Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сурет шерткен сыр

Сурет шерткен сыр

Биыл аталар қанымен, елдегі ана мен баланың ауыр еңбегімен келген Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Осы жылдар ішінде тарихтың талай беттері парақталып, бейбіт күннің ұрпақтары боздақтар ерлігін зерттеп, зерделеп жатыр. Қан майданға қатысып, елге оралып, бейбіт еңбекке араласып, мағыналы ғұмыр кешкен майдангерлеріміз де азайып бара жатырғаны анық.
Сондай жанның бірі – менің көкем Омар Жүгінісов еді. Өмірден көргені мен түйгені мол, әңгімешіл, тыңдаушыны елітіп әкететін қасиетті адам еді. Балаларына түрлі қисса-дастандарды, роман-повестерді оқытып, өзі құмарта тыңдайтын. Адамдармен тіл табысқыш, кішіпейіл, ақжарқын адам болды.
1969 жылдың көктемінде болуы керек, Омар көкем Сарыағаш санаториясында Бауыржан Момышұлымен кездесіп, бір дастарқаннан дәм татқанын әңгімелеп отырады екен. Сол көкем шерткен әңгімені қаз-қалпында баяндай отырып, бір суреттің сырын айтпақпын.
Бауыржан батыр аңыз адам ғой, мінезі тентек дегенді ел арасында көп естігенмін. Момышұлының «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын оқи отырып та біраз жайға қаныққанмын. Бірақ жүзбе-жүз кездесем деген кімнің ойында бар. Осы санаторияда Момышұлы демалып жатыр дегенді естіген соң, іздеп барып сәлемдесуді жөн көрдім. Өзімді-өзім қамшылап алып, батыр жатқан бөлменің есігін қақтым. Іштен «Да» деген дауыс естілді. Жәймен ішке кірдім.
– Ассалаумағалейкум, батыр!
Ойлана төмен қарап отырған Баукең өткір көзін маған қадады да:
– Аманбысың? – деді.
– Бауке, сізді осында дегенді естіп, сәлемдескелі келіп едім, – дедім сасқанымды білдірмей.
– Оның жөн болған екен, – деді де, көзін бос тұрған орындыққа қадады. «Отыр» дегені шығар деп қипақтап барып, сол орындыққа жайғастым.
– Денсаулығыңыз қалай?
– Онша емес! – деді жұлып алғандай. Барлық қарудың түрімен мені нысанаға алып атқылап жатқан сияқты, түсіндің бе?
Даусы өктемірек шықты. Менде үн жоқ. Не дерімді білмедім. Ыңғайсызданып-ақ отырмын. Кетіп қалудың есебін тағы таппадым. Үнсіздікті батырдың өзі бұзды.
– Қай жақтың қазағысың?
– Қызылордадағы Арал өңіріненмін, Бауке.
– Е-е, балықшы екенсің ғой.
– Иә, балықшымын.
– Дұрыс, – деп, мүштегін алып темекі тұтатып, будақтатып тарта бастады.
– Елің аман ба? – деді бір кезде. Мен де өзімді сабырға шақырып:
– Аманбыз,батыр, – дедім. Баукеңнің жүзі жылыған сияқты. Жайланып еркіндеу отыра бастадым.
– Ныспың кім? – деп сұрады.
– Омар, әкемнің аты – Жүгініс. Жаңағы айтқанымдай, Арал өңіріненмін. Сонда балық аулауды кәсіп етеміз. Ел тыныш, жұрт аман, Бауке. Осында келгеніме он шақты күн болды. Демалып, ем алып жатқан жайым бар. Сіздің және сіз туралы жазылған кітаптарды түгелге жуық оқып шықтым. Өте жақсы екен.
– Солай ма? – деді батыр жайбарақаттау,
– Несі ұнады?
Айта жөнелдім. Байқаймын тыңдап отырған сияқты, сөзімді бөлген жоқ. Түсі жылып, тіпті күлімсірегендей де болды. Кейде басын изеп қалып та отырды. Бір кезде:
– Жақсы екен, – деді. Мен түсінбей қалдым. Кітап па жақсы, әлде менің әңгімем бе? Батыр соны ұққандай:
–Түсініпсің, сосын жақсы әңгімелейді екенсің, – деді. Қуанып қалдым.
– Бауке, қай жылы туғансыз?– дедім әңгіме болсын деген оймен.
