

Арал ауданының білім беру мекемелерінің арасында өзіндік үлкен орны бар, жылдар бойы қалыптасқан бай, мазмұнды тарихы бар оқу орындарының бірегейі – Арал көпсалалы колледжі. Бүгінде қанатын кең жайған колледждің бастау тарихына көз салсақ, 1959 жылдың желтоқсан айында Сульфат елді мекенінде ашылған №169 ауылшаруашылық механизациясы училищесінен бергі 65 жылдық тарихы көз алдымызға келеді. Құжаттарда сол кездің талабымен орысша УМСХ-169 деп көрсетілген. Училище 1959 жылы 23 желтоқсанда ашылды. Архив құжаттарына көз жүгіртсек.
«Арал ауылшаруашылық механизациясы училищесінің директоры міндетін атқаушы болып жолдас Нұрділдаев Нұрадин тағайындалсын» деген Оңтүстік Қазақстан облысаралық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары А.Новоженовтің 24 желтоқсанда қол қойған №180 бұйрығы сақталған. Кейін Н.Нұрділдаев міндетін атқарушылықтан директорлыққа бекітілген. Келесі №181 бұйрық Жолан Сухановтың 25 желтоқсаннан директордың оқу-өндірістік білім жөніндегі орынбасары етіп тағайындалуға байланысты берілген.
Міне, осылайша 1959 жылдың соңғы күндері училищенің негізгі басшы кадрларының таңдалуымен басталып, оқытушы, өндірістік шебер, басқа да техникалық жұмысшы-қызметкерлерді қалыптастыруымен жалғасын таба берді. Бір айта кетерлігі, училищеде алғашқы жылдары оқу орыс және қазақ тілдерінде өткізілді және осыған сай орыс және қазақ топтары құралған, барлық құжаттар сол уақыттың ағымымен тек қана орыс тілінде жүргізілген. Сондықтан да негізгі мамандар Ташкент, Алматы сияқты ірі қалаларда белгілі оқу орындарында оқып келген білікті инженер, механик мамандар тартылды. Олардың қатарында Дәстен Тоғысов, Ермек Наурызбаев, Мардаш Түрекешов, Сабырбай Оразәлиев, Мәлік Аманов, Сейілхан Жалмағанбетов, Жақсылық Үркімбаев, Мектепбай Оразәлиев, Алданазар Әнесов, Қуаныш Баймағанбетов, Әбсат Сақтағанов, Жаңахмет Сарышев, Төлеген Қарабалин, Телағыс Қалымбетов, Пірман Сейілов, Алмұрат Әбішев, тағы басқа білімді азаматтар училищеде берілетін арнайы және кәсіптік білімнің жоғары деңгейін танытты.
1960 жылы училищеге өңіріміздің түкпір-түкпірінен оқушылар тарта бастады. 3 қаңтардан басталған оқушылар қабылдау бұйрығы бойынша алғашқы боп тіркелген жас Мұрат Сыдықов болыпты. Мұрат аға кейін бүкіл елімізге аты мәлім, аралдықтардың мақтанышына айналған дарынды сазгер болғанын ел-жұрт біледі. Осы алғашқылдардың қатарында Арал қаласының, «Аралсульфат» кентінің, «Қарақұм», «Приарал», «Жаңақұрылыс» кеңшарларының, Сольтрест, Бөген ауылдарының 27 жасы болды.
Училищеде құрылған жылдардағы орташа контингент саны 150-200 оқушы болды. Жергілікті қыз-жігіттермен бірге, Ресейдің Чуваш, Башқұрт Автономиялық республикаларынан жастар оқуға келген.
Мемлекет тарапынан оқушыларға барлық жағдай жасалған. Оқушылардың барлығы жатақханамен, бір үлгідегі форма киімімен қамтылған, тегін тамақ берілді. Және де жақсы оқыған оқушыларға стипендия тағайындалып отырған. Бұл алғашқы жылдары училищеде оқу мерзімі 6 ай, кейін 1 жылға ұзартылған. Мамандық аясы да кеңіп, мотористер, комбайнерлер дайындала бастаған. Оқушылар құрамынан қазақтармен бірге орыс, украин, неміс, чуваш, татар, тағы бірнеше ұлттардың өкілдерін көреміз. Шет аймақтан келгендер оқу бітірген соң, мамандық беріліп, Қазақстанның тың өлкесіне жолдамамен жіберілді.
Училищеде жақсы оқыған, қоғамдық жұмысқа белсене қатысқан оқушыларға алғыс жариялап, суреттері Құрмет тақтасына ілініп, аудандық жастар ұйымының Құрмет грамотасына ұсынылған. Училище директоры Н.Нұрділдаев қол қойған 1961 жылғы 9 сәуірдегі №1 бұйрықта 6-топтан Аманжол Мұратов, 4-топтан Ерболат Нажімашов, 7-топтан Алексей Абросимов, Александр Шевченко, Лупашко, Мельникова, 8-топтан Әбдіков, Жарқынбаев, Қазанғапов, Мамитановтар аталады.
Әр жылдардағы училище бітірушілерден өндірісіміздің ауылшаруашылығы мекемелерінде озат еңбек етіп, ауданға, облысқа, елімізге белгілі болған механизаторлар, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегерлері Нұрбек Өмірзақов, Жұмагүл Сағынаева, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, әйгілі механизатор Ұзақбай Айтжановтарды айтуға болады. Бұдан да басқа мемлекеттік марапаттарға ие болғандар жетерлік. Олар кезінде «Арал», «Приарал», «Қарақұм», «Жіңішкеқұм» кеңшарларында, Құланды жылқы зауытында еселі еңбек етті, ел дәулетін тасытуға атсалысты.
Олардан басқа белгілі сазгер Мұрат Сыдықовты, заң саласының саңлақтары Бақытжан Бұйраевты, энергетика майталманы Қуанышбай Ердіхалықовты, Ішкі істер саласынан Орынбай Өтениязовтарды атауға болады. Училищеде қызмет еткен, оқыған азаматтардың бесеуі «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанған. Олар: Әбіл Сейтжаппаров, Мұрат Сыдықов, Тілектес Сейітов, Қуанышбай Ердіхалықов.
1973 жылы Сульфат елді мекенінің тұрғын жағдайы нашарланып, поселке тұрғындары Сольтрест кентіне көше бастады. Сонымен қатар ол аудан орталығы Арал қаласынан 21 шақырым қашықтықта болғандықтан, педагогикалық және де басқа кадрлар жетіспеді және оқушылар қабылдау барысы төмендеп кетті. Осыны ескере отырып Арал аудандық кеңесінің 1973 жылғы 17 мамырдағы №153 қарарына сай училище Арал қаласына көшірілді. Қаланың солтүстік жағынан жаңа оқу ғимараттары, өндірістік аймақ, жатақхана салынды. Ол кезде оқу мерзімі 2 жыл болатын. Оқу орнының басшысы болып Алданазар Әнесов тағайындалып, ол 1983 жылға дейін он жыл қызмет етті. Өндірісте, сондай-ақ осы оқу орнының директорының орынбасары қызметін атқарған тәжірибелі басшы училищенің жаңа жағдайға тез бейімделуіне көп еңбек сіңірді.
1980 жылы Қызылорда облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық учиищені орта кәсіптік-техникалық училищесіне айналдыру ұсынылған, бірақ аудан басшылары оқу орынының базасының әлі де жетілмегендігін ескертіп кейінге қалдырды.
Училищенің мамандар даярлау ауқымын кеңейту мақсатында, оқушылардың өз тұрғылықты жерлерінде қолжетімді механизаторлық білім алуын қамтамасыз ету үшін, ауданның Сексеуіл кентінде, Абай, Тоқабай, Шижаға ауылдарында 70-80 жылдары оқыту филиалдары жұмыс істеп, жүздеген жастарға алғашқы мамандықтарын берді. 1980 жылы 3 жылдық орта білім мен мамандық беретін оқу орнына айналды. Жыл  сайын 100-ге жақын қыз-жігіттер мамандық алып шығып отырды.
Училищеде оқушылардың теориялық сабақтарын практикамен ұштастыру үшін Мәстат, Ескіұра және Мойнақ елді мекендерінде егін және мал бағытындағы оқу-тәжірибелік қосалқы шаруашылықтары жұмыс істеп тұрды.
1983 жылы училищенің директоры болып Әбіл Сейітжаппаров тағайындалды. Ол 1996 жылға дейін басшылық етті. 1984 жылғы 23 тамыздағы Қызылорда облыстық кәсіптік-техникалық басқармасы №272 бұйрығымен кәсіптік-техникалық училищелерді орталау кәсіптік-техникалық училищеге айналдырды. Соған сәйкес №169 Арал қалалық кәсіптік-техникалық училищесі 1989 жылы эксперименттік-тірек училищесіне, кейін 1993 жылы №16 Арал қалалық орталау кәсіптік-техникалық училищесі болды.
Уақыт талабына сай оқу орны 1998 жылы №2 кәсіптік-техникалық лицей аталса, 2002 жылы №2 Арал кәсіптік лицей боп өзгертіліп, соған сәйкес құрылымдық өзгерістер болып отырды.
Қызылорда облысының әкімінің «Кейбір білім беру мекемелерін қайта атау туралы» 2012 жылғы 7 тамыздағы №527 қаулысы негізінде Арал №2 кәсіптік лицейі «Арал көпсалалы колледжі» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылған.
Облыс әкімінің 2013 жылғы 30 желтоқсандағы №435 қаулысымен «Арал көпсалалы колледжі» мемлекеттік мекемесі – Қызылора облысының білім басқармасының «Арал көпсалалы колледжі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта ұйымдастырылды.
Колледж статусын иеленген жылдан бері мекеме басшылары болып Ерлан Әлиев (2011-2018 жылдар), Еркін Садақбаев (2019-2021 жылдар), Оңғарбек Мақашев (2021-2023 жылдар) қызмет атқарса, 2023 жылдың басынан тәжірибелі басшы Нұралы Әбішов қызмет атқарып келеді.
 Ерғали АБДУЛЛА
08 сәуір 2025 ж. 115 0