Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жауқазын ғұмыр

Жауқазын ғұмыр

Өмір кейде аяусыз. Әлі гүлдеп үлгермеген жауқазын тағдырларды қырқып түсетін қаталдығына жүрек көңдіге алмайды... Менің шәкіртім Ақжүрек Арғынов – сондай шексіз үміттің, мәңгілік сағыныштың иесі болып қалды...
Ол небәрі 11 жаста еді. Бірақ сол аз ғана ғұмырына көптің біріне де бұйырмас биіктерді сыйдырып үлгерді. Ақжүрек көркем сөздің көрікті үні еді. Қазақ поэзисын жүрегімен сезініп, жанымен жеткізетін. Халықаралық, республикалық байқауларды топ жарып, өнерімен елді тандай қақтырды. Көзінде от, сөзінде салмақ бар бала болатын. Текті сөздің тұнығынан сусындағаны көрініп тұратын. Ол – білімге де құштар еді. Сабақтан озат, ойы ұшқыр, мінезі жұмсақ, жүрегі кең болатын. Үй шаруасында әкесінен  қол қабысын аямайтын анасының қамқоршысы еді. Қашанда ізетті, сыпайы, тәрбиелі қалпынан айнымайтын.
Ақжүрекпен алғаш дайындық бастаған күндерім әлі есімде. Маңдайында кекілі бар кішкентай ғана сары балапан анасына еріп келіп, апай мен өлең оқиын дегені...
Содан дайындықты бастап кеттік. Мінсіз дикциясы, дауыс ырғағы, сахнада өзін еркін ұстауы, бұнын бәрі табиғи болмасынан еді. Мен тек бағыттап отырдым. Ол өзі-ақ биіктерге самғады. Жетістіктерінің көбі – Бас жүлде.
Ол-сахнада жай ғана оқымайтын, өзі кейіпкерге айналып кететін. Әр образы- тірі, әр сөзі – шынайы  болатын. Сондай өнерлі шәкіртті өсіру-ұстаз бақыты.
Ақжүректің бұл жетістіктерді аз ғана ғұмырында бағындыруында ата-анасының, отбасының еңбегі мен қолдауы ерекше әсер етті. Олар әрдайым Ақжүректің жанынан табылып, баласының дарынына сеніп, барыша қолдау көрсетті. Оның әрбір жеңісі ең алдымен, сол жылы ұядан бастау алған тәрбие мен сенімнің жеңісі еді. Өмірден озарынан біраз бұрын біз Ақжүрекпен күзде Алматыда өтетін кезекті үлкен байқауға дайындалып жүрген едік. Осы байқауда оған ерекше үміт арттым. Егер ол үлкен жеңіске жетсе, келесі кезең – Түркияға жолдама болатын. Біз бірге армандадық. Ол үміттеніп:
-Апай Түркияға ата-анаммен және сізбен бірге барамыз. Мен уәде берем!- деп айтатын. Қуанышқа толы көзінен сенім, жүрегінен алғыс сезілетін.
Әттең... ол арман орындалмады...
Ол менен ештеңе жасырмайтын. Апайым деп еркелеп, өзінің болашақтағы жоспарларын, сахнадағы армандарын бала қиялымен ашық айтып отыратын.
Ақжүректің арманы көп еді. Өнердің биігіне шығу, ел мақтаны болу, ата-анасының үмітін ақтау... Бірақ тағдыр біз ойлағандай болмады...
Айлар өтті. Мәдениет үйіндегі үйірмеге балалар келген сайын оны іздеймін бірақ ол жоқ. Биыл шәкіртіме арнап өзінің жасындағы балалар арасында көркем сөз оқушылардың байқауын ұйымдастырмақшымыз. Оның бейнесі, дауысы, әр жетістігі жүрегімде мәңгі сақталады.
Ақжүрек менің ғана емес, туған ауылының үміті еді. Жарқ еткен жұлдызымыз тым ерте ағып түсті...
Райса ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,
Аманөткел ауылы

Фото: автордан 
26 сәуір 2025 ж. 29 0