Өмір өткелі ұрпаққа үлгі

Армия қатарында қалған аға сержант кеңсе аға Хатшысы қызметін атқарған. 1949 жылы әскер қатарынан босатылып, запасқа қалдырылды. Осы жылы Балқияш Сембекқызымен бас қосты.
1950 жылы «Аралсульфат» комбинатына жоспар-экономика бөлімінің бастығы болып қызметке тұрды. 1976 жылы денсаулығының нашарлығына байланысты қызметін тоқтатты.
Үргенішбай Жармағамбетов өте сауатты адам. Москваның Бүкілодақтық индустриалды техникумын үздік бітірген. Комбинатта жоспар-экономика бөлім бастығы болып қызмет атқарғанда Қазақ тамақ өнеркәсіп Министрлігі номенклатурасында бас маман болып есептелді. Бірнеше мәрте Москваға барып баға комитетіне комбинаттан шығатын тұз өнімінің бағасына жоба тапсырып, соған сәйкес прейскурант шықты. Баға өсіп, еңбекшілердің жалақысы өсті, әлеуметтік жағдайлары жақсарды. Мемлекеттік қорға салықтан қомақты қаржы түсіп жатты.
Соғыс, еңбек ардагері Үргенішбай Жармағамбетов пен Балқияштан 8 бала, 4 қыз, 4 ұл жоғарғы білім алған жандар. Ұл ұяда, қыз қияда демекші, немере-шөберелі үлкен отбасы. Қара шаңырақтың иесі, ардагердің ұлы Шынтас жары Үміт екеуі бала-шағаларымен отбасын жайнатып отыр. Екеуі де жоғары білімді. Шынтас комбинатта инженер болып кейін ішкі істер бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. Шені – майор.
Үргенішбай Жармағамбетов 1978 жылы өмірден озды. Соғыстағы, еңбектегі өмір өткелі кейінгі ұрпаққа үлгі. Әсіресе еңбексүйгіштікке, Отан қорғаудағы тәрбиеге негіз болады.
Қойбағар АЯҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі