Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Адам – керуен, өмір – жол"

"Адам – керуен, өмір – жол"

Кеше аудандық орталық кітапханада Ұлттық кітап күні қарсаңында ел құрметіне бөленген азамат, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер Әнес Әуезовтің өнегелі ғұмырына арналған «Адам – керуен, өмір – жол» атты дара жол кеші өтті.

Кешті аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Бохаев құттықтау сөзімен ашып, рухани шараның мәні мен маңызын атап өтті.

– Құрметті кеш қонақтары! Бүгінгі шараның ерекше бір тағылымы бар. Себебі, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет ресми түрде аталып өтуде. Кітап – ақылдың кілті, рухтың азығы. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Бүгінде кітапханаларымыз руханияттың алтын ордасы ретінде қызмет етіп келеді. Аудандағы кітап қоры 612 мыңнан асты, 39 кітапхана оқырманға қызмет көрсетуде. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз, әлі де кітапханаларымызды жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Алдағы уақытта жаңадан бой көтеріп жатқан «Руханиянт» орталығына кітапханамыз қоныстанады. Осы тұста, бүгінгі кештің басты кейіпкері Әнес ағамыздың өнегелі жолын дәріптеу – кейінгі ұрпаққа үлгі. Әнес Жалғасұлы – ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет еткен, қаламы мен қайраткерлігі жарасқан тұлға. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен тағылымыңыз – біз үшін баға жетпес қазына» – деді.

Сондай-ақ, ардагерге қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Мұнан кейін сөз кезегі Әнес Әуезовке берілді. Шынайы әңгімеге толы сырлы сұхбатта қаламгер өзі жүріп өткен өмір, қызмет жолдары, жазушылыққа бет бұра бастаған кезеңдері туралы кеңінен әңгімеледі. Ардагер естеліктерінен туған топыраққа деген шынайы сүйіспеншілік, ұрпақ тәрбиесіне деген зор жауапкершілік сезіліп тұрды.

Шара барысында Арал ауданының Құрметті азаматы, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы Нәжмадин Мұсабаев сөз алып, Әнес Әуезовпен бірге қызмет еткен жылдардағы естеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, жуырда жарық көрген «Адам – керуен, өмір – жол» атты жаңа кітабының әрбір бөліміне ерекше тоқтала отырып, бұл еңбектің ұрпақ тәрбиесіне, ел мұрасына қосар үлесі зор екенін атап өтті.

Кешке ардагердің отбасы мүшелері, аудан жастарымен қатар зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар мен оқырман қауым қатысты. Көпшілік қаламгердің өмірлік жолына құрметпен қарап, тағылымды естеліктермен рухани сусындады.

"Толқын" ақпарат 

24 сәуір 2025 ж. 25 0