Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілдік оқушы ҰБТ-дан 132 балл алды

Сексеуілдік оқушы ҰБТ-дан 132 балл алды

Өткен аптада республикалық оқушылар біліміне сараптама жасайтын Ұлттық Бірыңғай тестілеу сынамалары аяқталып, үздік деп танылған оқушылар марапат төрінен көрінді. Иә, барлық оқушының жаңа өмір кезеңіне алғашқы баспалдақ болатын бұл сынақ уақытында бәрімізді де қобалжытып та, қорқытып та үлгерген еді. Міне, бүгінде осы бір түрлі сезімдерді ббиылғы жыл түлектері сезініп үлгерді. Солардың ішінде аудан бойынша ең жоғарғы балл жинаған Ашықбаева Аяжан Асылбекқызы бар. Қазір отбасының да, мектеп пен ауданның мақтанышына айналған шәкірт бүгінгі мақаламызға арқау болмақ.
Аяжан Асылбекқызы Сексеуіл кентіндегі №283 орта мектебінің түлегі. Мектеп қабырғасында белсенді оқушылардың қатарында болған ол барлық пәнді сүйіп оқығанымен, таңдауы жаратылыстану бағытындағы биология-химия комбинациясына түсіпті.
–Бейіндік пәндерді таңдау қиын таңдауға түспеді. 10-ыншы сынып оқып жүрген сәттен-ақ өзімнің биология-химия пәндерін таңдайтындығыма сенімді болдым. Өзім бала кезімнен айналамдағы жандарға көмектескім келетін, сол себептен де ақ халатты абзал жан болуды таңдадым. Бірақ та медицинаның қай саласына барамын деген ой ұзақ уақыт бойы мазалады. Наурыз айында ғана өзімнің стоматолог болғым келетіндігін түсіндім.Ата-анам таңдауды өз еркіме салып, бағыт-бағдар беріп, қолдап отырды. Мамандық таңдау күрделі таңдаулардың бірі. Бұл таңдаудан жаңылмау өте маңызды. Мен болашағымды бұл саламен байланыстыратыныма нақты сеніммен таңдадым, – дейді Аяжан.
Аяжанның бұл таңдауын біліп, қолдау білдірген жандардың бірі – сынып жетекшісі Венера Еспосинова. Венера ханым Аяжанның бұл еңбегі туралы:
–2021 жылы №283 мектеп жаңадан ашылып, №87 мектептің жарты оқушысы көшірілген болатын. Ол кезде Аяжан 9-сынып оқушысы болды. Маған алғашында сынып жетекші болу қиынға соққан, дегенмен оқушылардың білімге құштарлығы бәрін өзгертті. Соны ішінде, Аяжан мұғалімдердің көзіне ерекше түсетін. Соның арқасында химия пәнінен олимпиадаға қатысып, «Болашақ»университетіне оқуға 25% жеңілдік ұтып алды. Ал ҰБТ-ға дайындықты сол 10-шы сыныптан бастаған болатын. Өзге оқушылар сияқты емес, қай кезде де арнайы видеосабақтар қарап, бос уақытын тиімді пайдаланатын.
Өзі өте қарапайым, тәрбиелі қыз. Ешқашан «Алтын белгі», қызыл аттестат секілді үлгеріміне қатысты немесе өзге де мақтау сөздерге масаттанбайтын. Себебі жан-жағындағы сыныптастарының көңілдеріне қатты қарайды. Қазіргі түлектерім дайындық кезінде де, нағыз емтихан кезінде де барынша бір-біріне қолдау білдірген, ұжымшыл сынып болды. Аяжанның бұл қуанышына бәріміз бірге қуандық және алдағы уақытта жақсы маман иесі болуын тілейміз, – деп лебізін білдірді.
Аяжан өзінің бұл еңбегі мектеп пен мұғалімдердің және тек қана білімге құштарлықтың арқасы екенін айтады.
–Ұлттық Бірыңғай тестілеуге дайындығымды 10-ыншы сыныптың мамыр айынан бастадым. Ол уақытқа дейін «Сыр дарыны» жобасымен «Қамбаш тынығу лагеріне» барып , химия пәнінен білімімді дамытқан болатынмын. Дайындалған кезде барлық пәндерді бір уақытта бастаған жоқпын, уақытөте келе бір пәннен қосып, дайындығымды толықтырып отырдым. Бұл менің бір пәнге барлық фокусымды қоюыма мүмкіндік берді. Жыл басынан мақсатым 130+ ұпай жинау болды. Осы ұпайға жетуіме көмектескен мектеп ұжымына алғысым шексіз. Ұлттық Бірыңғай тестілеуге дайындықта бастысы – өз-өзіне деген сенім. Білім алушы өзіне сенген кезде ғана алға қойған мақсатыңа жете алады. Ойдағы қорқыныш, қобалжу ол қалыпты дүние, бірақ ол іштегі сенімнен жоғары болмауы керек. Мен өзіме сене алдым. Бұл менің діттеген мақсатыма жетуіме мүмкіндік туғызған себептердің бірі. Осы орайда, маған сенгендігі үшін, мені қолдағаны үшін мектеп директоры ЕримбетоваГулнар Рахатқызына, сынып жетекшім Еспосинова Венераға және барша мектеп ұжымына алғысымды айтамын – дейді Аяжан Ашықбаева.
Айта кетейік, Аяжан алғашқы қаңтар айындағы ҰБТ-дан 117 балл алса, наурыз айында 113 балдық көрсеткіш көрсеткен. Ал грант иегерлеріне арналған ҰБТ сынағында 129 балл алып қуанышымен бөліссе, кейінгі сынақ нәтижесі «аудан үздігі» атандырып отыр.

Г. САҚТАПОВА
15 шілде 2024 ж. 117 0