Carpe diem. Қиялға қанат қақтырған ұстаз. Өлі ақындар қоғамы
Алғашында бұл фильм туралы кино тақырыбын жаны сүйетін бір досымнан естідім. Шамамен үш жыл бұрын. Шыны керек, фильмнің аты бастапқыда тартпады. Журналистика мамандығына енді оқуға түсейін деп жатқан кезім болуы керек. «Шығармашылық бағытты таңдағандар үшін көруге тұрарлық туынды» деп баға берді ол. Сол фильмді көрудің енді ғана сәті түсіпті. Кино көруге бөлген екі сағатым бекер кетпегенін ұқтым. Сөзсіз, мен көрген ең үздік кинотуындылардың бірі. Фильмде басты рөлдердің бірін ойнаған белгілі актер «Оскарға» да ұсынылған екен. Айтпағым, аталған фильм жайында қарапайым рецензия жазуға болады, бірақ кино желісінде тек талдаумен шектеліп қалуға болмайтын астарлы мән-мағына, философия, әлеуметтік мәселе жатыр.
«Өлі ақындар қоғамы» (ағылш. Dead Poets Society) – 1989 жылы жарық көрген америкалық драма жанрындағы фильм. Режиссері – Питер Уир. Басты рөлде – Робин Уильямс (Джон Китинг), сондай-ақ Роберт Шон Леонард (Нил Перри), Итан Хоук (Тодд Андерсон) сынды актерлер.
Фильм шыға салысымен бірнеше марапатқа ие болды. Дәлірек айтқанда, 1990 жылы «Үздік оригинал сценарий» аталымында «Оскар» жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар, «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актер» номинацияларында да «Оскарға» ұсынылған. BAFTA және «Алтын глобус» жүлделерінде де бірқатар номинацияның иегері атанды.
Оқиға 1959 жылы АҚШ-тың Вермонт штатындағы беделді, бірақ қатаң тәртіпті Уэлтон академиясында өтеді. Бұл мектептің басты қағидалары – дәстүр, тәртіп, абырой мен табыс. Жаңа оқу жылы басталғанда мектепке ағылшын әдебиетінен сабақ беретін жаңа мұғалім Джон Китинг келеді. Атап өту керек, Китинг те – аталған мектеп түлегі.
Китинг дәстүрлі әдістерден бас тартып, оқушыларды ой еркіндігіне, өмірге өз көзқарасымен қарауға үйрете бастайды. Ол оларды поэзия арқылы шабыттандырып, «Carpe Diem» – «Қазіргі сәтті пайдалан» деген ұранмен өмір сүруге шақырады.
Китингтің ықпалымен бір топ оқушы бұрынғы кездері мектеп түлектері, ішінде Китинг те болған «Өлі ақындар қоғамын» қайта құрып, әдебиет пен поэзияға қызығушылықтарын дамытады. Алайда еркіндік пен шығармашылыққа деген ұмтылыс олардың ата-аналары мен мектеп әкімшілігі тарапынан қарсылыққа тап болады. Нәтижесі қайғылы оқиғаға әкеп соғады.
Қорыта айтқанда, фильм жасөспірімдердің ішкі күйзелісі, ата-аналар мен білім жүйесінің қысымы және ұстаздың оқушы өміріне тигізетін ықпалы туралы ой салады.
«Өлі ақындар қоғамы» – бұл жай ғана мектеп пен мұғалім туралы емес. Бұл қатал жүйеге қарсы шыққан тұлғалық еркіндік драмасы іспеттес. Уэлтон академиясы – сырт көзге мінсіз мекеме. Үздік білім, темірдей тәртіп, болашаққа нақты бағдар. Бірақ сол тәртіптің артында оқушының еркіндігі емес, қорқыныш, көнбеушілік пен үнсіздік жатқанын не ұстаз, не ата-ана аңғармайды.
Фильмдегі атмосфера – суық әрі шектеулі. Мектеп ішіндегі сұр, қоңыр реңдер, қатал архитектура мен тәртіп – бұл оқшауланған әлемнің символы. Китинг сабақ берген сәттерде ғана кеңістік «жылынып», кадр ашыла түседі. Ал бұл – ой мен еркіндіктің символикалық көрінісі.
Камера көбіне кейіпкерлердің бет-жүзін, көзқарасын жақыннан түсіреді. Бұл ішкі күйзеліс пен өзгерістің психологиялық салмағын күшейтеді. Театр сахнасы, орман ішіндегі жиналыстар – символдық кеңістіктер.
Фильм утопия жанрына тән кеңістік құрады: барлығы тәртіппен өмір сүреді, бәрі бақылауда. Ал Джон Китингті сол жүйеге енген ішкі өзгеріс агенті, құтқарушы ретінде алып қарасақ болады. Ол ештеңені тікелей бұзбайды, бірақ оқушыларға өзгеше ойлауға мүмкіндік береді. Күнделікті биология, математика, химия секілді қиын пәндерді оқып, төртбұрышта қамалған оқушылар үшін жаңа ағылшын тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің тың методикасы қатты әсер етті.
Ал енді сол Китингтің кино кейіпкерлеріне психологиялық ықпалына баға беріп кетсек. Әрине, Джон Китингті революционер дей алмаймыз. Себебі, жалпы революция көбіне агрессия арқылы орнығатыны бесенеден белгілі. Бірақ оның жасаған әдісі – тың өзгеріс жасау. Ол әлем әдебиетіндегі көркем поэзияны оқыта отырып, балалардың ішіндегі жасырынған дауысты, шығармашылық қабілетті оятады. Китинг келгенше әркім өзінің қатып қалған рөлінде қалып қойған еді.
Мәселен, фильмнің протагонистерінің бірі Тодд Андерсон Китинг келмей тұрып ұялшақ, өзіне сенімсіз, ешқашан өзін көрсетуге тырыспаған бала-тұғын. Китингтің ерекше қолдауымен ол алғаш рет көпшілік алдында сөйлеуге, ішкі дүниесін ашуға батылдық табады. Қысқасын айтқанда, Китинг Андерсон болмысына тұлғалық серпіліс жасай білді.
Ал Нил Перри – фильмнің басты кейіпкері, дәрігер болуға әкесі мәжбүрлеген, бірақ өте шығармашыл, бала күнінен мектеп газеттеріне мақала жазып редакторлық еткен, пьесаны жаны сүйетін, болашақта актер болуды армандайтын жас. Китингтің әр сөзі оның ішіндегі армандарды оятуға түрткі болды. Тиісінше, ол жатақхана балалары арасында ең алғашқы «Өлі ақындар қоғамын» ашуға идея тастаушы ретінде есте қалды. Алайда, отбасылық қысым Нилдің жоспарына түбегейлі қарсы шықты, сәйкесінше, арты трагедияға, өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқты.
Сондай-ақ, Нокс Оверстрит, Чарли Далтон секілді екінші санаттағы кейіпкерлер, Тодд пен Нилдің сыныптастары – әрқайсысы ішкі еркіндігін іздеген бала. Олардың да тағдырлары шамалас. Олар мектеп ережесіне қарсы шыққан алғашқы қадамдарын жасағандарымен, оның арты ауыр жауапкершілікке ұласады.
Китинг ешкімге ашық түрде қарсы шығуға үгіттемейді. Бірақ ол жеке таңдау жасауға құқық бар екенін үйретеді. Бұл – Уэлтон сияқты орта үшін қауіпті идея.
«Өлі ақындар қоғамы» – тұлғалық еркіндік пен жүйелік қысымның арасындағы соғысты бейнелейтін фильм. Мұндағы Джон Китинг – мұғалім ғана емес, өмірлік бағыт беруші. Ол балаларға таңдау еркіндігін сыйлайды. Бірақ сол еркіндік – қауіп пен жауапкершілікке толы.
Фильм бір ғана мектеп туралы емес, ол ата-ана мен бала, ұстаз бен жүйе, қоғам мен арман арасындағы қақтығысты ашады.
«Өлі ақындар қоғамындағы» Нил Перридің трагедиясы – бұл көркем шығармадағы көрініс қана емес. Бұл – өмірден алынған, әлі де қайталанып жатқан шындық. Әке сөзі – заң. Ана үнсіз. Бала болса – «тек орындаушы». Мұндай отбасында жеке тұлға ретінде қалыптасу емес, бағыну маңыздырақ. Ал арман мен ішкі дауыс ата-ана үшін «жұрт секілді» адам болу үшін кедергі ғана.
Нил Перри – дарынды, өмірге құштар, актер болуды армандайтын бозбала. Алайда оның арманы әкесінің жоспарына сай келмейді. Әкесі Нилге оның рұқсатынсыз-ақ болашағын белгілеп қойған. Медицина, тәртіп, бағыну. Қалғаны тіпті талқыланбайды да. Нилдің актерлікке құштарлығы ашылған сәттен бастап, ол ішкі қақтығысқа тап болады. Бір жағында – өзін табуға ұмтылған рух, екінші жағында – қысым мен қорқыныш.
Фильмде бұл қақтығыс шарықтау шегіне жеткенде Нил жалғыз қалғанды жөн көреді. Күллі арман-мақсатымен әрі қиялымен… Әкесімен болған күрделі диалогтан соң, театрда ойнаған рөлі үшін «Анашым, мен расында өте жақсы ойнадым ғой, бәрі маған қошемет көрсетті ғой» деген сөзіне анасы тарапынан еш мақтау естімеген шарасыз Нил өз-өзіне қол жұмсауға бекінді. Оның ата-анасымен сөйлесуге де, өз таңдауын қорғауға да мүмкіндігі жоқ. Нәтижесінде – қайғылы шешім, өз-өзіне қол салу. Бұл – тек бір кейіпкердің трагедиясы емес. Бұл – жүйенің, отбасылық биліктің салдары.
