Жанарыма жан бітірген Жантемір

Сонымен мамыр айының ортасында порталда көрсетілген мезгілінде облыстық медицина орталығының офтальмология бөліміне ем-дом алуға қабылдандым. Ертеңіне дәрігердің қабылдауында болдым. Сырттай болса да осы бөлімде аралдық Жантемір есімді дәрігер қызмет етеді дегенді естуші едім. Дәрігердің жылы амандасуы, хал-жағдайды сұрауы емге шипа бергендей. "Аға, таңертеңгі тамаққа бармаңыз, аш қарында көзіңізге ота жасаймын" деді. Шығып бара жатып, дәрігерді көрсетіп, "Жантемір ме?" деп сұраған едім, "иә" деп жауап берді медбике.
–"Қарағым-ау, Аралдың топырағының исі шығып тұр ғой" дегенімде, қайта қолымнан алып амандасты. Жерлесің бе, туысың ба дәрігер үшін науқас адамдардың бәріне бірдей қызмет ететіні айқын нәрсе.
Жантемірдің әкесі Мырзабек ветеринария саласының білгірі болатын. Ол анасы Мария ұстаздардың ұстазы атанған әріптесім ретінде жақсы білемін.
Сонымен ота жасайтын бөлмеге де жеттік. Жантемір балам, жақсы боласыз дегендей ишарат білдірді. Ота жасалып болған соң көзге күтім жасау шараларын түсіндіріп жатты.
Атақты ғұлама Ибн Сина: "Дәрігер үш нәрсемен қарулануы қажет: біріншісі – жылы сөзі, екіншісі – қырағы көзі, үшіншісі – қолы жұмсақ болуы керек" деген ғұламаның қасиетті сөздері Жантемір Мырзабекұлына қаратып айтылғандай әсер қалдырды. Гүлмира Жаппарқызы бастаған медбикелердің қызметіне дән риза болдық. Жүрекке жылы тиетін сөздерімен, барлық емдерді уақытылы жасап жүрген жайсаң жандар. Ал тазалық бірінші кезекте, асханадағы тамақтың құнарлығы, сапасымен қатар аспазшылардың шынайы ықыласы емімізге дауа бергендей. Сол үшін де бөлімнің барлық адал, мінсіз қызметкерлеріне ризашылық білдіреміз.
Ертеде бір данагөйден: "Дүниеде кім бақытты? деп сұраса, ол дүниеде көп адамды бақытты еткен адам бақытты" деп жауап беріпті. Сол данагөй айтқандай, облыстық түкпір-түкпірінен келіп жатқан қаншама адамдардың жанарына жан бітіріп, қуанышқа бөлеп, бақытты еткен Жантемір баламыз нағыз бақытты азамат деуге әбден лайық.
Белгілі данагөй А.В. Вишневский: "Тағдыр бізге скальпельді әдемі және тез жұмыс істеу үшін емес, адамдарды бақытсыздықтан (бәледен) құтқару үшін берді" деген екен. Сол айтқандай, скальпельдердің адамдарды бақытты етуі үшін түзі өзіне зор денсаулық тілеп, халықтың көз жанарына жан бітіре бер деген аталық тілегімді жеткізгім келеді.
А. ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
Фото: автордан