– 1910-жылы, – деді жай ғана. Бойым үйренейін деді ме:
– Е,батыр, менің сізден екі жас үлкендігім бар екен, 1908-жылғымын, - дедім.
Батырдың мұрты жыбыр ете қалды. «Қап,бекер-ақ айттым,бүлдірдім!» - деп ойладым. Ойым дұрысқа шықты. Маған шаншыла қарап:
– Мен пәлен жыл армия қатарында болдым. Соғыста пәлен рет қоршауда қалдым. Түген рет жауға қарсы атакаға шықтым, пәлен рет жарақат алдым, соның бәрін қосқанда сенен пәлен жас үлкенмін. Понятно! – деді зілденіп. Тіктелгенде бет шыдатпайды екен.
– Түсіндім, Бауке, мен қателесіппін, – дедім ығына жығылып.Түсі сәл жылып:
– Түсінсең шәйға кел. (Стол үстінде тұрған шайнекке қол созды.) Шәй ішейік, – деді. Сәл үнсіздіктен соң:
– Соғыста болдың ба?- деді.
– Ия, қатысып, жарақаттанып қайттым. Аманжол бабамның ұрпағынан үш адам барғанбыз. Үлкені мен, екі інім Ықылас пен Ахмет қаза тапты, – дедім.
Батыр «м-м-м» деп ыңыранғандай болды. Бір жері ауырды ма, әлде сұрапыл соғыстағы өрімдей жастардың қазасы жанына батты ма екен, үнсіз темекісін будақтата түсті. Сосын тағы оқыған кітаптарым туралы сұрады. Біраз әңгімелескен соң, мен өз бөлмеме баруға жиналдым.
– Рақмет! Сау бол! – деді батыр,
Мен де жалма-жан: «Сау болыңыз, жақсы демалыңыз!» – дедім де, есігін жай ғана жауып, «уһ» деп терең дем алдым. Терлегенімді енді сездім.
Күндер өтіп жатты. Өткендегіден кейін кездесудің де, сөйлесудің де ретін таппадым. Елге қайтатын уақыт та жақындады. Қасымдағы демалушылармен бірге Момышұлымен қалай суретке түссек екен деген ой мазалайды. Батырдың мінезі белгілі. «Суретке түсейік» деуге ешкімнің батылы бармайды. «Омеке, сен бір жөнін тап» – дейді қасымдағылар мені қолқалап. Сонымен не керек, асханадан келе жатып, батыр Бауыржанмен тағы жүздестім. Бірақ бұл жолғы кездесуім ұзақ болмады.
– Бауке, – дедім сәлемнен соң, бір-екі күнде ауылға қайтамын. Елге барған соң сіздей адаммен кездестім, әңгімелестім, бір дастарқаннан дәм таттым десем сендіре аламын ба? Рұқсат болса сізбен естелік ретінде суретке түссем деп едім. Балаларыма да үлкен сыйлық болар еді...
Үндеген жоқ, бұрылды да кете берді. «Ұнатпады-ау,» – деп ойладым.
Келесі күн. Ертең қайтамыз. Бірнеше күн бірге болған азаматтармен тал саясындағы орындықта әңгімелесіп отырғанбыз. «Бауыржан келе жатыр,»- деген сөздер естілді. Қарасам шынымен Момышұлы тура біз отырған жерге қарай келе жатыр екен. Үстінде ақ көйлек, қара костюм-шалбар, үлкен бір жиынға баратындай киініпті. Жақындап келіп: «Әй, Омар, жүр суретке түсейік» – деді де, кейін бұрылып жүре берді. Аң-таң болған біз соңынан ердік. Суретке түсуіміз де қызық болды. Баукең орындыққа жайғаса беріп: «Омар, қасыма отыр» – деді. Отырдым. Бірақ менен екі-үш жас үлкендігі бар бір етжеңді кісі болып еді. Маған «Кішкене жылжы,» – деді де, батыр екеуіміздің ортамызға сығылысып отыра кетті. Батыр жақтырмады білем, тұрып кетпек болып жатқанда, суретші түсіріп үлгеріпті. Орнынан тез тұрып жүре берген батыр кілт тоқтады, сосын маған қарап: «Еліңе сәлем айт» – деді де кете берді.
Сурет сыры туралы көкем осы әңгімені балаларына күліп айтып отырады екен. Сол сурет үйде әлі сақтаулы...
Перуза ЖҮГІНІСОВА,
Алматы облысы
Н.Тілендиев ауылы

12 мамыр 2025 ж. 130 0