Жеңіспен оралған үшінші ұл

Осындай әкенің тілек-батасы қабыл болып, сұрапыл соғыстан үшеуі де дін аман елге жеңіспен оралды. Екеу болса бірін, біреу болса сол жалғызды жұтып жатқан қан майданнан бір шаңырақтан аттанған үш бірдей жауынгердің елге жеңіспен аман-сау оралуы айта жүрерлік сирек жағдай еді.
Үлкен ұл – Дәрібала ауылда жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген. Техника тізгінін ерте ұстауы соғыс жылдарында да көп көмегін тигізіп, сұрапыл соғыстан елге аман-есен келуіне себепші болды. Олай дейтініміз, жас жігіт майданға аттанғанда шекара әскери бөліміне жүргізуші болып қабылданды. Олар әр кез майдан даласынан бөлек жерге ұрыс-қимылдарын сырттан бақылап, оның барысын орталыққа хабарлап тұратын айрықша бөлімде қызмет етті. Бұлардың мекендері тұрақсыз, бүгін бір жерде болса, ертең екінші жерде. Бар қызметтері әр бақылау пункттерінен жасырын құпия пакеттерді орталыққа жеткізіп тұрады. Ал, Дәрібала арнаулы байланыс құралдары бар автокөлікті айдап жүрді. Германиямен соғыс аяқталғанда да Дәрібала 1945-1947 жылға дейін Жапон соғысына қатысып, Порт-Артурда болды. Майдандағы ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Туған жерге жеңіспен оралған Дәрібала Жұмағұлов бейбіт еңбекке де белсене араласып, Қамыстыбас, Райым ауылдық кеңестеріндегі шаруашылық жұмыстарында басшылық қызметтер атқарды.
Ал, ортаншы ұл – Сарбаланың жауынгерлік жолы тым қиын болды. Ол 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, солдаттық өмірді өткеріп жатып, бұйқыт соғыстың алдыңғы күндерінде-ақ қан майданға кірісіп кетті. Латвия, Литва, Эстония елдерін қамтыған Прибалтика майданы шебінде болды. Ол кез Германияның екпіні күшті болатын. Күз айында дивизиясымен қоршауда қалып, тұтқынға түсіп, немістер басып алған Югославия жерінде болды. Тұтқыннан қашып шығып, Броз Титоның партизандар отрядына қосылады. Сөйтіп Венгрияда Совет Армиясы қатарына қайта қауышады. Соғыс жылдарында «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Венгрияны азат еткені үшін», тағы басқа медальдармен марапатталды.
Елге келген соң Арал қаласындағы портта жұмыс істеп, «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталып, еңбекте ерекше танылды.
Үшінші ұл – Садық Жұмағұловтың жауынгерлік жолы мен еңбек жолы да алдындағы екі ағасынан ерекше болды. 1925 жылы Райым елді мекенінде дүние есігін ашып, осындағы жетіжылдық мектептен білім алды. Мұнан соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумға түсіп, мұны бітірген соң Құмбазар, Райым ауылдарындағы мектептерде бастауыш сыныбының мұғалімі болып қызмет етті. Ұлы Отан соғысы басталғанда Садық әлі жас болатын. Өзі майданға талай сұранғанымен оны әскер қатарына алмады. Тек 1943 жылы ел қорғайтын ер атанған жасқа келгенде ғана армия қатарына шақырылып, ағаларының артынан қан майданға аттанып кете барды. Білімді де білікті жігіт өз қатарлары арасында ерекше танылып, бөлімше командирі дәрежесінде ІІІ-Белорусс майданында ұрысқа түсті. Шығыс Пруссияның Кенигсберг қаласы үшін шайқаста өзіне берілген тапсырманы мінсіз орындап, жауынгерлік сын сағаттардан сүрінбей өтті. Өйткені ол саперлер сапында болды. Шегінген жау жай кетпейді, негізгі жолдарды, белгілі объектілерді миналап кетеді. Сондықтан да барлық жолдарды минадан тазартып, Кеңес жауынгерлерінің алға қауіпсіз жылжуын қамтамасыз ету Садық басқарған саперлердің міндеті. Балтық бойындағы Гранс қаласын азат етуде де осындай қиын жағдайға тап болды. Армия генералы И.Д.Черняховскийдің бақылауында болған «Кенигсберг операциясы» өте күрделі болатын. Барлық тас жолдар мен көпірлерді түнімен минадан тазарту сержант Садық Жұмағұловтың бөлімшесіне міндеттелді. Түні бойы тынымсыз жұмыс істеген саперлік бригада берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, жолдары ашылған Кеңес Армиясы жойқын ұрыс сала отырып, Шығыс Пруссияны жаудан азат етті. Осы шайқастардағы ерлігі үшін сержант Садық Жұмағұлов «Кенигсбергті азат еткені үшін» медалімен марапатталды. Оның жауынгерлік жолында мұндай ерліктер мен наградалар аз болған жоқ. Елге 1946 жылы жеңіспен оралған жауынгер Садық Жұмағұловтың өр кеудесінде «Ұлы Отан соғысы» ордені жарқырап тұрды. Осылайша Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес Армиясының жеңісімен аяқталды. Өр кеуделері орден-медальдарға толып жауынгерлер Отан қорғау борышын абыройлы орындап туған елдеріне келіп жатты. Солардың бірі – Жұмағұл ақсақалдың үшінші ұлы Садық болатын. Сондай-ақ өзінен бұрын майданға аттанған ағалары Дәрібала мен Сарбала да бірінің артынан бірі ауылға аман-сау оралып жатты. Мұнан артық бақыт бар ма!
Садық елге келген соң өзінің бұрынғы мұғалімдік қызметін қайта жалғастырды. Ақшатау, Райым, Қамбаш ауылдарындағы мектептерде ұстаз болып ұрпақ тәрбиесіне беріле кірісіп, бедел биігіне көтерілді. Осылай жүріп білімді, белсенді қыз Төлеген Иманалинамен бас қосып, отбасын құрды. Бұл ретте адал жары, қызметтес сенімді серігі Төлегеннің де тегін емес екенін айтпасқа болмайды. Ол Қамбаш орта мектебін үздік бітіріп, соның арқасында мектепте мұғалім болып қалды. Ізденімпаз, білімдар қыз он сегіз жасында мектепте оқу ісінің меңгерушісі, жиырма жасында мектеп директоры болып үлкен ұжымды басқарды. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін біліктілік, екінің бірі шыға бермейтін биіктік еді.
Білім жолында Садық Жұмағұлов та өз білімін көтеруден тайынған жоқ. Үйлі-баранды болса да 1953 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық инстиутына түсті. Түскенде де сырттай бөлім емес, кәдімгі студенттердей күндізгі бөлімде оқыды. Сырттай оқыған білім білім бола ма деп шешкен Садық қайткенде де жоғары білім алуға ерекше ден қойды. Оқуда студенттердің алды болды. Топта жетекшілік жасады. Нәтижесінде институтты қызыл дипломмен бітіріп, математика пәнінің білікті мұғалімі болып ұстаздық жолын жаңаша бастады. Бұрын өзі қызмет еткен Қамбаш орта мектебіне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл жоғары білімді Садықтың ұстаздық жолындағы алғашқы өсу қадамы болатын. Төрт жылдан кейін зор сенім білдірген аудандық білім бөлімінің басшылығы Садықты сонау теңіз қолтығындағы Бөген ауылындағы Зейнолла Шүкіров атындағы орта мектепке директор етіп жіберді. Басшылық тізгінді біліктілікпен берік ұстаған Садық Жұмағұлов осы мектепті табан аудармай жиырма алты жыл басқарды. Бұл жылдарда мектеп жас ұрпаққа білім беруде жаңа биік белестерге көтерілді. Мектептің материалдық базасы нығайды. Ұстаздардың біліктілігі жоғарлады. Оқушылардың білім деңгейі артып, мектеп ұжымы ауданда алдыңғы қатардан орын алды. Әртүрлі деңгейдегі білім сайыстарында І орынды жеңіп алып жүрді. Мектеп ұжымының ұйымшылдығы, ата-аналармен байланысы, береке-бірлігі нығайып, жақсы дәстүр қалыптасты.
Қашанда жанында сенімді серігі бола білген жары Төлеген Иманалина екеуі жас ұрпақ тәрбиелеп, ұлағатты ұстаздықтың ұзақ жолын жемісті де өнегелі жүріп өтті. Осы жылдарда екеуі өмірге алты ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі жетістіктері үшін С.Жұмағұлов «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, КСРО оқу-ағарту ісі министрлігінің, ҚР Ғылым және білім министрлігінің, Қазақ балық шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталып, облыстық дәрежедегі зейнеткер болып танылды.
Бүгінгідей Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойланып жатқан шақта жауынгерлік жолдан өткен Садық Жұмағұловтың сұрапыл соғыстағы және бейбіт еңбектегі ерлік істері ел жадында сақталып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болса деген ниеттеміз.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Арал ауданының Құрметті азаматы