Шәкірт жанын таныған

Осындай құрметке лайық жанның біріне Сыр бойындағы №81 орта мектебінің педагог-психологы Әділбек Әуезхановты жатқызуға болады.
Өнегелі өмірін мектеппен байланыстырған ол аудан көлемінде ғана емес, облыс, республикалық әріптестерінің алдыңғы шебінде екендігін өз ісімен дәлелдей білді.
Сонау бір жылдары Әділбек еліміздің бас қаласында болып, «Отбасы және тәрбие» институтында білімін шыңдап, республика көлеміндегі әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтқан. Курс соңында еліміздің барлық өңірінен жиналған 500 психолог арасында үлкен сахна төрінен Қызылорда облысы атынан сөз сөйлеу мәртебесі осы Әділбекке бұйырды.
Қарапайым ауыл мектебінің ұстазы үшін бұл үлкен мақтаныш болатын. Министрліктердің қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылықтарды жоямыз деген ұсынысына мұның өзі нақ келіп тұрғандай.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бисембаевтың өзі жақын арадағы бір сөзінде «Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықтың азайғанын халықаралық зерттеулер айқындап отыр» деген болатын. Қазіргі кездегі жаңа үлгіде салынған ауыл мектептерінің жабдықталуы қала мектептерімен бірдей екендігі де осыған дәлел болғандай.
«Ізденген жетер мұратқа» демекші, қай мектепте де заман талабына сай ізденімпаз ұстаздардың биік белестерден көрінетіні анық.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі Әділбектің мамандығы – мектеп психологы. Жай адамға мектепке кіріп шығатын жеңіл мамандық болып көрінуі мүмкін. Алайда мүлдем олай емес. Мұны біз Әділбектің әрбір ісінен-ақ көріп, күрделіде қиын мамандық екенін сеземіз. Мектепте қанша оқушы болса, солардың әрбірінің мінез-құлқы, күнделікті қимыл-қозғалысы Әділбектің назарынан тыс қалып көрген емес. Мектеп дәрігері дәрімен емдейтін болса, психолог әр оқушыны жанымен, сөзімен емдейді.
Азаннан кешке дейін кабинетінде отырмай оқушылардың арасында жүретін Әділбек олармен әр түрлі тренингтер ұйымдастырып, психологиялық сауалдар, психологиялық ойын түрлерінде ұйымдастырады. Оқушылар ғана емес, мектептегі қызметкерлер, ата-аналарменде байланыс жүргізіп, оларды қызықты істерден қалыс қалдырмай бала тәрбиесі жөнінде әртүрлі шаралар өткізіп жүргенін көресің. Әділбектің әрбір кеші олардың өмірге деген құштарлығын арттырып, көңілдерін сергітеді.
Үнемі балалар арасында жүрседе шаршауды білмейтін Әділбек республикалық көптеген сайыстардың жеңімпазы. Атап айтар болсақ, республикалық «Даму» педагогикалық-психологиялық дамыту орталығының «ХХІ ғасырдың педагог-психологы» атты байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, республикалық «Шығармашылық психологы» сайысында І орынды иеленіп, кеудесіне медаль да тағып қайтқан. Сонымен бірге республикалық «Үздік психолог» сайысына да қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алған.
Әдеби тілде жатық сөйлейтін Әділбек республикамыздағы «Қызықты психология» журналына «Отбасы – бақыт мекені» , «Достық қымбат өмірде», «Бір күндік жарық» сынды ізденіске толы отыз шақты мақаласы жарық көрген. Сонымен бірге республикалық «Ұстаз еңбегі», «Мәңгілік елдің ұлы мұраты» атты ғылыми жинақ кітаптарына материалдары енген.
Ұстаз ешқашан болдым, толдым демейді. Өйткені заман өзгерген сайын өмірімізге еніп жатқан жаңа технологияларды игеру бүгінгі білімді ұрпақтың еншісінде. Сол себепті ұстаздарға тынымсыз еңбек жүктелген. Әділбек те солай. Ұстаздар мен жасөспірімдерге арналған «Жасөспірімдердегі агрессия» атты ізденімпаздықпен жазған авторлық бағдарлама кітабы соның айғағындай.
Республика деңгейіндегі қандай сайысқа болсада жүрексінбей қатысып жүрген ауыл мектебінің педагог-психологы Ә.Әуезхановтың өз саласындағы білім шеңберінің кеңдігін көрсеткендей.
