Қас батырдың тұяғы

Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын кешегі посткеңестік елдер мен дүниежүзінің көптеген елі атап өтуде. Осы тұста, аралдық Өтеумағамбет Ақмағамбетов атамыздан өзімнің, баласы Бекмұраттың естіген, есімізде қалған естеліктер негізінде жазылған қойын дәптерімдегі жазбамды қалың жұртшылыққа таныстыруды жөн көрдім. Ер есімін ел білсін! Ұрпақтары батыр ұрпағының жалғасы екенін мақтаныш тұтсын.
Өтекең денелі, ұзын бойлы, ақжарқын, әрдайым үлкенге де, кішіге де қол ұшын бергісі келіп тұратынын бірден байқағанмын. Айту-саптауына қарағанда ол Аңырақай шайқасында мың баладан қол жинап, жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен жаужүрек Сартай батырдың ұрпағы.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалың келмей өлмейсің» деген рас екен. Төрт жыл майдан даласындағы қырғын соғыстан аман келуім біріншіден, Алланың, екіншіден, Сартай батыр бабамның рухының желеп-жебеуінен болды» деп отыратын әңгіме арасында.
Кейіпкеріміз Өтеумағамбет 1925 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Әкеден жалғыз бала болғанымен, елдегі 30-жылдардағы ашаршылық зұлматы ерке өсуіне мүмкіндік бермей, тез ержетуіне әсер етті. Қаладағы №13 орта мектебінің 6 класын бітіріп, әкесімен бірге зауытта өзі қарайлас балалармен бірге балық айыру, тасу, тазалау сияқты жеңіл жұмыстар істеді.
1943 жылы 1 қаңтарда батыр ұрпағы Өтеумағамбет Ақмағамбетов Арал әскери комиссариаты арқылы өз еркімен майданға баруға өтініш жазып, жерлестерімен бірге қабылданды. Өзі қарайлас аралдық 17 жігітпен бірге Мәскеу қаласының маңындағы әскери жатығу жиынына аттанды. Теңізді өлкенің толқынды жағалауы да, Орынбордан асқаннан кейін қарағай ормандары да артта қалып жатты. Алда өлім сеуіп жатқан оқ пен қар жамылған отқа оранған орман. Аспанда жаудың әуеден шабуылдаушы өте ұшқыр «Фокке-Вульф FW-190», «Юнкерстер» атты соғыс самолеттерінің ызыңдаған дауысы.
«Жігіттер бойынан үрей дегенді көрмейсің, қайта әндерін айтып көңілді келеді. Бір станцияға келген кезімізде вагоннан түсуімізге команда беріліп, дорбамызды арқалап сапқа тұрдық. Командир барлығымызға алдағы үш ай бойы әскери дайындықтан өтетіндігіміз туралы хабарлама беріп, әскери тәртіп бойынша орналастырды.
Осында үш ай дайындалып, қару-жарақты пайдалануды, әсіресе, зеңбірекпен нысананы көздеуде едәуір төселіп қалдық. Келген кездегідей емес, күн райы да шуағын төге бастады. Бірақ та біздің жақтағыдай емес, көктем кеш келіп, сәуірдің ортасы болса да жер ала қанат, қар толық еріп кетпеген. Әскери тәртіп бойынша Отан алдындағы «антымызды» қабылдап, жаяу әскер қатарындағы артеллерист болып бекітілдім. Дайындықтан өткен жауынгерлерді полктерге бөліп жатты. Бізді алып келіп жатқан әскери бөліміміз Мәскеу облысында жаңадан құрылып жатқан №17 Ленин және Суворов орденді Қызыл Тулы Киев-Житомир бағытындағы шеп бұзушы артеллерия дивизиясының 22-миномет бригадасының 242-миномет полкі болатын. Ефрейтор әскеи шенімен көздеуші (наводчик) болып, алғашқы әскери жорығымды қоршаудағы Ленинград маңындағы Волхов майданына қарасты Мга станциясы соғысынан бастадым. Станция Киров ауданына қарасты Ленинградтан 49 км жерде орналасқан екен. Ленинград қоршауы 1941 жылдың 8 қыркүйегінен бастап 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін 872 күнге созылды».
