Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үзілген үміт

Үзілген үміт

Елдің есін алған зұлмат соғыс. Батыстан бас көтерген аждаһа мамыражай тіршілік кешкен халықты әбден зәрезап қылған. Ол кезде менің атам Ізбасар Әлімбетов 37 жаста еді. Бойында жауға деген ашу-ыза қайнаған азамат өз еркімен майданға аттанған-ды. Балық өңдеу зауытында диспетчер болып жұмыс істейтін бір шаңырақтың тірегі қолға қару алып, бұрынғы Маяк жанында замандастарымен бірге соғыс тәсілдеріне дайындық жүргізді. Әжем болса оларға балаларымен бірге күнделікті тамақ тасып жүрген екен. Ел арасында соғыс жайында түрлі алыпқашпа әңгімелер өрттей өршіп жатты.
Бір күні атам «біздерді Ташкентке алып кетеді деп айтып жатыр» деп жанашыр жандарына құлағдар қылады. Мұны естіген жұбайы Болтұр ардақтысының жолға қажетті заттарын әзірлеп, іштей амандығы үшін дұға қылады. Бұрынғыша әдетімен Маякқа қарай аяңдап, орталыққа келсе бір адам жоқ. Не керек, абдырап қалған әжеміз еркек біткенді бір түнде эшелонға тиеп, майданға әкеткенін естіп, сан соғады.
Көп ұзамай атамнан хат келіп, Болтұр әжем жүрегі жарылардай қуанады. Ол хатта:
Бізді көп ұзамай Ташкент қаласына жеткізіп, сол жақтан майданға аттанамыз. Мүмкіндік болса, Сексеуілде жолығып қалсақ. Кездесіп қалармыз, – деп жазған көрінеді. Үміт сәулесі оянған жар ерінің жолын Сексеуілге келіп тосады. Жанында екі баласы. Тербенбес тауының баурайындағы тоғыз жолдың торабы ерсілі-қарсылы ағылған қызыл вагондар. Әрбір эшелонға жүгіріп, перронда сарғайып күткен Болтұр әжем пұшайман күй кешеді. Сол кеткеннен мол кеткен Ізбасар Әлімбетов атамыздан 1944 жылға дейін аман-есендігін білдіріп, хат келіп тұрғанымен, көп ұзамай жанға медет үшбу хаттар сап тиылады.
«Тірі адам тіршілігін жасайды» демей ме қазақ? Елде қалған ағайын жеңіс күнін асыға күтті. Ізбасардай сүйенішінен үміт үзбеген Болтұр әжем сағыныштан сарғайды. Оқ пен оттың ортасынан аман оралады деген сенім келмеске кетті. Соңғы хат қолға тигенімен келіп қалар деген ой жатса да, тұрса да жадынан шықпады. Әжем Болтұр көз жасын төгумен болды. Есіл ерінен бірақ ешқандай хабар келмеді.
Артынша, 1944 жылы Белоруссияның Брест облысында жерленіп және соғыста көрсеткен ерлігі үшін медалін алғаны туралы ұрпақтары интернет арқылы іздеп тапқан. Аталарының өшпес ерлігін ұлықтаған шөбересінің зеректігі арқасында жат жерде қалған жауынгер ескеріліп, жатқан жеріне белгі қойылды. Майдангер аталарымызбен мақтанамыз. Олар сыйлаған бейбіт өмірмен шаттанамыз. Етікпен қан кешкен жорық жолында өмірден озған батыр аталарымыздың есімін мәңгі сақтаймыз. Бізге қалдырған аманатты ақтаймыз.
Зәуреш ЖАЙЫМБЕТОВА,
майдангер ұрпағы
12 мамыр 2025 ж. 82 0