Ардагерлер алдыңғы сапта


Германиядағы Кеңес жауынгерлері мен офицерлерінің алдына қойылған міндет - басып алған аймақты басқару және осы бейбіт өмірге қайтару тұрған. Сонымен қатар КСРО-ның батыс шекарасын сыртқы қауіп-қатерден қорғау және жаудың соққысын талқандау міндеті болған стратегиялық маңызды бөлімше еді. Сондықтан да бұл аса жауапты әскери қызмет еді. Алғашқы жылдарда топ фашистік шабуылдың зардаптарын жою үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған әскери-әкімшілік шараларды жүзеге асырды. Топтың жеке зауыттары, инфроқұрылымдық нысандары, офицерлер мектептері, пионерлер лагерлері, санаторийлер, сауда желісі, теледидар орталықтары, тұрмыстық қызмет көрсету кешендері - әр гарнизондар болды. 1984 жылдан 1992 жылға дейін күштер тобы батыс бағытының жоғары қолбасшылығына бағынды. Әскер тобында 777 әскери қалашықта 36290 ғимарат пен құрылыс болды. Әскери топтардың Германия мемлекетінен түпкілікті шығарылғанына биыл 30 жыл толды.
Сол кездері Еуропа аумағындағы социалистік елдерде әскери борышын өтеген қазақстандық офицерлер мен жауынгерлер үлкен әскери-кәсіби мектептен өткен еді. Олар кейін тәуелсіз Қазақстанның әскери бөлімшелерінде, басқа да бейбіт өмір салаларында еңбек етті. Мемлекетіміздің түрлі қоғамдық жұмыстарына, патриотты-әскери тәрбие саласында өзіндік үлкен орындары бар ардақты азаматтарға айналды.
Сондықтан да 2024 жылы 13 тамызда Қазақстанда, Түркістан облысы аумағында "Германиядағы Кеңес оккупациялық әскерінің тобы, әскердің батыс тобы" Ардагерлері (қысқаша ГКӘТ, ӘБТ) қоғамдық бірлестігінің республикамыздың аумағында тұңғыш рет ресми мемлекеттік тіркеуден өткізіп, заңды тұлға мәртебесін алып, өз жұмысын бастады. Ұзамай еліміздің облыстарында елеулі іс-шаралар атқарып келеді. Жалпы ардагерлер бірлестігін құрағандағы негізгі мақсат - азаматтар арасында, мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен ұйымдарда жас өскелең ұрпақ алында ұлттық рух пен патриотизмді және аталарымыз бен ағаларымыз жүріп өткен ерлік дәстүрлерді, бейбітшілікті насихаттау. Содан да бұл жұмыстар мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып келе жатыр.
Қазір қанатын кеңге жайған ұйым орта мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында әкімшіліктерімен өзара келісім жасай отырып, жоғары сынып оқушылары арасындағы әскери-патриоттық тақырыпта өткізілген кездесулерге белсене қатысып жүр. Отанымызды - Тәуелсіз Қазақстанды қорғау әрбір жастың ең қасиетті борышы екенін ұғындыру жолында жұмыстар атқарып келеді.

Қазір өзіміздің Арал ауданында шетелдерде әскери борышын өтеген жүздеген азамат тұрады. Осы ардагерлердің басын құрап аудандық "ГСВГ-ГВВД" қоғамдық бірлестігін құрып отыр. Оның құрамында 25 азамат бар. Бұл әрине негізгі белсенді топ, басқа да тілеулестер жетерлік. Интернационалист-жауынгерлердің ақсақалы - белгілі азамат Аманжол Жолмағанбетұлы десек болар. Өңірімізде ұзақ жылдар ұстаз болған қарт бүгінде де әр алуан шаралардың басында жүреді. Одан кейінгі үлкендердің санатындағы Лайық Киімбаев, Мырзабай Меңдалиев, Мырзагелді Есенов, Нұржан Қуанышбаев, Әбдіжәми Имағанбетов, Жаңабай Қаныбетов бастаған кейінгі буын тәрбиелік жұмыстарды жандандыруда.
Өңірімізде қоғамдық бірлестік құрылғанда төраға болып Тілектес Сұлтанов сайланған. Ол денсаулық саласының үздігі. Ұйымның алғашқы қалыптасу кезінде көп еңбек сіңірді. Ардагер жауынгерлердің көпшілік шараларға қатысуын жолға қойды. Одан кейінгі жылдары ұйымның төрағасы Бағылан Алденов, Сұлтан Елубаевтар болып ұйым беделін көтеру мақсатында елеулі қызметтер атқарды.
Қазір Арал ауданы бойынша "Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы мен Варшава келісім шарты әскерлерінің тобы" Ардагерлері республикалық бірлестігі бөлімінің төрағасы Айжарық Өксікбаев болса, орынбасарлары Толыбек Бекбосынов, Еділ Сарбөпеевтер әскер-патриоттық жұмыстарды лайықты жалғастыруда.
Биылдың өзінде ұйым мүшелерінің атқарған істерін ауыз толтырып айтуға болады. Ақпан айында Ауғанстаннан кеңес әскерилерінің шығарылуына 15 жыл болуына орай Ауған соғысы ардагерлерімен бірлесе отырып, қоғамдық орындар, мектептерде шаралар өтті. Сәуір айында республикалық қоғамдық бірлестік төрағасы Б.Тастановтың үндеуіне байланысты еліміздің батыс облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға материалдық көмек беруге үлес қосты. Сондай-ақ қаламыздағы №83 орта мектептің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесіп, Отан қорғау әр азаматтың парызы екендігін ұғындырды. Биығы жылы ақпанда №64 орта мектепте өткен "Алғашқы әскери және технология" пәндері мұғалімдері арасында көпсайыстан болған жарыста аудандық ГСВГ/ГВВД ардагерлері қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А.Өксікбаев арнайы кубок және қоғамдық бірлестік дипломдармен озып шыққан мұғалімдерді марапаттады.
Ал жақында Арал қаласында Ауған соғысы ардагерлері, қаһарман жерлестеріміз А.Мұстафаев пен Б.Сүлейменовті еске алуға арналған іс-шараға бұл ұйымның мүшелері белсене қатысып, стол теннисінен өткен жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздарды марапаттады. Бұдан да басқа ондаған шаралар өткізуі ұйым жұмысының нәтижелігін көрсетіп келеді.
Ел қорғаны болған азаматтар алға қойған мақсаттары жолында әрқашан игі істер атқарып, болашақтың батыл да намысты, отаншыл ұландарын ел тынышығының, бейбітшіліктің сенімді күзетшісі ретінде көргілері келеді.
– Біз әрқашан жастардың алдындамыз. Қай кезеңде, қай елде әскери барышымызды атқарсақ та, артымызда қалың қазақ елі, өз отанымыз тұрғанын сезіндік. Қазір уақыт өзгерді. Ел Тәуелсіздігінің тұғыры жыл өткен сайын нығайып келеді. Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтан өз орнын алды. Өзінің мықты Қарулы күштері бар. Бұл – біздің мақтанышымыз. Ұрпақтар алмасады, ал елдік туымыз, көк байрағымыз мәңгілік желбіреп тұра береді,-дейді интернационалист ардагерлердің бірі Тілектес Сұлтанов.
Келер жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл болады. Сол жылдан бастап фашизмнің туы қайта көтерілмесін деп құрылған әскери күштердің Германиядағы және азат етілген елдердегі топтарының да бейбіт күн күзетінде тұрғанына сонша жыл толды. "Ел намысы - ер намысы" дегендей, бейбітшіліктің даңғыл жолын сақтау үлес қосқан ардагерлер болашақта да ел мүддесі, ұрпақ ұлағаты жолында азаматтық жүгін көтере бермек.
Ерғали АБДУЛЛА