Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар шығармашылығын шыңдаған байқау

Балалар шығармашылығын шыңдаған байқау

Жуырда Қазақстанның тұңғыш үкімет басшысы Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясында балалар шығармашылығын шыңдаған «Жауқазын жүрек» атты байқау өтті. Жастардың әдебиетке, журналистика саласына қызығушылығын ояту, оқушылардың шығармашылығын арттыру, қалам қарымын зерделеу мақсатында ұйымдастырылған шараға облысымыздың барлық аудандарынан қырыққа жуық талантты өрендер келіп қатысты. Осынау байқаудың бәсі биік еді. Себебі, үстіміздегі жылы аталып өтілетін Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығы қарсаңында таланты ерек болашақ иелерінің жазуы мен сөз саптаудағы танымы таразыланды.
Қош келдіңіздер, ат басын бұрып, Аралдай құтты мекенге,
Базарлы бағын, баяндап елге мақтансам, мақтау жетер ме?
Жарасып бірлік ынтымағына пейілі тасқан жұртының,
Әбдіжәмілдей атамыз жазған Парызы бүгін өтелген, – деген жыр шумақтарымен басталған шуақты шара рухы асқақ жазушының ғибратты ғұмырынан сыр шертетін көрмеге ұласты. Кемеңгер тұлғаның көзі тірісінде пайдаланған заттары тамашалаушыларға өте қызықты еді. Әсіресе, аталарының ғасырлық торқалы тойы аясындағы естеліктер аймағымыздың әр түкпірінен келген ұл-қыздар үшін таптырмас құндылық екені даусыз болатын. Аудан орталығында қалалық тарихи музейдің меңгерушісі Ботагөз Сарбасова кемеңгер жанның тұтынған дүниелерін жиналғандарға таныстырып шықты.
Мұнан соң, әдеби алаң жұмысы басталып, қатысушы талапкерлер тапсырма аясында өз біліктіліктерін ортаға салды. Әр кезең бойынша тосылмаған дарынды балалар Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» көркем фильмінен үзінді көре отырып, аталған туындыдағы проблемаларды екшеді. Артынша, сол бойынша публицистика саласының бағыттарын жеребе арқылы таңдап, очерк, мақала, сұхбат жанрлары бойынша қабілеттерін бағамдады.
Бір айта кетерлігі, барлық байқауда бақ сынаған балалардың ойы озық, көкірегі ояу екені салғаннан аңғарылып тұрды. Олардың кейбіреулерін нағыз болашақ журналист деседе болатындай. Сөйлем құрастырудағы шеберлігі, туған өлкелерінің келбетін сипаттаудағы ұшқыр қиялдары әділқазылар ретінде белгіленген жандарды тәнтті қылды.
Қай істің де соңы бар демекші, Қызылорда қаласы мен жеті ауданнан арнайы ат арылтып келген әр ауданның үкілі үміттері қабілет- қарымдарының осылайша бағасын алды. «Жаңалық жаршысы», «Көсемсөз шебері», «Үздік репортер», «Қарымды жас қаламгер», «Жалынды жас публицист», «Қуатты қалам иегері»,«Сара сөздің семсері», «Тыңдарман таңдауы» «Сөз ұстасы», «Көрікті ой иесі», «Жас тілші», «Зерделі жас» номинацияларымен марапатталған олар мақтанды, шаттанды. Облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Избасарова «Жауқазын жүрек» кезегін Жалағаш ауданына салтанатты түрде тапсырып, мазмұны бөлек байқауды жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан №262 мектеп-гимназиясы ұжымына ризашылығын білдіріп, білім ұясының абыройы асқақтай берсін деген тілегін жеткізді.
А.ЕЛЕШ
29 қазан 2024 ж. 173 0