1943жыл Ұлы Отан соғыс барысындағы түбегейлі бетбұрыс жылы болды, біздің әскерлер барлық майданда елді азат етіп алға жылжи бастады. Біздің полк станцияға келген кезде Мга станциясында қоршаудағы қарттар мен балаларды 28 тамыз 1941 жылы соңғы эшалонмен эвакуация жасаған екен. Сонан бері жау қолындағы станция күл талқаны шығып қираған. Қоршау бастағанда ұзақ уақыт кетіп, төтеп беруге азық-түлік пен оқ-дәрі жетпей қалды. Ленинградқа жалғыз Ладога көлі арқылы қатынау жолы ғана қалды. Оны да фашист басқыншылары бақылауында ұстады. Нәтижесінде Ленинградта басталған жаппай ашаршылық блокаданың бірінші қатал қысы, жылу және көлік проблемалары салдарынан оның жүздеген мың тұрғындарының өліміне әкелді.
«1943 жылы қаңтар айында блокада бұзылғаннан кейін қаланы жабдықтау бірте-бірте қалыпқа келтірілді және ақпан айының ортасында Ленинградта елдің басқа өнеркәсіп орталықтары үшін белгіленген «соғыс уақытындағы азық-түлік стандарттары» жұмыс істей бастады. Біздің полк келгеннен кейін Ленинград маңындағы көптеген елді мекендерді жаудан тазарттық.
Жаз шыға біздің полкті Курскі бағытына көшіріп әкетті. Тарихтағы «Курс доғасы» аталған иін үшін шайқас соғыстың барысындағы шешуші кезең болды. Сталинград түбіндегі неміс-фашистерінің жеңілісі жаудың мұздай қаруланған ауыр танкілерін әкелуге алып келді. Олардың оқ өтпейтін танкілеріне қарсы артеллериядан оқ жаудырып ішкерілей кіруіне мүмкіндік бермеді. Жаудың «Тигр» танкілері бұл сынақта Кеңестік Т-34 танкілеріне қарағанда тиімсіз болды.
Ефрейтор Өтеумағамбеттің қызмет ететін 242-миномент полкі Волхов майданы шебінде бірнеше операцияларға қатысып, жаудың бетін қайтара білді. Осындай қиын-қыстау ұрыс барысында бірнеше жерінен жеңіл жарақат алды. Осы ұрыста көреткен ерлігі үшін жауынгер зеңбірекші Ө.Ақмамбетов дивизия командирінің алғысына бөленіп, « Әскердегі мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.
1943 жылы қазан айының соңғы күндерінде неміс самолеттері Днепрді бомбалауды жиілете бастады. 1-ші қарашада Украина майданының 17-артиллериялық дивизиясының 242-ші миномет бригадасының минометшілер бригадасының оқ-дәрі тасымалдаушысы ретінде Днепр өзенінен өту және Киев маңындағы аудандар үшін Отанды азат ету үшін болған шайқастарға қатысты.
1944 жылдың ақпанынан 1944 жылдың 18 мамырына дейін сол миномет полкінің құрамында 120 мм минометтің атқышы ретінде Житомир және Тарнополь қалаларын азат етуге қатысты. Тарнополь қаласы үшін шайқаста алдыңғы позицияларды алып, минометтерде күзет тұрды. Немістер артиллериялық шабуыл жасады. Ол өзінің артеллериялық зеңбірегін тастамай, снаряд сынықтарынан жеңіл жараланып, медициналық бөлімде емделіп, 1944 жылы 30 маусымда қайтадан сапқа қосылды.
Львов қаласын азат етуге қатысып, Польша арқылы шайқасты, Одер өзенінен неміс жеріне өтіп, елді мекенге шабуыл кезінде 82 мм миномет экипажының командирі ретінде 1945 жылы 26 наурызда жау минасынан оң жақ жауырынынан жеңіл жарақат алды. Отанымыздың азаттығы жолында шайқаста көрсеткен ерлігі үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Ұлы Отан соғысын Мәскеу түбінен бастаған Өтеумағамбет Ақмамбетов бір полк сапында жаумен айқасып, соғысты Германияның Мекленбург қаласында Жеңіс туын тігумен аяқтады.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін « Жауынгерлік еңбегі үшін», І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ленинградты қорғағаны үшін», «Киев қаласын азат еткені үшін» «Ерлігі үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін туған жері Арал қаласында балық комбинатында жұмыс істеп, кейін Қызылорда педагогикалық институтының биолог мамандығы бойынша сырттай білім алған соң 1948 жылдан бастап аудандық обаға қарсы күресу станциясы лабораториясында мамандығы бойынша бактериолог болып 45 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Ғибратқа толы ғұмырында Раш Жұмабекова екеуі жанұя құрып 5 ұл-қыз өсіріп, келін алып, немере сүйіп кейінгі ұрпаққа өнегелі өмірін паш етті.
Болатбек ҚУАТОВ,
өлкетанушы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі