Қаһарман Қапаш Қарақұлов

Мен бұл жерде өзімнің туып-өскен ауылымнан соғысқа аттанған азаматтар туралы және соңғы кездері белгілі болған нақты архивтік құжаттар негізінде жекелеген ақеспелік тұлғалардың соғыс майдандарындағы ерліктері туралы айтуды жөн көріп отырмын.
Менің туған ауылым, Ақеспе учаскесі – 1957-1958 жылдардағы Кеңес Одағын басқарған Н.С.Хрущевтың «Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру» саясаты нәтижесінде Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты «Сарбасат», «Үшкөл» және «Ақеспе» ауылдарының негізінде құрылған. Осы шаруашылық ауылдар «Совет» ауылдық Кеңесіне қараған екен. Қазіргі кезде бұрынғы ауылдық Кеңестерді ауылдық округ деп атайды. «Совет» ауылдық кеңесіне қарасты аталған ауылдардағы шаңырақтар саны соғыс жылдары көп те болмаған. Шамамен 100-дей ғана болса керек.
Біздің «Совет» ауылдық кеңесіне қарасты аталған үш ауылдан майданға 18-43 жас арасындағы 150-ге жуық ер азаматтар шақырылып, солардың жартысынан астамынан қара қағаз келген, хабар-ошарсыз кеткен. Майданға шақырылғандардың жас жағынан ең үлкендері 1898 жылғылар болса, ең жастары 1925 жылы дүниеге келгендер екен. Ал 1926-1928 жылы туылғандар жастары 14-ке толысымен Еңбек армиясына шақыртылып, тылдың ең ауыр жұмыстарына құлша пайдаланылыпты. Ауылдағы үлкендердің айтуынша, біздің ауыл жақтың жасөспірімдері Қарағанды мен Ақтөбенің шахталарындағы ауыр қара жұмыстарға салынған. Жалпы алғанда, 1941-1945 жылдардағы жастар мен жасөспірімдердің Еңбек армиясы қатарындағы тылдағы қара жұмыстарға жегілуі әлі күнге дейін жабық тақырып болып келеді. Болашақта бұл тақырыпты көтеретін мамандар болар деп ойламын.
Ал енді майдангер-ардагерлерге қайта оралсақ, олардың жеңіспен оралғандары онша көп емес болыпты. Біз есімізді біле бастағанда, яғни 1960-шы жылдардың соңы мен 1970-ші жылдардың бас жағында Ақеспе ауылында олардың 20 шақтысы әлі бар болатын. Майданға барғанын тек 9 мамыр күні ғана білуге болады. Кеуделеріне орден-медальдарын тағып, клубтағы жиналысқа келетін, сый-сияпат алатын. Ал басқа күндері олар ауылдың сыйлы, қарапайым ақсақалдары ғана еді.
Әлі есімде, 1975 жылы жеңістің 30 жылдығы бүкіл елдегі сияқты біздің ауылда да керемет есте қаларлықтай атап өтілді. Ауылдағы Сарбасат 8-жылдық мектебінде ардагерлерге арнайы жеңіс күніне орай ерекше құрмет көрсетілді. Жәй күндері үйлерінің күнделікті тіршілігімен айналысып жүрген ақсақалдарымыз сол күні ерекше бір тойға баратындай киініп, кеуделеріне марапаттарын тағып, бір топ болып мектеп ауласына енді. Біздер оларды мектеп алдындағы алаңда сапқа тұрып күтіп алып, пионерлік жалынды сәлем жасадық. Олардың жеңіс күніне арналған құттықтауларын тыңдадық. Салтанатты түрде оларды пионерлер қатарына қабылдап, мойындарына қызыл галстуктер байладық. Оның өзін әр класстағы ең үздік оқитын оқушылар орындады. Біздің үйге көршілес тұратын, әрі туысқан Айман Игіліков деген майдангер-ақсақалға галстук байлағаным әлі есімде. Галстук байлау рәсімі тез өткенімен, оған бірнеше күн бойы дайындалдық. Бір оқушылар тақпағын, енді біреулері жеңіс туралы әндерін қайталап дегендей.
Қазір олардың ешқайсысы арамызда жоқ. Бүгінде ауылдағы мектеп оқушылары мен кейінгі жас ұрпақтар жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқан ақеспелік майдангерлерді біле ме екен деген ой мазалайды. Өзіміз көздерін көрген Айман Игіліков, Тойман Сатанов, Бахтияр Кәрібаев(әкемнің ағасы), Жаңабай Қодашев, Ысқақ Кенжалиев, Қапаш Қарақұлов, Өмір Нұрпейісов, Манау Нұрпейісов, Кенжеғара Демесінов, Оралбай Досжанов, Жайлаубай Досжанов және тағы басқа майдангерлер еске түсіп отыр. Жатқан жерлерің жайлы, топырақтарың торқа, жандарың жаннатта болсын жеңіске үлес қосқан ардагерлер!
Аталған майдангерлер ішінде Қапаш Қарақұлов ағайдың орны бөлектеу болатын. Басқа майдангерлердің жасы сол жылдары 60-70-тен асып, ауылдың нағыз қария- ақсақалдары болса, Қапаш ағайдың болмысы мүлде бөлек еді. Ол қаланың адамы секілді үнемі костюм-шалбар, ақ көйлек, мойнында қара галстукпен жүруші еді. Сақал-мұртын қырынып, үнемі таза, ұқыпты жүретін. Қазір есептеп отырсам, 1923 жылы туған Қапаш ағай 1970-ші жылдары бар болғаны елудің ішінде болған екен. Кейбір ауылдың айтқышбектері пәленшеден естідім деп соғыс туралы әзіл-қалжыңы аралас небір қызықты әңгімелерді айтып отыратыны есімізде. Танкпен ұшу, самолетпен бұлтқа қону, тіпті маршалдармен бірге дәмдес болу секілді әңгімелер көрші ауылдарға дейін таралып жататын. Есейе келе мұндай әңгімелердің барлық қазақ ауылдарына тән екенін біліп жатырмыз. Бірақ Қапекең ондай әңгімелерге араласпайтын. Бір жағынан ауыл басшысы ретінде бос әңгімелерден бойын аулақ ұстаса, екінші жағынан балық шаруашылығы саласының білімді, білікті маманы ретінде үнемі жұмыс пен жиналыстарда жүріп, қолы да тимейтін. Үшінші жағынан мінезі де сондай болған шығар.
Өткен ғасырдың 70–80-ші жылдары ардагер майдангерлердің кеуделері орден-медальдарға толы болатын. Бала кездегі түсінігіміз бойынша, әрбір орден-медаль соғыс жылдары тек жасалған ерлікке берілуі тиіс. Кеудесіндегі наградаларға қарап, майдангерлерді нағыз батыр деп санаушы едік. Бірақ үлкейе келе көптеген наградалардың соғыстан кейін, юбилейлік медальдар екеніне көзіміз жетті. Ал Қапекең тек отты соғыс жылдары бір орден және үш медалдарды кеудесіне таққан екен. Олар – үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «1941-1945 жж. фашистік Германияны жеңгені үшін» медалдары.
Қапекең өзінің майдандағы ерліктері туралы ештеңе айтпаса да, «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» дегендей, оның ерліктері Ресейдің Қорғаныс министрлігінің архивінде сақтаулы тұр. Жеңіс күніне орай, менің жерлесім, ақеспелік жауынгер Қапаш ағайдың майдандағы ерліктерімен көпшілікті таныстырғым келеді.
Қарақұлов Қапаш 1923 жылы 17 мамырда Қызылорда облысы, Арал ауданы Сарбасат ауылында дүниеге келген. Арғы аталары Бұланбай, Бисенбі ақсақалдар өз заманында ел тізгінін ұстаған, елге сыйлы адамдар болған екен. Қазір қарап отырсам, Қапаш ағайдың ауыл басшысы болып, өзін ерекше ұстауы тектілікпен байланысты болса керек. Ол 1940 жылы 7-жылдық мектепті бітіріп, колхозда есепші болып жұмыс істейді. Майданға 1942 жылы мамыр айында Арал аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен аттанады.
1942 жылдың мамыр-шілде айларында әскери дайындықты Чкалов қаласындағы (қазіргі Орынбор қаласы 1938-1957 жылдары Чкалов деп аталды) 242 қосалқы атқыштар полкінде өтеді. Одан кейін ол 379 атқыштар дивизиясының 1253 атқыштар полкіндегі 120 мм минометтік батареяның көздеушісі болып әскери қызметін жалғастырады. «Соғыс құдайы» болып есептелген артиллерияда көздеуші болып, қиын-қыстау кездерде Қапекең өзінің табиғи мергендігі арқылы қарсылас жақтың дот, дзоттарын, оқ ату нүктелерін талай рет алғашқы снарядпен жойып, бүкіл жаяу әскерге жол ашады. Әскери тапсырмаларды бұлжытпай орындау ұрыста жеңіске жеткізсе, олардың жиынтығы ұлы жеңіске жеткізгені белгілі.
Қапекең қызмет атқарған әскери бөлім - 379 атқыштар дивизиясы 1942 жылдың 19 қазанынан бастап 30 армияның құрамына енгізіліп Батыс майданының құрамына беріледі. Бұл кез – Ржев, Сычев, Гжатск және Вязьма өңірлері үшін Батыс майданы (қолбасшысы армия генералы Г.К.Жуков 12.10.1941-28.08.1942, одан кейін генерал-полковник В.Д.Соколовский 1942-1944 жж) мен Калинин майданының (қолбасшысы 1941-1942 жж генерал-полковник И.С Конев, 1942-1943 жж. М.А.Пуркаев, 1943 ж. сәуір-қазаны армия генералы А.И.Еременко) немістің «Орталық» армиялар тобына қарсы бірлесіп жүргізген төрт операциясының алғашқы екеуінің нәтижесіз аяқталған тұсы еді. «Марс» деген атаумен қос майдан үшінші рет 1942 жылдың 25 қарашасы мен 20 желтоқсаны аралығында «Екінші Ржев-Сычев шабуыл операциясын» жүргізеді. Бұл операция да өз мақсатына жетпейді. Дегенмен, тарихта бұл операцияны Сталинградтағы Паулюстың 6-шы армиясына «Орталық» армиялар тобындағы немістің 70 дивизиясынан ешқандай көмек жіберткізбеу мақсатында жүргізілді деген пікірлер бар. Қалай болса да, Сталинградта қоршауда қалған неміс армиясы «Орталық» армиялар тобынан бір солдат та көмек ала алмайды. Қапаш ағай қызмет атқарған әскери бөлім осы Ржев қырғынының қақ ортасында болып, әскери қимылдар жүргізеді. 30 армия Калинин майданының құрамында Ржев қаласы үшін соғыс жүргізеді.
Біздердің бала кезімізде бір байқағанымыз, Қапекеңнің аз сөйлеп, көбінесе үндемейтіні, ойлы, мұңды жүретіні еді. Оның бұл қасиеті мүмкін тура сол кездері өзі қатысып, өз көзімен көріп, тікелей куәгері болған 14 айлық Ржев қырғынындағы (орысша «Ржевская мясорубка») 1,5-2 млн қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің рухын сыйлағандықтан шығар деп ойлаймын.
1943 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қапаш ағайдың әскери бөлімі Волхов майданының (қолбасшысы армия генералы К.А.Мерецков) құрамына беріліп, Ленинград қаласының блокадасын бұзу үшін қиян-кескі күрестер жүргізеді. Ал 1943 жылдың қараша айынан бастап 379 дивизия 30-шы армия құрамында 2-ші Прибалтика майданының (қолбасшысы армия генералы М.М.Попов 1943-1944 жылдары, кейіннен армия генералы А.И.Еременко 1944-1945 жылдар) қарамағына беріледі. 1944 жылдың 12-30 қаңтарында Ленинград, Волхов және 2-ші Прибалтика майдандарының бірлесе жүргізген шабуылы нәтижесінде Ленинград қаласы (1941 ж.9 қыркүйегі мен 1944 ж. 27 қаңтары аралығы) 900 күнге созылған блокададан 27 қаңтар күні толығымен босатылады. Қапаш ағай қызмет атқарған 120 мм минометті батарея осы шабуыл барысында қойылған әскери тапсырмаларын бұлжытпай орындап отырады. 1944 жылдың 18 қаңтарында Қапаш ағай «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Архивтен алынған марапат қағазында былай деп жазылған:
«2-ші Прибалтика майданы
379 атқыштар дивизиясының 1253 атқыштар полкі бойынша
БҰЙРЫҚ
18 январь
КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы атынан марапаттаймын:
«Ерлігі үшін» медалімен 39. 120 м/м миномет батареясының көздеушісі ефрейтор Қапаш Қарақұлов 31.12.43 жыл – 17.1.44 жыл аралығындағы шабуылдау ұрысы кезінде Невель қаласының солтүстік-батыс ауданында тез және дәл көздеу арқылы өз минометімен жаудың екі блиндажын талқандап, 30 мертге дейін траншеясын бұзды, қарсыластың доты мен пулеметін және 15 солдат, офицерін жойып жібергені үшін наградталады». Бұл медаль – Қапаш ағайдың майдандағы алғашқы наградасы болды. Көп ұзамай 1944 жылдың сәуір айында миномет көздеушісі ефрейтор Қ.Қарақұлов «Ленинградты қорғауға қатысқаны үшін» медалімен наградталады.