Облыстың бетке ұстар психологы Әділбек Әуезханов қайсыбір жылы Елордада өткен Қазақстан Республикасының құрметті азаматы сайысына шақырылып, жұмысы жоғары деңгейде бағаланды. Сайыс шарты бойынша өткізілген «Менің сүйікті мамандығым және инновациялық әдіс-тәсілдер жұмысы» атты презентациясы үздік деп танылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сайыс қорытындысы бойынша Ә.Әуезхановқа Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» деген төсбелгі мен куәлік табыс етілді.
Ұстаздар арасындағы түрлі деңгейде өткізіліп жатқан сайыстардың мұғалімдер үшін маңызы зор болмақ. Көресің. Білесің. Үйренесің. Тәжірибе жинақтайсың.
Бұл жөнінде Әділбектің өзі де:
Әр сайысқа барған сайын жұмыс істеуге деген қызығушылығың арта түседі. Еткен еңбегің еленіп жатса адамның бойында жаңа іске деген құлшынысың да артады екен, – дейді. Расында солай. Сәйгүліктің шабысы бәйгеге түскенде білінетін болса, білім сайыстары да ұстаздардың өз деңгейін сезіну үшін қажет-ақ.
Сөз мәнерін жетік түсінетін Әділбектің біз білетін тамаша қасиеті ол есте сақтау қабілетінің ерекшелігі болатын. Қандай жиналыс, кештерде болсын Әділбек төрт-бес беттік баяндамаларды қағазға қарамай-ақ өз ойымен айта біледі. Сол қасиетінің арқасы да болар көптеген ақындардың поэзияларын қолын сілтеп қойып жатқа оқығанда өзің де шабыттанып, еріксіз қол соғасың. Нағыз ұстазға керек таланттың өзі осы.
Соңғы жылдары еліміз білім саласына көп көңіл бөліп келеді. Кез- келген ауылда жаңа үлгідегі типтік мектептер алыстан көз тартады. Мемлекетіміз ұстаз еңбегін жоғары бағалап, ұстаз мәртебесін биікке көтерді. Бәрінен бұрын ұрпақтар тәрбиесі басты жолға қойылып, олардың жан-жақты білім алуына мүмкіншіліктер жасалды. Осы орайда ұстаздар алдына да үлкен жауапкершіліктер жүктеліп отыр.
Бала алдындағы бұл жауапкершілікті жете түсінген Әділбекте өз жетістіктеріне масайрап, осы да болар деп ешқашан ойлап көрмепті. Жаратылысынан қарапайым, кішіпейіл мінезі әріптестер арасында да құрметке бөлегендей. Сол себепті де мектеп ұжымы оны әр сайыстан қуана қарсы алады. Өйткені ол білім сайыстарының қандайынан болсада жүлдесіз оралған емес.
Мектеп мақтанышына айналған Әділбек Әуезханов жақында Алматы қаласындағы «Қазақ психологиялық қоғамы» ұйымдастырған «Жан әлемінің жанашырлары» атты республикалық психологтар форумына қатысып, «Үздік психолог – 2024» сайысының жеңімпазы атанып, арнайы төсбелгісімен марапатталды.
Қарапайым ауыл мұғалімінің қолын қысқан Қазақ психологиялық қоғамының президенті, психология ғылымының докторы, профессор Мұхан Әтенұлы Перленбетовтің өзі:
«Жан әлемінің жанашыры» бола отырып, психология саласының дамуына елеулі үлес қосқаныңыз үшін алғыс білдіреміз, – дейді.
Алыстағы ауыл мектебінің ұстазы үшін бұл үлкен жетістік. Мақтанарлығы бұл шараға Қызылорда облысының мектеп саласынан №81 орта мектебінің психологы Әділбек Әуезханов қана қатысып отыр. Әділбектің бұл марапаты мектеп ұжымына ғана емес, бүкіл ауыл үшін де үлкен мақтаныш.
Бала жанының бағбаны атанған шығармашыл Әділбек Әуезхановтың есімі Қазақстан білім саласының «Озаттар» энциклопедиясына енген.
Ауыл ішіндегі еңсесі биік екі қабатты мектеп үйіне қарай асыға басқан Әділбекті көріп, есіме президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір сөзі түсті: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам» деген болатын.
Мектеп пен үйді жол қылып жүрген №81 орта мектебінің педагог-психологы Әділбек Әуезхановқа сырттай сүйсіне қарап, «білімді ұстаз» бәрінде бағындыра алады-ау деп ойладық.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі