Қайдасың, қайда сол жылдар?

1964-ші жыл. Біздің ауыл кезінде ақ бас толқындары аспанға атқылап жататын Арал теңізінің жағасына қоныс тепкен. «Бірлестік» бертін келет Жамбыл атындағы балық колхозы атанған (бүгінгі Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш) балықшылар ауылы болатын. Бары-жоғы 100-ге жуық отбасы ғана қоныс тепкен ауылымызда сегізжылдық мектеп болды. Мектеп директоры Құлекен Шаңқұлов ағай, ал қалған пәндерден Аққали Әбілов, Әнес Имағанбетов, Әлдірза Жолдасов, Әбдірейім Есендіков, Жаңабай Қапанов, Жандәулет Кәрібаев ағайлар мен Орынбике Базарбаева апай дәріс беретін. Осынау ұлағатты ұстаздарымыздың қайсысының болмасын шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі сіңірген еңбектері өлшеусіз. Ал мен үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген Әбдірейім Есендіков ағайдың орны бөлек. Өйткені менің бала кезден қолыма қалам ұстатқан осы ағай болатын.
Әбдірейім ағай қабырға газетін шығаратын. Бір күні осы газетте менің «Үзілген белбеу» атты шағын әңгімемнің жарияланғанын көріп, қайран қалғаным бар. Өйткені, мен мұндай әңгіме жазып, ағайға ұсынған емеспін. Сөйтсем, ағай еркін тақырыпта шығармалар жаздырған-ды. Сыныптастар ішінен ағайға менің жазбам ұнаса керек, өзі жөндеп, қабырға газетіне жариялаған екен. Содан бастап мен қабырға газетіне бұрқырата жазуға бет бұрғаным бар. Күндердің күнінде неге осы жазбаларымды аудандық газетке жолдамасқа деген ой туды. Сонымен...
Арал теңізінің ақ бас толқындары жағаны ұрғылап жататын біздің ауылға ондаған кемелер қатынайтын. Әлі есімде, газет-журнал, хат-хабарды «Попов» атты кеме тасымалдайтын. Ауылымыздың хат тасушысы (почталены) Кішкене Құтмамбетов ағай болатын. «Попов» кемесі келіп, айқай салысымен ағай екеуміз ескекті қайыққа отырып, кемеге барып, газет-журналдарды алушы едік. Ол кезде «Социалистік Қазақстан», «Ленин жолы», «Ленин туы», «Социалистік Арал», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттері мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек», «Балдырған», «Ара» журналдары болатын. Осы газет-журналдарды әкем жаздырып алатын. Ал мен болсам жата-жастана жатып, оқушы едім.
Жоғарыда айтқандай, жазбаларымды неге газеттерге жібермеске деген ой мазалаумен жүретін. Сонымен шимайлаумен жазған жазбамды аудандық «Социалистік Арал» (бүгінгі «Толқын») газетіне жібергенім бар. О, тоба, араға апта салмай-ақ парталас досым Айжарық Сапаров жайлы жазған «Балықшы бала» атты мақалам жарияланыпты. Ол кезде 5-ші сынып оқушысы болатынмын. Содан бастап күн құрғатпай аудандық «Социалистік Арал», облыстық «Ленин жолы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттері мен «Балдырған» журналына бұрқырата жазумен болдым. «Жазбаларым жарық көрді ме екен?» деген ой мазалаумен «Попов» кемесін асыға күтумен жүретінмін.
1966-шы жыл. Ауылдағы сегізжылдық мектепті тәмамдап, Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебіне оқуға келгенмін. Бұл келіс «Социалистік Арал» қаламгер ағалармен кездесуді алыстан армандап жүрген маған олармен жүзбе-жүз кездесіп, дидарласудың сәтін салды. Газет редакторы Сағынжан Ермағанбетов аға болса, Өмірбек Төлепов редактор орынбасары, ал Елеусіз Кенебаев, Ыбырай Әлжанов, Кеңес Өмірзақов қатардағы қаламгерлер, Жұмахмет Есенжолов фототілші екен.
Редакция жатаған үйге қоныс тепкен. Жасыратыны жоқ, күн құрғатпай редакцияға соғамын. Сонда аядай бөлмеде темекілерін бұрқырата тартқан қаламгерлердің бұрқырата да жазып жатқанын көріп тәнті болатынмын. «Әттең, осылардың қатарына қосылар күн болса ғой» деген арман жетегінде де жүретінмін.
«Социалистік Аралдың» мағанс сыйлаған тағы бір тағылымы – өзім тектес жас тілшілермен табыстырды. Олар қарақұмдық Қази Данабаев, шижағалық Сағынай Ешекенов, бөгендік Толыбай Абылаев, жалағаштық Жаңабай Кемалов, аралдық Әуесхан Әбдірашов, тағы басқалар болатын. Тырнақалды туындыларын аудандық газетте тұсауын кестірген бұлар бертін келе есімдері елге танымал ақын-жазушыларға айналды. Айтқандай, арқалы ақындар Жарасқан Әбдірашов, Шөмішбай Сариев, Мешітбай Құттықов, жазушылар Жақсылық Түменбаев, Сайлаубай Жұбатыров, Айжарық Сәдібеков, Қуаныш Жиенбаев, Бауыржан Омаров, Жақау Дәуренбековтердің де осы газеттен дәріс алғаны бар (есімдері аталмай қалған қаламгерлер болса, кешірім өтінемін).
1973-ші жыл. Бұл өмірде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара ғұмыр кешкен досым, марқұм Қази екеуміз кезінде дүркіреп тұрған Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология (қазақ тілі мен әдебиеті) пәнінен білім алып, туған топырағымыз Аралға оралғанбыз. Шыны керек, екеуміздің де арманымыз – «Толқын» газетінің табалдырығын аттау. Өкінішке орай, газетте бос орын болмағандықтан Қази өз ауылы – Қарақұмға, ал мен болсам өз ауылым Жалағашқа ат басын бұрғанбыз. Қазекең мектепке оқытушы болып орналасса, журналист болудың арманы жетегінде жүрген мен 3-4 айлап үйде жұмыссыз жатқаным бар. Қарап жатпаймын, ауылымыздың тыныс-тіршілігін газетке жазып жатамын. Көбіне көп сын мақалаларға қалам саламын.
Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн болар, ол кездерде яғни компартияның дүркіреп тұрған шағында газетте жарияланған сын мақалалар жауапсыз қалмайтын. Бір ғана деректі айтайын. Ауылымыздың жатаған клубында күнара кино көрсетілетін. Ауылдастарымның бар көрер қызығы осы. Кеңес есімді киномеханик апталап кино көрсетпей қойғаны бар. Ауылдастарымның айтуымен «Толқынға» «Кеңес қайда, кино қайда?» деген сын мақаламды жіберейін. Газетте мақала жарияланысымен Кеңесті жұмыстан босатқан еді.
Үзілген әңгіме жібін қайта сабақтайын. Жоғарыда айтқандай, үш-төрт айлап жұмыссыз үйде жатқан маған Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы Ізхан Досмағанбетов ағадан шақырту келді. Қуанышымда шек жоқ. «Ізекең мені қайдан білді екен?» деген ой да тұмшалайды. Сөйтсем, студент кезімізде осы ауданның шаруашылықтарының күріш орағына баратынымыз, сонда аудандық газетке мақалалар жазатыным ойға оралды. Соның септігі тиген болар, мен осы газетте он жылға жуық қызмет еттім. Десе де, туған топырағыма, яғни «Толқынға» неге бармасқа деген арман құрсауынан арыла алған емеспін.
1988-ші жыл. Сол жылдары педагогикалық институттың филология факультетінде бірге оқыған сыйлас та сырлас досым Биғали Қаюпов Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болатын. Биекеңнің шақыртуымен Жалаңаш аудандық «Жаңадария» газетіне қызметке бардым. Бертін келе аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы қызметіне тағайындалдым. Бұл ауданда да абыройсыз қызмет еткенім жоқ. Бірақ туған жер топырағына деген сағымданған сағыныш сейілген жоқ.
1992-ші жыл. Еліміз Тәуелсіздігін алып, басқару жүйесінде қайта құрылым басталды. Компартия келмеске кетіп, әкімият атты басқару жүйесі шаңырақ көтерді. Жоғарғы жақтың нұсқауымен Биғали Қаюпов Арал ауданы әкімі қызметіне тағайындалды. Биекеңнің ұсынысымен мен де көптен көкейімде жүрген туған жеріме келіп, аудан әкімі кеңесшісі қызметіне тағайындалдым.
Әлі есімде, сол жылдары басқару жүйелері толықтай өзгеріске еніп, жаңа құрылымдар жасақтала бастады. Яғни, партия басшылығы кезіндегі бөлімдер таратылып, басқа атауларды иеленген жаңа бөлімдер ашыла бастады. Еліміз өз тәуелсіздігін енді-енді алғандықтан тоқырау жылдары белең алды. Осы бір жылдардың өздеріңізге мәлім, ел-халықтың басына берген тоқпағы жайлы айтып уақыттарыңды алғым жоқ. Айтпағым, мекеме мен бөлімдер атауларының да өзгеріс алғаны жайлы болмақ.
Жоғарыда айтқандай, социалистік қоғам кезінде республикалық бас басылым «Социалистік Қазақстан» облыстық газет «Ленин жолы», республикалық жастар газеті «Лениншіл жас» атауларында болатын. Сондай-ақ, басқа да республикалық, облыстық, аудандық газет атауларында компартияның «мен мұндалап» тұратын.
Бір құптарлығы сол, жоғарғы жақтың нұсқауымен еліміз бойынша барлық газеттердің атаулары өзгеріске ене бастады. Бір ғана деректі айтайын. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті «Егеменді Қазақстан» атауын иеленсе, облыстық «Ленин жолы» газеті «Сыр бойы» атымен айшықталды. Сол жылы аймақтағы барлық аудандық газеттер атаулары да өзгеріске енсе, бір ғана Арал аудандық «Толқын» газеті өз атауын сақтап қалды. Бұл іс те оңайға соққан жоқ. Әлі есімде, күн құрғатпай әкімият табалдырығын аттайтын аудандық газет редакторы Сағынжан Ермағанбетов пен орынбасары Өмірбек Төлеповтер газеттің жаңа атауларын әкелумен сабылып жүретін.
Жасыратыны жоқ, газет атауын өзгертуге қатысты екі жақты пікір болды. Әлдебіреулер өзгерту қажет десе, ал енді біреулер өзгертудің қажеті жоқ деген ұсыныстарын айтты. Бұл пікірталасы теңіздің тартылуына байланысты болатын. Осы жерде өзімді дәріптеуден аулақпын. Десе де, айтайын. Газеттің атын өзгертуге қатысты мәселеге аудан әкімиятының тапсырысымен мен бас-көз болатынмын. Екіжақты талап-тілекті сарапқа сала келе, газет атауын өзгеріссіз қалдыру шешіміне келдік. Өйткені, Арал теңізі қайтып бара жатқанымен Алла жазса, ондаған жылдар жылжыған сәтте теңіз толқыны жағаны әлі-ақ ұрғылайды деген тоқтамға келіп, «Толқын» газетінің атауын сақтап қалдық. Айтқандай, Кіші Арал өмірге келіп, теңіз толқыны да жағаға жақындап келеді ғой. Еліміз бойынша өз атауынан айрылмаған жалғыз басылым «Толқын» газеті екенін мақтанышпен еске аламыз.
1996-шы жыл. Осы жылы аудан әкімі Биғали Қаюпов ҚР Парламентінің сенаторлығына сайланып, аудан әкімі қызметіне Баймырзаев Алашыбай келді. Алекеңе мың да бір рахмет, нөмірі бірінші өкімімен мені «Толқын» газетінің редакторы қызметіне тағайындады. Шамасы, менің қол үзген қаламгерлік кәсібіме қайта оралуды арман етіп жүргенімді білсе керек.
Жасыратыны жоқ, бұл жыл, жоғарыда айтқандай, тоқырау жылдары болатын. Ел-халық алты айлап еңбекақыларын ала алмай, тұрмыс тауқыметін тартып та жатты. Сол айтқандай-ақ, тұрғын үйге қоныс тепкен «Толқын» газетінің де жағдайы мәз емес. Оңдасын Бектұрғанов есімді азамат басқаратын жатаған үйдегі баспахана жағдайы да сын көтермейді. Екі мекеменің де қызметкерлері еңбекақыларын айлап ала алмай жүрген. Не істеу керек? Ойлана-толғана жүріп, редакция мен баспахананы бір шаңырақ астына біріктіру жөнінде шешімге келіп, аудан әкімдігіне ұсыныс жасадық. Абырой болғанда аудан әкімдігінен қолдау алынып, екі мекеме бас қосып, жаңа отау көтерді. Кең де келісті ғимаратқа қоныс аудардық.
Айта кетейін, қаржы тапшылығына қарамастан мекеме қызметкерлерін қысқарту деген атымен болған жоқ. Қайта газетті мазмұндандыру үшін қарымды қаламгерлер тарта бастадық. Сол жылы қаржы жетімсіздігіне байланысты аудандық радиохабарын тарату редакциясы таратылып, осындағы белгілі қаламгерлер Жұмабай Жақып пен Толыбай Абылаевтың жұмыссыз қалуына байланысты «Толқынға» қызметке алдық.
Шынымды айтар болсам, газет мазмұны мен безендірілуіне баса мән беріліп, түбегейлі өзгеріске енгіздік. Жаңа айдарлар, атап айтар болсам, «Толғақты мәселелер», «Кеше, бүгін, ертең», «Оқырмандар олжасы», «Аралдың айтқыштары», «Теңіз-ана келе жатыр», тағы басқа ондаған айдарларды өмірге әкеліп, жаңа оқырмандар қатарын көбейте түстік.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, газетті басқарған жылдары шаш-етектен атқарған шаруаларымызды санамалап айту әсте мүмкін емес. Уақыт да көтермейді. Ол – уақыт еншісінде. Өкініштісі сол, газетте бары-жоғы төрт жылға жуық қызмет істеген маған сол кездегі аудан әкімінің (есімін атамай-ақ қояйын) нұсқауымен қызметпен қош айтысуға мәжбүр болдым. Жасыратыны жоқ, осы бір кілтипаттың әсерінен 1,5 жылға жуық уақыт қызметсіз жүріп, отбасыма тұрмыс тауқыметін тарттырғаным да бар. Десе де, алдымен Аллаға, сосын толымды тәжірибе берген «Толқынға» айтар алғысым шексіз. Алланың берген сыйына жүгініп, алдымен республикалық «Заң» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне қадам бассам, кейіннен еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметіне келіп, республикалық деңгейдегі басылымдарда өз қолтаңбамды қалдырдым. Кейіннен облыстық «Сыр бойы» газетіне қызметке алынып, зейнет демалысына шықтым.
Сөз соңында айтарым, «Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп қолыма алғашқы болып қалам ұстатқан «Толқын» газетінің жылжыған жылдарын сағынышпен еске аламын. Өйткені, ағымдағы жылы 95 жастың табалдырығын аттап отырған «Толқынның» тарихы менің жүрегіме мәңгілікке жазылып қалған.
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Арал ауданының құрметті азаматы