Туған жерді ұмытпаған, дәстүрлі дінді ұлықтаған

Иә, кейіпкеріміздің мектеп қабырғасындағы шәкірттік кезіне оралайық. Аудан орталығындағы №86 орта мектепке өзінен үлкен сөмкені арқалап барған бала Амандық қатарластары арасында зеректігімен танылды. Аталмыш білім ұясында сапалы білім, саналы тәрбие алған бір шаңырақтың үкілі үміті барлық ұстаздың дәрісінде құймақұлақтығымен дараланып, ағай-апайлардың айтқанын екі етпеді.
Орталау мектепті тәмамдағаннан кейін арманы асқақ Амандық алты алаштың алғашқы астаналарының қатарындағы тарихи қала Қызылордаға қиялға қанат байлап келді. Сырдың бас қаласындағы политехникалық техникумынан құрылыс және сәулет мамандығы бойынша диплом еншілеп, қоғамнан өз орнын табуға ден қойды.
Бұл 1988 жыл-тұғын. Араға жыл салып, тепсе темір үзетін жігіт ата-анадан дарыған антқа адал қасиетпен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Кеңес үкіметі тарамаған шақ. Тәуелсіздік көк туы қолға тимеген кез. Замандастарымен бірге армия-ер мектебі деген ұстаныммен қолға қару алған Аралдың оғланы Ресейдің Воронеж қаласында екі жыл шыңдалды. Мақсаты айқын, ұстанымы бөлек азамат негізгі міндетті абыроймен аяқтаған соң яғни, 1991 жылы көршілес Ақтөбе облысында алғашқы еңбек жолын ұштастырып, ел экономикасының дамуына үлес қосқан темір жол саласында қолтаңба қалдырды.
Заман өзгерген уақыт. Нарықтық кезең үлкен-кішінің көзқарасын оятқан. Көштен қалмауға бейімделген көпшілік сан кәсіптің басын шалған. Білімі де, қажыр қайраты да тасыған тыл ардагері Тілеулес қарттың ұрпағы тыңнан түрен салды. Нақтырақ тоқталсақ, 1994 жылы жеке кәсіппен шұғылданып, Европа елдерінен тұрғын үйге қажетті жиһаздарды Қазақстанға жеткізумен шұғылданды. Жалқауға ғана жұмыс жоқ. Нарықтық заманда Амандықты бағыты адастырмады. Жұмыс жемісті өріліп, кәсіп көкжиегі кеңейе түсті.
«Ата көрген оқ жонар» деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Тілеулестей ақсақалының батасымен есейген ұл әңгіме барысында сыр суыртақтағанымызда, ардақты әкесі туралы төмендегіше сөз былайша сабақтады:
–Әкем 1937 жылы Арал қаласында дүние есігін ашқан. Т.Щевченко атындағы №13 орта мектепті тәмамдаған. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың нәубет жылдарды бастан өткерген қиын кезінде талай ауырпалықты көрген. Ол кездегі бала біткен ерте есейеді. Асқар таудай әкешімнің еңбекке ерте араласқанын санама сіңіріп өстім. 1957 жылы Алматы қаласындағы Халық шаруашылығы институтында қаржы және экономика факультетін бітірген соң, пошта саласында өлшеусіз жұмыс жасады. Міндетке адал, жауапкершілік жүгін жақсы сезінетін әкем маңдай терімен жауапты қызметтерді атқарып, байланыс саласының құрметтілері қатарына енді. Стратегиялық маңызға ие пошта жұмысының алға басуына ерекше үлес қосқан ардақтым 35 жыл осы салада уақытпен санаспай жұмыс жасап, тылда қалған асыл жандар қатарына қосылды, – деп, асқар таудай әкесінің алтын құрсақты анасы Күнқияшпен бірге 8 перзенттен немере-шөбере сүйіп отырғанын мақтанышпен айтты.
Жаңа ғасыр. Жаңа мүмкіндіктерге жарқын жол. Осынау ұстанымды өмірлік бағдаршам еткен Амандық Тілеулесұлы Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің құқық және экономика факультетінде оқыды. Ондағы мақсат білімді жетілдіру мен ой-өрісті кеңейту болатын. Ақтөбе жүрегі алып-ұшқан жастың меселін қайтармады. Есесіне арқадан қағып, қолпаштады. Алғашында Ақтөбе қаласы әкімшілігінің жастар бөлімінде қызмет еткен Амандық алғырлығымен қарышты қадам жасады. Халықпен етене араласудың мүмкіндіктері молайып, жарқын істердің басынан таба білген Арал мақтанышы жас болса да бас болып, заң шығару органдарында мандат иеленген мәжіліс депутатының көмекшісі қызметіне лайықты деп те танылды. Сенімге селкеу түскен жоқ. Билік пен бұқара арасында алтын көпір орнатқан азамат қай істі де жетік меңгерді.
Үлкен қажылықты өтеп келгеннен кейін 2002-2003 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Руханият институтында тарих пәнінен дәріс беріп, ислам дініне бет бұрған жастардың қамқоршысына айналды. Қарапайымдылықты жаны сүйетін елжанды азамат тек алғыс алып, алға озды. Сонау 2015-2022 жылдар аясында спорт, мәдениет салаларының меценаты атанып, көпке қол ұшын созды. Алланың разылығы үшін жасаған әр қадам азаматты тіптен ширатып, жыл сайын ұйымдастырылатын қыздар арасындағы республикалық Құран жарыстарында қолдаушы әрі демеуші ретінде елге танылды.
Келген барлық ырзық-несібені басып емес, шашып жеген мәрт жігіт әрқашан жұртының жоғына жұмсап, қамыққанның қамын күйттеуге үлестірді. Құлшылық ету жолында сауапты істің басы-қасында жүріп, күллі мұсылманның арман-тілегін Қағбаны айнала сұрады. Сондай- ақ, Амандық ірі серіктестіктермен жасалған уағдаластықтардың бәрінде дерлік оң баға алып, елімізге қажетті өзекті деген мәселелердің тиімді шешілуіне жан-жақты атсалысты.
Міне, соның бір көрінісі ретінде Арал қаласының шығыс беткейінде іргесі қаланған жаңа Алланың жердегі үйінің құрылысына қаржылай көмектесті. Аралдық жұбайы Индира Жұбаназарова Президент әкімшілігінде жұмыс жасаған. Жүрек жарастырған қос жұп алты перзенттің баянды болашағы үшін күн-түн демей ізбасарларының көрікті келешегін тілеп келеді.
«Елуінде ел дана» деген тәмсіл бар. Айдынды Аралдан қияға қанат қаққан кешегі балаң жігіт бүгінде ел мақтанар кісілік келбеті бөлек, қадамы ерек азаматқа айналған. Әркімнің өзінің дара жолы боларын ұғынсақ, Амандықтың шығар шыңы да, асар асуы да, бағындырар белесі де алда екеніне сенім мол.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