1944 жылдың 10 наурызында көрсеткен ерлігі үшін Қ.Қарақұлов «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылады. Полк командирі майор Рязанов қол қойған ұсыныстың қысқаша мазмұны мынадай: «1944 жылдың 10 наурызында Калинин облысы Пустошкин ауданы, Симоново деревнясы маңындағы 184.0 биіктік үшін болған ұрыста 120 мм. миномет көздеушісі Қ.Қарақұлов жолдас өз минометімен жаудың оқ ату нүктесін өте дәлдікпен көздеп, қарсыластың 12 солдат және офицерін тез жойып жіберді, сөйтіп жаяу әскердің әскери тапсырманы орындауын қамтамасыз етті. Осындай ерлігі үшін ефрейтор Қ.Қарақұловты «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттауға ұсынамын».
«Қызыл Жұлдыз» орденімен соғыс жылдары тек офицерлік құрам ғана марапатталатын болғандықтан, Қапекеңе бұл орденнің орнына қатардағы солдаттар мен сержанттарға арналған «Даңқ» ордені беріледі. Қапекең оның үшінші дәрежелісін алады. Марапат қағазында былай делінеген екен, біз орыс тіліндегі құжат мәтінін қалың көпшілікке түсінікті болуы үшін қазақ тіліне аударып беріп отырмыз:
«2-ші Прибалтика майданы
379 атқыштар дивизиясының бөлімдеріне
БҰЙРЫҚ
28 март 1944 ж.
КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы атынан неміс басқыншыларына күресте майдан басшылығының әскери тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін және сол жолда ерлік пен қажырлық көрсеткені үшін
«Үшінші дәрежелі «ДАҢҚ» орденімен марапатталсын:
8. Ефрейтор Қарақұлов Қапаш – 1253 атқыштар полкінің көздеушісі»
1944 жылдың желтоқсан айында Қапаш ағай қызмет атқарған минометті батарея 245 атқыштар дивизиясының 904 атқыштар полкіне беріледі. Ол дивизия Бірінші Украина майданының (қолбасшылары 1943.20.10-1944.02.03 армия генералы Н.Ф.Ватутин, 1944 02.03- 1944 24.05 маршал Г.К.Жуков, 1944 24.05 – 1945 10.06 маршал И.С.Конев) құрамында жеңісті жолын жалғастыра отыра, жеңіс күнін Германияның Дрездень қаласында қарсы алады. Бұл кезде Қапаш ағайымыздың жасы бар болғаны 22-де еді. Соғыстың соңында Қапаш ағайымыз «1941-1945 жж. фашистік Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады.
2017 жылы біз Жеңіс мерекесі қарсаңында Қапаш Қарақұловтың 1941-1945 жылдардағы соғыс майдандарынғы ерліктері туралы «Егемен Қазақстан» газетінде «Мерген минометші» (№88 (29069), 11 мамыр бейсенбі 2017 жыл), Қызылорда облысының «Сыр бойы» газетінде «Жеңісті жақындатқан жауынгер» (20 мамыр сенбі, №73-74) атты мақалалар жарияладық.
Бір қызығы, Қапаш ағай соғыстан кейін бірден елге қайтарылмайды. 1945 жылдың шілде айында олардың әскери бөлімі Белоруссия аумағына тұрақтайды. Тек 1947 жылдың наурыз айында ғана Қапекең туған ауылына аман-сау оралып, бүкіл ағайын-туыс, ауыл-аймақты қуанышқа бөлейді.
Жеңімпаз жауынгер Қапаш Қарақұлов елге оралысымен бірден бейбіт заманның майданы – еңбек майданына бірден араласып кетеді. Есепші, қойма меңгерушісі, инструктор секілді жұмыстарды абыроймен атқарып жүреді. Аудан басшылығы орденді майдангердің ынта-қабілетін, жауапкершілігін, білім деңгейін және талабын ескере келе оны 1952 жылы оқуға жібереді. Қапекең 1953 жылы Дондағы Ростов қаласындағы Ростов балық шаруашылық техникумының бір жылдық курсын бітіреді де, бірден туған елге оралады. Ол 1954 жылдан бастап Арал өңіріндегі балық шаруашылығының өркендеп дамуына бар күш-жігерін жұмсайды. 1954-1976 жылдары Ұялы балық зауытында, Қамыстыбас балық өңдеу зауытында, Үшкөл, Ауан, Ақеспе балық зауыттары мен балық өңдеу мекемелерінде басшылық қызметтерде болады. Бұл жылдар – Аралдың сазаны мен бекіресінің, қаязы мен жайынының, тістісінің бүкіл одаққа танымал болған жылдары болатын. Арал өңірінде балық шаруашылығының қарқындап дамыған кезі болатын. Бұл даму үдерісіне Қапаш ағайдың қосқан өзіндік үлесі болды. Қан майданда жеңіске қалай үлесін қосса, еңбек майданында да одан кем емес үлес қосып Қапаш ағай абырой мен даңққа бөленеді. 1965, 1975 жылдары Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, 1970 жылы «Ерен еңбегі үшін», 1973 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы», 1975 жылы «Тоғызыншы бесжылдықтың жеңімпазы», 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалдарымен, сондай-ақ 10-шақты жеңіс мерекесі мен Қарулы күштердің юбилейлеріне арналған медалдарды кеудесіне тағады.
Қапаш ағай 1976-1988 жылдары Қызылорда балық зауытында инженер-технолог болып абыроймен қызмет атқарды. Осы жылдары Қапаш ағайдың отбасы Қызылорда қаласы түбіндегі Тасбөгет кентіне көшіп келеді. Қазір Тасбөгет кенті жеке ықшам аудан ретінде Қызылорда қаласының құрамына енген.
1988 жылы 26 қаңтар күні қос майданның әрі жеңімпазы атанған соғыс ардагері Қапаш Қарақұлов 65 жасында қайтыс болады. Арада 30 жыл өткеннен кейін Қапаш Қарақұлов есімін мәңгі есте сақтау мақсатында ұлдары мен қоғам белсенділерінің араласуымен және жергілікті атқарушы билік органдарының қолдауымен Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі бір көшеге Қапаш Қарақұлов есімі берілді.
Қапаш ағай жеті баланың әкесі. Олардың бәрі әкелері секілді арнайы орта және жоғары білімді азаматтар, бәрі отбасылы. Қапаш ағайдың бір ұлы инженер-конструктор, бірі – педагог, бірі – электрик-инженер, бірі – инженер-механик, қыздары педагогика саласында еңбек етуде. Ұл-қыздан тараған немерелерінің өзі жиырмадан асады. Олар Тәуелсіз еліміздің Сыртқы істер, Қорғаныс, Экономика, Денсаулық сақтау министрліктерінде әртүрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүр. Құдайға шүкір, шөберелерінің алды еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінде жоғары білім алуда.
Қазақта «Жақсы атаның баласы» деген сөз бар. Бұл сөз дәл Қарақұловтар әулетіне арнап айтылғандай. XIX ғасырдағы Бұланбай, Бисенбі аталарының бойындағы ең жақсы ізгі адами қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Қарақұл атаға, одан Қапаш ағайға, одан ұлдары Жеткерген, Жетес, Елдес, Алмат, (Қайрат – Ауған соғысына қатысқан, жол апатынан көз жұмды) бауырларымызға және Айсәуле мен Қарлығаш қыздарына дарыған. Олардың да ұл-қыздары әулет дәстүрін жалғастыруда.
Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, 19 жасында қан майданда от кешіп, өмір мен ажалдың қақ ортасында жүріп, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан, соғыс күндері «Даңқ» ордені мен «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарын омырауына таққан, бейбіт күндері еңбек майданының отын қыздырып, ел дамуына зор үлес қосқан, үлгілі отбасын құрып, тәрбиелі ұл-қыздар өсірген Қапаш Қарақұловтың есімі мен болмысы қазіргі кезде нағыз үлгі тұтарлық тұлға. Қапаш ағайдың жаны пейіштің төрінен орын алып, рухы Құранның аяттарымен шаттана берсін!
БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ,ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы, «Қазақстан
тарихы» кафедрасының меңгерушісі,
«Құрмет» орденінің иегері, «Арал ауданының
құрметті азаматы», Ақеспе ауылының тумасы