Нилдің трагедиясы бүгінгі қоғамда, әсіресе Қазақстанда көптеп кездеседі десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан күрделі. Ақпарат заманы, бәсеке, қауіп-қатерлер… Иә, әрине, ата-ана қам жейді. Бірақ сол қамқорлық шексіз бақылауға, қысымға, эмоциялық манипуляцияға айналған сәтте, бұл махаббат емес, үстемдік болатынын ескермей қалып жатады…
Қазақстанда, әсіресе отбасылық иерархия қатты сақталған ортада, жасөспірімдер жиі өз мамандығын таңдай алмайды, бойындағы кей талантын, арманын жасыруға мәжбүр. Сондай-ақ, өзін «үйінің үміті» санап, мәңгі ішкі қысыммен өмір сүреді. Ал бұл ата-анаға деген махабатты үдетпейтіні анық. Керісінше байланыстың көп жағдайда үзілуіне әкелетіні бәрімізге аян.
Психологтар мұны эмоциялық зорлықтың бір түрі ретінде сипаттайды. «Біз сені жақсы көреміз» деген сөздердің артында кейде «біз сені бақылап отырамыз» деген астар жатады. Әке мен шеше тарапынан психологиялық-тұлғалық қысым көрген бала әдетте не шынайы, өзі қалаған нақты таңдау жасай алмайды. Ол тек мамандыққа емес, болашақ жар таңдау, тағы басқа әлеуметтік сауат сыналар тұста қиналуына ықпал етеді. Өмір тек бір рет келеді. Оны қателіксіз өткізу – далбасаға тең. Психологиялық қысымның кесірінен бала қателік жасаудан да қорқады, сәйкесінше «өзін», өзіндік «менін» жоғалтады. Ал оның арты неге әкеледі? Депрессия мен мазасыздық болса, мейлі, жарасы жеңіл делік. Дегенмен, кейбірі Нил секілді суицидке бой алдырып жатады. Ал фильмнің басты кейіпкері – бұл типтегі балалардың прототипі әрі жанайқайы.
Қорытындылай келе, Нил Перридің образы – осы көріністердің көркем кодтағы символы. Ол өзіне қол жұмсайды, өйткені әлемде оның үніне құлақ асатын ешкім жоқ деп сенеді. Бұл әр қоғам үшін қасірет екенін ұққанымыз жөн.
Қазіргі таңда мұндай отбасылар аз емес. Біз «жақсы болсын» деп баламызды асыра қинап жатамыз. Олардың орнында Нилдер бар. Олардың армандары да, түйсігі де бар. Бірақ біз көбіне тыңдамаймыз. Ата-аналар арасында кең тараған «мен сен үшін бәрін жасап жатырмын» деген сөздің өзі – манипуляцияның жұмсақ формасы.
Нилдің қазасы – ескерту. Бұл – көркем туындыдағы трагедия емес, қоғамдағы шынайы қауіптің көрінісі. Өмірдің өзі дәл осындай үнсіздікпен аяқталуы мүмкін. Егер ата-ана баламен сөйлесуді емес, шешім қабылдауды жалғастыра берсе…
Балаға таңдау еркіндігін беру – әлсіздік емес. Бұл – сенімнің ең биік формасы. «Өлі ақындар қоғамы» бізге ата-ана болудың міндеті тек бағып-қағу емес, тұлғалық еркіндікке жол ашу екенін ұқтырады.
Біз фильмнің тек бір қырын аша алдық. Ал оның екінші қырын басқаша елестеттім. Мұндағы мектеп қарапайым мемлекеттің символизмдік түрі сияқты. «Өлі ақындар қоғамы» жасөспірім психологиясы туралы фильм ғана емес. Бұл – жүйе мен адам еркіндігі арасындағы күрес, билік пен болмыс, дәстүр мен даралықтың соқтығысы. Уэлтон академиясы – жай мектеп емес, тәртіпке негізделген миниатюралық мемлекет. Бұл мемлекетте ұран бар, иерархия бар, және ең бастысы, режим бар деген тұжырымға келдік. Енді тұжырымымызға нақты мысалдар келтіре кетейік.
Уэлтон академиясының төрт ұраны – «Тәрбие. Дәстүр. Жетістік. Құрмет», бұл білім беру мекемесінің ғана емес, бүкіл авторитарлық қоғамның ұраны іспетті. Мұнда мұғалім – бұйырушы, әке – шешім шығарушы, ал бала – бар болғаны оны қабылдаушы, көнімпаздықпен қараушы халық.
Бәрі алдын ала жазылған сценариймен жүреді. Армандар — артық. Сұрақ қою – бүлік. Өзгеріс – қауіп. Бәрі авторитарлы әрі тоталитарлы мемлекет жүйесіндей. Бұл жүйе сырттай мінсіз көрінеді. Бірақ ішкі құрылымы – үнсіздікке құрылған диктатура.
Джон Китинг – бұл жүйеге қарсы шыққан «ішкі революционер». Ол жүйені қирата алмайды, бірақ жүйе ішіндегі ойлау еркіндігін оятады. Оның әдісі – парадигманы бұзу. Ал оның істеген әр әрекетінде терең мән жатыр. Партаның үстіне шығу – шындықты басқа ракурстан көру, өлең оқу арқылы сабақ өтуі – эмоциямен ойлауға үйрету, ал оқушыларға қиын сұрақ қоюы – ережеге қарсы шығу, критикалық тұрғыда ойлауға бейімдеу.
Бұл – жай әдіс емес. Бұл – утопияның шағын моделіне айналған класс. Китинг аудиториясы – адам еркіндігі мен өз «менін» тануға жол ашатын алаң. Бірақ әдеттегідей утопияның жасы қысқа болады…
Ал шынында фильмде жүйе жеңді ме? Солай сияқты. Өйткені жүйенің тірегі – қорқыныш. Ол балаға да, ата-анаға да әсер етеді. Әкелер – беделді, мұғалімдер – бақылаушы, директор – сот. Китингтің бастамасы баланың рухын ашса да, ұзақмерзімді қорғанысы жоқ. Бірінші шайқаста-ақ жүйе Нил Перриді құрбан етеді. Кейінірек Китингтің өзін де аластайды.
Фильм трагедиямен аяқталады. Бірақ бұл трагедия — шығармашылық ой мен билікке бас июдің шекарасы қайда екенін сұрайды.
Жүйе мен еркіндік арасындағы тартыс – адамзат тарихының мәңгілік драмасы. «Өлі ақындар қоғамы» осы тартысты жасөспірім тағдыры арқылы шебер өрнектейді. Бұл фильм – бір ғана мектеп оқиғасы емес, бұл – болмысты таңдау хақындағы күрделі философиялық дилемма. Уэлтон академиясы – тәртіп пен жетістікке құрылған кербез құрылым. Бірақ оның іргетасы – эмоцияны тұншықтыру, шығармашылықты елемеу, ал шын мәнінде – адамды «реттеу». Китинг бұл шеңберді бұзғысы келді. Ол өз шәкірттеріне ойлауды, сезінуді, өз жолын іздеуді үйретті. Бірақ бұл азаттық ұзаққа созылмады. Нил Перридің өлімі – жүйенің қылышынан қан тамған кезекті жеңісі. Дегенмен, Китинг сөндірген жоқ. Ол тұтатқан шырақ өзге жүректерге жетті.
Бұл – Эмиль Золяның «Ж’accuse» атты әйгілі мақаласындай, белгілі бір жүйеге қарсы шыққан адамның үні. Немесе Альбер Камюдің «Бөтені» секілді, бұл фильм де қоғамнан алыстау арқылы оның мәнсіз заңдылықтарын әшкерелейді. Жазмышқа бас ию мен тағдырды өз қолына алу арасындағы шекара, әр кейіпкердің ішкі алаңында өтетін күрес. Осы тұрғыда Джон Китинг – ұстаз ғана емес, Сократтың ізін жалғаушы, сұрақ қойып ойлануға итермелейтін рухани бағыттаушы кейпінде. Бірақ Сократ та сотталды. Китинг те қуылды. Себебі шындық айтылғанда, жүйе дірілдейді.
Бүгінгі қоғамда да ата-ана билігі мен бала еркіндігі арасындағы тепе-теңдік әлі табылған жоқ. Жасөспірімнің қалауы елеусіз. Оның ішкі әлемі тыңдалған емес. Нилдің трагедиясы мыңдаған жас баланың ішкі аласапыранын бейнелейді. Сол себепті фильмнен кейін көкейде бір сұрақ қалады: біз өз балаларымызға болашағын өз қолымен құруға мүмкіндік беріп отырмыз ба, әлде өз армандарымызды олардың иығына жүктеп қойдық па?
«Өлі ақындар қоғамы» – жүйені мүлде жоюды емес, адамды оның ішіндегі ең асыл қасиеттерімен – сөзбен, оймен, сезіммен қайта тірілтуді ұсынады. Китинг шәкірттерін өлең арқылы оятты. Бұл – поэзияның, әдебиеттің, өнердің ұлы миссиясы. Ол адамды түртеді, оятады, сұраққа батырады. Осы тұрғыда фильм – публицистикалық манифест.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Сурет ашық дереккөзден алынды.